ПОДЕЛИТЬСЯ
05 марта 2019 | 14:28
"Балалы болу құны 10 мың долларға дейін". Жапонияда босанған Балжанның әңгімесі
Бала босану мәселесі, оларға күтім қай елде болсын өзекті. Қазақстандық Балжан Омар 2016 жылы Жапонияға жұмыс бабымен көшіп барып, әлі күнге дейін күншығыс елінде тұрады. Жақында келіншек ана атанды. Ол Tengrinews.kz тілшісіне Жапониядағы бала босану процесін және берілетін жәрдемақы туралы айтып берді.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Бала босану мәселесі, оларға күтім қай елде болсын өзекті. Қазақстандық Балжан Омар 2016 жылы Жапонияға жұмыс бабымен көшіп барып, әлі күнге дейін күншығыс елінде тұрады. Жақында келіншек ана атанды. Ол Tengrinews.kz тілшісіне Жапониядағы бала босану процесін және берілетін жәрдемақы туралы айтып берді.
Балжан Омар Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданы Қарақол ауылында дүниеге келген. Алматыда жапон тілі бойынша шығыстану факультетін бітірген. 3-курста Никкенсей деп аталатын Қазақстандағы жапон елшілігінің шәкіртақы бағдарламасын ұтып алып, бір жыл Жапонияда оқыған. Кейін Қазақстанға оралып, елшілікте төрт жылға жуық жұмыс істеген. Сосын ел көріп, білім алуды қалаған ол күншығыс елінде жұмыс тауып, үлкен корпорацияға орналасқан. Біраз уақыттан соң жолдасы да елде жұмысқа тұрып, жанына көшіп барған. Қазіргі уақытта ол Instagram желісінде Жапониядағы өмірі, бала тәрбиесі жайлы қызықты жазбаларын жариялап жүр.
Жапонияда босану қымбат емес
Балжанның айтуынша, Жапонияда бала босануға Қазақстанға қарағанда көбірек ақша қажет, алайда бұл шығынды мемлекет беретін жәрдемақымен жабуға мүмкіндік бар.
"Ресми түрде жұмыс атқарып жүрген және уақытында салық төлейтін әрбір азаматқа (шетелдіктерді қосқанда) сақтандыру беріледі екен. Сол сақтандыру арқылы мемлекеттен шамамен 4000 АҚШ доллары көлемінде көмек беріледі екен. Ал декреттік жәрдемақы бір жыл бойында беріліп отырады. Оның көлемі алатын жалақыға байланысты", - дейді Балжан.
Осылайша жас отбасы баласын Жапонияда босануды ұйғарған. Бұл елде, оның айтуынша, бала босандыру құну 3 мыңнан 10 мың долларға дейін екен. Ол тұрғылықты жеріне және жағдай жасау деңгейіне байланысты көбейе береді, оған йогамен айналысу, косметикалық процедуралар және басқасы жатады.
"Мемлекеттен берілетін бұл сома барлық қажеттілікке жетеді десе болады. Әрине, ол адамға да байланысты. Жапонияда сақтандырудың екі түрі болады: мемлекеттік және компания арқылы. Соған байланысты жеңілдіктер де әртүрлі. Мемлекеттік сақтандыруға қарағанда компанияның сақтандыруы тиімдірек", - деп түсіндірді ол.
Бұдан бөлек, жергілікті "шиякущёға" (муниципалдық орган) тіркелу кезінде гинекологқа қаралу үшін шамамен 15 арнайы талон беріледі. Оның құны негізінде - 5 мың йен. Бұл да зор көмек, себебі өйткені күншығыс елінде медицина қымбат.
"Босанғаннан кейін жергілікті муниципалдық органда баланы тіркегеннен кейін жәрдемақы алуға және балаға тегін медициналық көмек алу үшін құжат рәсімдеуге болады. Оның мөлшері ата-ананың табысына байланысты. Жалақы аз болған сайын жәрдемақы көбейеді. Тіркеу орнында бұл жеңілдікті ауруға қарсы түрлі аппарат сатып алуға қолдана алмайтынымызды ескертті. Сондай-ақ ол 15 жасқа дейін жарамды екен", - дейді қазақстандық.
Декрет демалысы
Кейіпкеріміздің сөзінше, әйелдер Жапонияда босануға 6 апта қалғанда, яғни 7,5 айында декретке бір жылға шығады. Бірақ ірі қалаларда балабақшада орын табу қиын. Сондықтан, балабақшаға орналаса алмай қалған жағдайда декретті 2 жылға созуға болады екен.
"Жапонияда дәрігер жүктілікті анықтап, алдын ала босану күнін хабарлағанда оны басшылыққа айту қалыптасқан жағдай. Өзімнің жүкті екенімді алғаш басшылыққа айтқан кезім әлі есімде. Шамамен екінші ай болатын. Бастықпен жеке сөйлесу үшін кездескенімде, ол кісі мені жұмыстан шығады деп алаңдапты. Бірақ жағдайды білгенде, шын қуанып, құттықтады. Мұның жақсы жаңалық екенін айтып, денсаулығыма қарап, тым көп жұмыс істемеуімді сұрады. Шыны керек, реакциясы басқа болады деп ойлағанмын. Үстімнен ауыр жүк түскендей", - деп әңгімеледі ол өз басынан өткен жағдайды.
