ПОДЕЛИТЬСЯ
02 февраля 2022 | 17:18
Балуан Шолаққа қатысы жоқ екі сурет
Қазақтың әйгілі палуаны, сазгер Балуан Шолақ туралы Интернетте көп уақыттан бері жалған суреттер тарап жүр. Нақтырақ айтқанда, палуан бейнеленген деп таралған суреттерге талдау жасап көрдік.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Қазақтың әйгілі палуаны, сазгер Балуан Шолақ туралы Интернетте көп уақыттан бері жалған суреттер тарап жүр. Нақтырақ айтқанда, палуан бейнеленген деп таралған суреттерге талдау жасап көрдік.
Жаңалық сайттарында, Желідегі ZTB парақшасында және суреті желіде жарияланған стендтерде де осындай екі сурет бірнеше рет жарияланған. Біріншісіне тоқталайық. Мұнда ер адам өгізді көтеріп тұр.
Балуан Шолақ деп таралып жүрген суреттің палуанға еш қатысы жоқ. Себебі Желідегі бұл суретте моңғолдың спортшысы бейнеленген.
Байқасаңыз, бұл заманауи фотосурет, ал суреттегі бұқаның салмағы шамамен 800 келіге жетпейді. Балуан Шолақ ХІХ ғасырда өмір сүргенін де айта кетейік. Біз Балуан Шолақтың күш-қуаты туралы әлдеқандай тұжырым жасаудан аулақпыз. Оның үстіне Балуан Шолақтың "Кешегі сентябрьдің базарында Көтердім елу бір пұт кірдің тасын" деп келетін өлең жолдарынан оның шын мәнінде алып күш иесі болғанын байқаймыз.
Тарихшы Бейбіт Қойшыбаевтың "Балуан Шолақ" атты мақаласында да ол өгіз көтеріп жүре беретіні туралы ауызша әңгімелерде, мерзімді баспасөз беттерінде жарияланып жүрген мақалаларда жиі айтылатыны жазылған.
Бірақ дәл осы суретте моңғол спортшысы бейнеленген. Суреттің түрлі ракурстан түсірілген және түрлі түсті нұсқасы да табылып отыр. Ал қазақ балуанының суреті әлі күнге табылмаған. Нұрмағанбет Баймырзаұлының (Балуан Шолақтың шын аты) немересі Шайдолла Шолақов бұл суретке қатысты былай деп пікір білдірген:
"Иә, интернетте бір ер адам бұқаны көтерген суретті көргенмін. Ол Балуан Шолақ емес екені анық. Атаның суреттері жоқ. Суреттерді ресейлік архивтерден табуға болады дейді, бірақ біз іздемедік. Барлық образ ойдан құрастырылған".
Ал екінші суреттегі ескерткіште де Балуан Шолақ бейнеленбеген. Жылқыны көтеріп тұрған суреттегі ескерткіш қазақ палуанының құрметіне қойылмаған. Алайда мұнда да екіұшті мәселемен бетпе-бет келеміз. Бұл ескерткішке қатысты тывалықтар мен моңғолиялықтар өз батырына орнатылған деген талас пікір айтады.
Тывалықтардың пікірінше, бұл Кужугеттер тайпасынан шыққан тывалық Арбак оглу деген алып адамның ескерткіші. Алып адам, тывалық аңыз бойынша, көзі тірісінде Моңғолияға үш рет барып, жарыста жеңген. Осы үшін моңғолдар ол қайтыс болғаннан кейін мұндай батырлар өз елінде де дүниеге келсін деген оймен, мәйітін ұрлап кеткен деген аңыз бар. Бұл туралы Тыва халқының жоғарышаманы Допчун-оол Кара-оол Тюлюшевичтің 2019 жылы басылып шыққан "Мистические тувинцы - скифы, хунны, тюрки Уранхая. Мистические шаманские видения Верховного Шамана Тувы и России" еңбегінде айтылады.
Тываның Жоғары шаман басқармасының мәліметінше, бұл суреттегі ескерткіш Моңғолияда орнатылған. Ал ескерткіштің тақтайшасында былай жазылған: "Данд...гийн аварга. Цэвэгийн Буянтогтох. /1871-көрінбейді". Бұл палуан туралы Сергей Ооржактың "Чемпионы. Формулы победа" кітабында да айтылады. Тағы бір зерттеуші, журналистика ардагері Борик Кужугет те 2017 жылы "Тувинская правда" басылымында жарияланған "Славные люди рода Кужугетов" атты мақаласында Арбак оглу туралы, оның палуандық өнері туралы жазған.
Алайда, моңғол баспасөзіндегі мәліметтер мен ескерткіштің тақтайшасындағы жазбаға сенсек, бұл ескерткіш Моңғолия Сүүхбаатар аймағы Мөнххаан ауданында 2007 жылы орналастырылған. Цэвэгийн Буянтогтох моңғол ұлттық күресінің жеңімпазы болған, осы батырға арнап қойылған ескерткіш. Сүхбаатар аймағы Қытайға жақын орналасқан. Тываға еш қатысы жоқ. Моңғол сайттарында моңғол тұлғасы ретінде көрсетілген.
Демек, біз сөз еткен екі сурет те қазақтың әйгілі палуанына қатысы жоқ.
Айта кетейік, Балуан Шолақ (шын аты Нұрмағанбет Баймырзаұлы) - 1864 жылы Тастыөзек елді мекенінде дүниеге келген әнші, композитор, ақын, әнші. "Шолақ" деп саусақтарының бірнеше фалангасы болмауына байланысты аталған. Ол өте күшті болған және 10 жасында 16 жастағы жігіттермен бәсекелесе алған екен. Уақыт өте келе ол ел-жерді аралап, өнер көрсеткен. Халықта ол туралы көптеген әңгімелер сақталған.
Өзекті жаңалықтарды сілтемесіз оқу үшін Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!
Показать комментарии
Читайте также