10 октября 2018 | 17:15

"Әр баланың несібесі бар" - Дүниеге он ұл әкелген батыр ана

Сандуғаш Сұлтан Корреспондент
Зүбайра Нұржаева балаларымен.

Шымкент қаласында Зүбайра Нұржаева апамыз тұрады. Бұл Батыр ана он құрсақ көтеріп, он ұл баланы дүниеге әкелген асыл жан. Жақында оныншы ұлын үйлендірген алтын құрсақ анамыз өзінің өмірі жайлы, ұлдары мен келіндері жайлы Tengrinews.kz тілшісіне әңгімелеп берді.

ПОДЕЛИТЬСЯ
Иконка комментария блок соц сети

Шымкент қаласында Зүбайра Нұржаева апамыз тұрады. Бұл Батыр ана он құрсақ көтеріп, он ұл баланы дүниеге әкелген асыл жан. Жақында оныншы ұлын үйлендірген алтын құрсақ анамыз өзінің өмірі жайлы, ұлдары мен келіндері жайлы Tengrinews.kz тілшісіне әңгімелеп берді.

Зүбайра Нұржаева 1946 жылы 15 қарашада дүниеге келген. Ұсманалы Нұржаев атамыз екеуі 1964 жылы отбасын құрып, 1965 жылы үлкен ұлы дүниеге келген.

Реклама
Реклама

"Аталарың 1941 жылы туған. Түркістан облысы Шардараның жанында Аманкелді деген совхоз бар еді, сол жердегі қазақ мектебін 30 жыл басқарып, директор болды. Жолдасым Ұсманалы Нұржаев 1997 жылы өмірден өтті", - дейді Зүбайра Нұржаева.

Зүбайра апамыз өмірге әкелген он ұлдың екеуі қайтыс болыпты. Бір ұлы бала кезінде, бір ұлы кейінірек қызмет бабымен жүргенде жол апатына түсіп мерт болған.


Зүбайра апаның жолдасы Ұсманалы Нұржаев пен марқұм ұлы Бекдуалы.

"Ұлдарымның есімі Сейдуалы, Бекдуалы, Тұңғат, Әбдуәлі, Ақпаралы, Талғат, Марат, Нышанбай және Қанат. Тұңғышым Сейдуалы ішкі істер саласында қызмет етіп, зейнетке шыққан, қазір фабриканың директоры, ал Бекдуалы осыдан біраз жыл бұрын жол апатынан қайтыс болды. Ол Атырауда прокуратурада қызмет етті. Ұлдардың төртеуі ішкі істер саласында жұмыс істеді. Екеуі әлі де осы салада қызмет етеді, ал екі ұлым осы салада зейнетке шыққан", - деді Зүбайра апа.

Айтуынша, үшінші ұлы Тұңғат қазір Жетісайда мектеп директоры. Ал Әбдуәлі Сарыағаш қаласында дәрігер, өзінің жеке шипажайы бар. Бесінші ұлы Ақпаралы да полицияда қызмет етіп, зейнетке шыққан. Талғат Мақтарал ауданы Атакентте учаскелік полицей болып қызмет етеді.

"Марат ұлым кәсіпкер. Негізгі мамандығы заңгер, қазір Шымкентте жекеменшік кәсібі бар. Одан кейінгі Нышанбай да полицияда жұмыс істейді. Кенже балам Қанат тендермен жұмыс істейді", - дейді батыр ана.

Зүбайра апаның қазір отызға жуық немере, он шақты шөбересі бар. Оның айтуынша, балалардың нақты санын айтуға болмайды. Ал отағасына қатысты әңгімені отбасының үлкен келіні Дариха Нұржаева айтып берді.

"Атаның мінезі қатал, өзі білімді, сөзі салмақты адам болған. Ұлдарының барлығын өзі тәрбиелеген. Ұлдары әкелерінің көңіл-күйіне қарап сөйлеп, бетіне тік қарамайтын болған. Бұл әулетке 18 жасымда келін болып түстім. Көп нәрсені атамнан үйрендім. Үлкенге құрмет, кішіге ізет дегенді, қай жерде, кімге қалай сөйлеу керегін әкемізден үйрендім", - дейді ол.


Зүбайра Нұржаева және келіндері.

Дариха Нұржаеваның айтуынша, әкелері әр ұлының мінезіне қарап, мамандығын таңдаған, барлығын жоғары оқу орнында оқытқан. Ал Зүбайра апа келіндердің тәрбиесін өз қолына мықтап ұстаған.

"Әкеміз ұлдары оқуға түсер кезде мінездеріне қарап, мамандығын таңдаған. Қазақта "әке балаға сыншы" деген сөз бар емес пе. Ал анамыз келіндерін келін болып түскен бірінші күннен бастап тәрбиелейді. Ол кісі уақыт бар ғой, кейін үйретемін демейді. Ол кісінің ойынша, одан кейін кеш болады. Біраз уақыт өз мектебінен өткізіп, әбден үйренгеннен кейін үй тірлігіне, келіннің тіршілігіне араласпайды. Дәл қазір өзім де келін алып отырмын, енемнің айтқан сөздерінің барлығы рас екеніне қазір көзім жетті", - дейді Дариха Нұржаева.

