ПОДЕЛИТЬСЯ
12 августа 2020 | 17:31
Астаналық 15 жастағы мектеп оқушысы жиһаз цехын ашты
Астаналық Айқын Тұрсынхан - жас кәсіпкер. 15 жастағы мектеп оқушысы жақында жеке жиһаз цехын ашқан. Оның айтуынша, кәсіптің бұл түрін бастауды өзі қолға алған. Бүгінде ол қаржы жағынан ешкімге тәуелді емес. Tengrinews.kz тілшісі жас кәсіпкермен тілдесті.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Астаналық Айқын Тұрсынхан - жас кәсіпкер. 15 жастағы мектеп оқушысы жақында жеке жиһаз цехын ашқан. Оның айтуынша, кәсіптің бұл түрін бастауды өзі қолға алған. Бүгінде ол қаржы жағынан ешкімге тәуелді емес. Tengrinews.kz тілшісі жас кәсіпкермен тілдесті.
Айқын биыл 10 сыныпқа аяқ басқан. Бүгінде ол Нұр-Сұлтандағы Жамбыл Жабаев атындағы №4 мектепте оқиды. Ол қарапайым ұстаздардың отбасында дүниеге келген.
"Әкем бұрын ұстаз болған, физика пәнінен сабақ берген. Анам - филология маманы. Бір әпкем бар. Ол биология пәнінің мұғалімі", - дейді Айқын.
Жас кәсіпкердің жиһаз өндірісіне қызығуына ағасы себеп болған.
"Ағамның жеке жиһаз цехы болған. Соған қарап қызықтым. Негізі биыл қаңтарда жұмысты бастағанмын. Оның алдында алып-сату жүйесі бойынша, яғни, дайын жиһаздарды алып, үстіне аздаған баға қосып сатып жүрдім", - дейді Айқын.
Айқын жиһаз цехын өз бетінше, ешкімнің көмегіне жүгінбей ашқан.
"Алып-сату арқылы істеп жүрген кезде ақша жинадым. Кейіннен өз өндірісімді ашуға 100-150 мың теңге көлемінде ақша кетті. Қазір жиһаздардың бәрін өзім жасаймын. Ата-анам қаржылай көмектескен жоқ. Бірақ қолдау білдіріп, үлкен күш-жігер берді", - дейді жас кәсіпкер.
Коронавирусқа байланысты наурызда төтенше жағдай және карантин режимі енгізілгендіктен өндірістегі жұмыс 2-3 айға тоқтап қалған.
"Қайтадан қолға алғанымызға 2-3 ай ғана болды. Қазір өзімнен басқа екі адам істейді. Мен, әкем және тағы бір қызметкер. Тұрақты түрде жалақысын беремін. Негізі жиһазды үшеуіміз жасаймыз. Қазір жаз мезгілінде көп уақытым цехтағы жұмысқа кетеді. Ал сабақ басталған кезде екеуін қатар алып жүруге тырысамын", - дейді Айқын.
Оның сөзінше, жиһаздардың бағасы қолжетімді.
"Қазір көбіне тек жайылмалы үстел, оның ішінде, кеңсеге, ас үйге арналған үстелдер жасаймын. Мысалы, бір жайылмалы үстелдің бағасы 12 мың теңгеден басталады. Жиһазды жасауға жұмсалатын материалдар Ресейден келеді. Өндірістен түсетін табысым көңілімнен шығады. Тапсырыс берушілер жетерлік. Айлығым өзіме жетеді", - дейді ол.
Айқын болашақта қолда бар өндірісін кеңейтіп, ірі кәсіпорын ашсам дейді.
Показать комментарии
Читайте также