Подписывайтесь на канал Tengrinews.kz в WhatsApp
26 сентября 2018 16:08

Англияда білім алған көпбалалы ана шетелдегі өмір мен оқу жайлы айтып берді

Сандуғаш Сұлтан Корреспондент

ПОДЕЛИТЬСЯ

Англияда білім алған көпбалалы ана шетелдегі өмір мен оқыту жүйесі туралы айтып берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.


Англияда білім алған көпбалалы ана шетелдегі өмір мен оқыту жүйесі туралы айтып берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Жадыра Жұмакүлбай 2016 жылы "Болашақ" бағдарламасымен Англиядағы Лестер университетіне оқуға түскен. Ол - төрт баланың анасы. Жолдасымен және төрт баласымен шетел асып, білім алып келген ол шетелдегі өмір мен білім беру саласы туралы айтып берді.

Шетелде оқыту анамның арманы болатын...

Анам марқұм, мектепте оқып жүрген шағымда, теледидардан "Болашақ" туралы естісе, "осы бағдарламамен шетелде оқып, көкжиектеріңді кеңейтіп келсеңдер ғой" деп інім екеумізге арманын айтып отыратын. Анамның арманы отбасылы, төрт балалы болған соң орындалды. Жолдасым да қолдау білдірді. Тұрмысқа шыққанға дейін қытай тілін оқып жүрдім, қытай тіліне қатты ғашық болдым. Үшінші балам дүниеге келген соң Қытайдың Бейжің Мәдениет және тіл универсиетінінің грантын ұтып алдым. Баламның әлі кішкентай екенін айтып, министрліктен оқуымды келесі жылға жылжытуын сұрадым, рұқсат бермеді. Грант солай күйіп кетті.

Екі жылдан соң "Болашаққа" тапсырмаққа бел будым. Жолдасым IELTS тапсыруыма бір ғана мүмкіндік берді. Бір ай бойы оқытушымен дайындалып, қажетті балды жинадым. Осылайша төрт баламен "Болашақ" стипендиаты атандым. Төрт баламен оқуыма күмәнмен қарағандар көп болды. Бала-шағаң бола тұра, оларды тастап кетіп оқу ақылға сыймайды. Біріншіден, оларды қалдырып кету психологиясына әсер етсе, екіншіден, өзіңнің де қам көңіл-күймен сабақты дұрыс оқуға зауқың соқпайды. Бала шетелде сабақ оқуға бөгет болады деген сөз бекер, бала - мотивация. Біз Англияның оңтүстік шығысындағы Лестер деген қалада тұрдық.

Шетелдегі білімнің артықшылығы көп

Шетелде оқудың артықшылығы жетіп артылады. Біріншіден, дүниетаным кеңейеді. Әр елдің мәдениеті мен өмір сүру салтын салыстыра бастайсың. Дамыған және дамушы елдің де арасы жер мен көктей. Екіншіден, Батыстың білім беру жүйесі мүлде бөлек.

Бізде де кредиттік жүйемен оқытылады, бірақ әлі алшақтық көп. Жоғары оқу орындарындағы кәсібилік, нақтылық пен әділдікке тәнті болмай қоймайсың. Сынақтан шын оқитын адам ғана өтеді. Әкем-көкем, тамыр-таныс, ақшаға диплом жаздырту, оқытушымен келісу деген мүлде жоқ. 

Мектептерінің білім беру жүйесіне тәнті болдым

Англияда балаларды мектепке беруіме тура келді, мектептердің өзі - бір ғанибет. Баланы сабақтан жиіркендіріп, қашырмайды. Өздеріне қызықтыра біледі. Сабақтары ойын түрінде өтеді. Артық-ауыс сабақ жоқ. Бастауыш сыныптарда бар-жоғы төрт сабақ. Математика, ағылшын тілі, жаратылыстану мен дене шынықтыру. Тек өмір сүруге қажетті дүниелерді ғана оқытады. Киімге де мән бермейді. Балабақша, мектеп, басқа да мәдени, ойын-сауық орталығын жарқыратып, жалтыратып, қымбат жиһазға толтырмайды.

Әр азамат құнды

Ағылшындар рухани құндылыққа, адами құндылыққа жоғары мән береді. Олардың әр азаматы бәрінен құнды. Оның бостандығы, оқуы, тіпті жұмыс істесе де олардың азаматы ең жоғары жалақы алады, шетелдік емес. Шетелдік азамат бизнес ашса да, кемі екі ағылшын азаматын жұмыспен қамтып, төменгі күнкөріс жалақасымен емес, жоғары көлемді жалақы төлеуі керек. Бұл ел өз азаматтарының жағдайын толықтай жасап қойған, тіпті ең төменгі жалақыға да еш қиналмай өмір сүре аласың.

Шетелде білім алу өзіңді құрметтеуге де үйретеді

Шетелде білім алу арқылы өзіңді-өзің құрметтеуді үйренесің. Бұл елде бес күн жұмыстан соң, сағат 17.00-ден бастап дүйсенбіге дейін демалыс. Олар өзге елге, табиғатқа, саябаққа қыдыру сияқты жан рахатына жоспар құрғанды жақсы көреді, жан тыныштығын бағалайды. Балаларын театр, мұражайға апарады. Балаға бала деп қарамай, барлығын түсіндіріп, асыр сап саябақта бірге ойнайды.