Оның айтуынша, отбасындағы келіндердің ауызбірлігі өте жоғары, ол да батыр ананың еңбегінің жемісі.

"Қазір келіндердің барлығы тату, ұйымшыл. Кенже ұл осыдан бірнеше күн бұрын үйленді, апа оларға да үй алып қойған, бірақ әзірше оларды бөлек тұрғызбайды. Себебі келінге 1-2 жыл тәрбие береді", - дейді ол.

Зүбайра Нұржаеваның айтуынша, қазіргі жастардың арасында ажырасудың жиілеп бара жатқанына тәрбие жоқтығының да ықпалы бар.

"Қазір жастар неліктен ажырасып кетіп жатады? Себебі тәрбие жоқ, жастарды тәрбиелеу керек. Отбасылық өмірдің бастапқы жылдарында екі жас бір-біріне үйрене алмай, түсінбеушіліктер болуы мүмкін. Үлкен адам отырған жерде жастар жиі ұрсыспайды", - дейді батыр ана.

Ол кейінгі жастарға аналық ақылын да айтып қалды.

"Отбасының берекесі балада. Бала туудан қашпау керек. Әр бала өз несібесімен туылады. Қазақта жақсы сөз бар ғой "бір қозы туса, бір түп жусан артық шығады" деген. Баланы есеппен тууға болмайды, оны асырай алмай қаламын деп шектеу қоюға болмайды. Баланы дүниеге әкелгеннен кейін оның саналы ұрпақ болуына барыңды салу керек. Баланы алдыру анасы өз баласын өлтіргенмен тең", - деді ол.

Бала демекші отбасының үлкен келіні Дариха Нұржаеваның айтуынша, Зүбайра апа келіндеріне бала тәрбиесін де үйретеді.

"Анамыз бізге бала тәрбиесін де үйретеді. Балаға қалай сөйлеу керек, қандай тағам жегізу керек, санасын қалай ояту керек, барлығын көрсетіп, меңгертеді. Апа бұрын мектепте зертханада жұмыс істеген. Кейін үйде отырып, ұлдарының тәрбиесімен айналысқан. Ұлдары отбасын құрғаннан кейін 1-2 немесе 3-4 жыл тәрбиелеп, балалары болып, апамыздың көзі жетіп, олардың өнегелі отбасы бола алатынына толық сенімі пайда болғаннан кейін ғана бөлек шығуға рұқсат береді", - дейді Дариха Нұржаева.

Сондай-ақ, Зүбайра Нұржаева келіндерін өзі таңдайтын көрінеді.

"Апамыз барлық келінді өзі таңдайды. Әрине "мына қызға үйленесің" демейді, бірақ үйленемін деген ұлының болашақ жұбайын өзі барып көреді. Егер апа "болады" десе болады, "болмайды, келін болып жарытпайды" десе болмайды. Апамыздың осындай қасиеті бар. Мысалы мені өзі таңдаған. Мені көріп, ұлына айтып, кейін отбасын құрдық. Апамыз қыздың тәрбиесіне, мінезіне, сымбатына қарайтын. Қайныларымның ешбірі қызды ұнатып қалдым, үйленемін деп, қызды үйге өздері ертіп келген емес", - дейді ол.

Тағы бір айта кететін жайт, Зүбайра апаның екінші ұлы 1997 жылы қайтыс болып, артында жұбайы мен бір қызы қалған. Кейін апаның келіні тұрмыс құрып, ол жігіт те Зүбайра апаның бір ұлындай болып кеткен. Демек, Зүбайра Нұржаеваны он емес, 11 ұлдың анасы деуге де болады.


Зүбайра Нұржаева үлкен ұлы Сейдуалымен және келіні Дарихамен. Суреттер Нұржаевтар отбасының жеке мұрағатынан алынды.

"Бүгінде Зүбайра анамыз кенже ұлы Қанатты үйлендіріп, шүкірлік етіп отырған бақытты ана. Тойда қатты қуанып, көзіне жас алды. Сонда да ішінде арманы жоқ емес, осы күнді балалардың әкесі мен марқұм болған ұлының көрмей кеткенін ойлап тұрды, біз оны сездік. Осындай батыр аналарымыз аман болсын, аялап отырған балаларының, немере мен шөбелерінің қызығын көрсін! Шежіредей болған асыл анамыз өскелең ұрпаққа үлгі болсын", - деді Дариха Нұржаева.

Вопрос от автора
Что вы об этом думаете?
news135
Отправить
Комментарии проходят модерацию редакцией
Показать комментарии

Читайте также
Реклама
Реклама
Join Telegram Последние новости
Лого TengriNews мобильная Лого TengriSport мобильная Лого TengriLife мобильная