Перзентханасы қандай?
Балжанның айтуынша, күншығыс елінде босану процедурасы Қазақстандағыдай өтеді. Келіншек жүкті екенін білген кезде жергілікті немесе өзі қалаған перзентханаға есепке тұрады, сосын жүктілікті ресми түрде дәрігер гинеколог растайды, кейін қағаздарды реттей берсе болады екен.
"Никко қаласында тұрғанда 7 айға дейін жеке клиникаға қаралып жүрдім. Кейін Токионың жалпы ауруханасына ауыстық. Бұл үшін өз дәрігерімнен жолдама қағаз алып, 32-аптаға дейін үлгеру керек болды. Себебі босануға аз қалғанда мұнда еш жерде сені қабылдамайды. Оған үлгердік. Басында дәрігерге, УДЗ-мен бірге 3 аптада бір қаралдым, кейін екі аптада бір, ал босанар алдында апта сайын барып жүрдім. УДЗ қатаң тәртіпте жүрді, онымен дәрігер баланың жүрек қағысын, бойы мен салмағын және басқаларын қадағалап отырады. Білуімше, Қазақстанда УДЗ-мен жиі тексермейді. Қаралғаннан кейін суреттер беріледі. Онда баланың бейнесі айқын көрінгені сонша, жүктіліктің бесінші айында оның кімге ұқсайтынын анықтай алдық", - дейді Балжан.
Сондай-ақ, дәрігерлер бұл елде ананың жағдайын қатаң қадағалап отырады екен.
"Жапонияда 10 келіден артық салмақ қосуға болмайды. Ал мен 13 келі қостым. Перзенханада да тәртіп қатаң екен. Бала туғаннан кейін ана 5 күн ауруханада жатуы тиіс. Таңғы 7-де тұрып, 22.00-де ұйықтайсың. Күніне үш рет тамақтанасың, бұл 2400 калория. Мөлшерін де көп салып беретін, себебі күш жинап, баланы емізе алу керек. Сәбилер арнайы бөлмеде жатты, оларға мейірбекелер қарайды. Әр баланың төсегінде дабыл жүйесі орнатылады. Аналарды емізер кезде шақыртады. Бірақ қаласаң, баланы палатаға алып кетуге болады. Мен келесі күні-ақ жаныма алдым", - дейді ол.
Балалы болғаннан кейінгі өмір
Айтуынша, 5 күн ауруханада болғанда, оларды шыққаннан кейінгі өмірге дайындайды. Медициналық тексерістерден бөлек, аналарға емшектегі сәбиге көрсетілетін күтім туралы түсіндіреді. Теория да, тәжірибе де болыпты.
"Бұл бес күн тез өтсе де, соңына қарай үйге асықтым. Есесіне, осы сабақтардың пайдасын үйде көрдім. Қорқыныш пен абыржу болмады. Перзентханадан шығарда дәрігер сұрақтарым болса хабарласуыа болатынын айтты. Мұнда да жапондар өз ісін тамаша атқарды десем болады. Барлығына ризамын", - дейді кейіпкеріміз.
Тағы бір қызығы, Жапонияда әр болашақ анаға салпыншақ беріледі, онда "менің ішімде бала бар" деген жазу бар. Оны қоғамдық жерлерде алып жүресің. Соған қарап адамдар барынша қамқорлығын көрсетеді. Ал көлігің болса, арнайы стикер беріледі екен.
Жапондардың бала тәрбиесі
Балжан бұл елде бала тәрбиесімен және үй шаруасымен әйелдер айналысады дейді.
"Ер адамдар толығымен жұмысбасты, болашақ ұрпағын тәрбиелеу ісіне қатыспайды десе де болады. Бірақ жапондар сондай, ал біз қазақпыз, сондықтан бәрі басқаша болады деп ойлаймын. Сонымен қатар, заң бойынша, мұндағы әкелер бала қарау үшін демалысқа шыға алады. Бірақ ондай жағдай аз кездеседі. Көпбалалы отбасылар да өте сирек. Оларға 1-2 бала ғана дүниеге әкелген қалыпты жағдай. Жапондар бала тәрбиесіне аса назар аударады. Кішкентайынан сыйластыққа үйретеді, ұрыспауға, жылатпауға тырысады. Тіпті қоғамдық көлікте отырғанда телефонмен сөйлесуге болмайды, себебі басқа адамдардың тыныштығын бұзғысы келмейді", - дейді ол.
Балжан ұлын Жапонияда дүниеге әкелгеніне өкінбейтінін айтып отыр. Себебі мұнда сәби мен анаға күтім жақсы дейді.
"Енді 3-4 жылда Қазақстанға ораламыз деген жоспар бар. Оған дейін білімімізді шыңдап, тәжірибе жинап, аяққа тұрғымыз келеді. Болашақта тұңғышымыздың қазақ мектебіне барғаны дұрыс деп ойлаймыз", - деп Балжан әңгімесін аяқтады.
Жазып алған Камила Долаева
Вопрос от редакции
Что вы об этом думаете?
Комментарии проходят модерацию редакцией
Показать комментарии
Читайте также