Кітап оқуға машықтандырады

Шетелде оқу кітап оқуға машықтандырады. Бізде көркем әдебиет оқу үрдісі үзіліп қалды деп зар жылаймыз. Барлығы мектеп бағдарламасынан. Сабақ ауыр болса, үйге өте көп тапсырма берілсе, кітапты қашан оқиды? Англияда балаға әңгіме оқытып, мазмұндатып, өз әңгімесін жазуға ғана басымдық беріледі. Мысалы, үлкен қызым ол жақтың жүйесі бойынша 3-сынып оқыды. Үш айдан кейін ағылшынша сөйлеп кетті. Күнде ағылшын тілінде әңгіме жазып, кітап оқумен болды. 

Қазақстанның артықшылығын байқадым

Қазақстанның білім беру жүйесінің бір артықшылығы - бізде математика жақсы дамыған. BBCnews-тың бір сараптамасынан оқып қалғаным, Қазақстан мектептегі математика пәнін оқытудан дүниежүзінде 10-орында тұрды. Бұл - керемет жетістік. Ал кітап оқудан Англия алғашқы ондықта.


Суреттер Жадыра Жұмакүлбайдың жеке мұрағатынан алынды.

Сабақтан қалсаң айыппұл төлейсің

Англияда әр адам, әр қызмет орны заңға берік. Заңды бұзуды өздерінің ұяттарына сын санайды, саналарына сіңіп қалған, ешқашан бұзбайды. Осы дүние маған қатты ұнады. Жүйесіздік жоқ. Кезек күтудің өзі - ғаламат мәдениет. Мен бір қызық оқиғаны айтайын. Қысқы қаникулға Қазақстанға екі аптаға кететін болдық. Сабақ мектепте 9 қаңтар басталады, ал біз 14-і келмекшіміз.

Демалыс болды ма, мектепте ешкім жоқ, ескертетін адам таппадық, мектеп жабық. Мектептің әкімшілігіне электронды хат жолдадым. Жағдайды түсіндірдім де, жолға шығып кеттік. Келген соң екі айдан кейін үйге қалалық әкімшіліктен жолдасым екеуіміздің атымызға айыппұл келіп тұр. Бала сабақтан қалғаны үшін. Оны көріп аң-таңмын. О заман да, бұ заман, сабақтан қалғанға айыппұл төлеуші ме еді деп. Дереу мектепке бардым. Олар әкімшіліктен білді. Бір ай бұрын ескерту хат жолданыпты. Алайда мен оны алғам жоқ. Мектеп арнайы комиссия құрып, менің алдыңғы жазған электронды хатымды дәлел ретінде пайдаланып, әкімшілікке біздің кінәсіз екенімізді дәлелдеп, 2-3 күнде әкімшіліктен айыппұлдан босатылғанымыз жөнінде хат алдым.

Дәлелі болса адамның өзін-өзі қорғай алатынына, олардың жазықсыз адамға жала жабуға құмар еместігіне, әділдікке көзі жетсе жандарын салатындығына көзіміз жетті. Әйтпесе, айыппұл екі айдың ішінде өсімақысымен біршама өсіп кеткен. Бір балаға бір күнге 60 фунт. 

Шетел асқандар жайлы ойым бөтен еді...

Шетелде тұрып, ол жақтағы өмірдің дәмін татқан адам жоғары мәдениет, заңға бағынушылық, адамның өмір сүруі үшін жасалған жағдайды көріп, қайтқысы келмей қалады. Ол заңды. Шетел асып кеткендерді бұрындары сатқын деп жазғырушы едім, бүгінде олардың жағдайын түсіндім. Өз елінде опа таппай, өзге елде өзін адам сезінген, "ақша-ақша" деп санасын күйбең тірлікпен уламай, тыныш өмір сүрген адам неге қайтқысы келсін? Оларды даттап керек емес. Елдің санасын өсіру керек. Ол мемлекетке де байланысты, халықтың жағдайын жасау, жағдай туғызу деген. Бірақ сананың төмен-жоғарылығы, мәдениетсіздік, қарапайым адами факторлар, бірін-бірі сыйлаушылық адамның жеке басының шаруасы.

Әр адам өзін жеке индивид ретінде дамуына алаңдамаса, ата-ана балаға дұрыс тәрбие беріп, жолға салмаса, бәрі бекершілік. Абай айтқан толық адам қағидасы әлі орындалған жоқ. Әлеуметтік жағдайды емес, рухани баюды ойласақ қана, сол биіктен табылмақпыз. Шетелге жастар шықсын, оқысын, танысын, салыстырсын. Одан кем болмаймыз.

Еуропа қалай десек те ерекше мәдениетімен, орта ғасырлардағы жәдігерлерімен өркениеттің озық үлгісін бүкіл әлемге паш етіп, өзіне тәнті етіп тұр. Тіпті біздің заманымызға дейінгі өркениеттің болғаны, мұражайда сақталғаны, әлемдік сурет, бейнелеу, мүсін, әдебиет өнерінен-ақ олардан үйренеріміз көп екенін білуге болады. "Өнерді үйрен де, жирен" демей ме халық даналығы. Абай айтпақшы, білім мен мансап бізге "бос мақтанға салынып, бекер көкірек керуге" керек емес, "пайда ойламай, ар ойлап, артық білуге талап қылуға" керек.

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 446.44   490.7   4.77 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети