ПОДЕЛИТЬСЯ
14 июля 2021 | 11:38
"Бәріне бірдей қараймын" - анасынан айырылған төрт баланы асырап алған полицей
Жақында әлеуметтік желілерде "тараздық полицей келіншек анасынан айырылған бір үйдің төрт баласын асырап алды" деген сурет тараған болатын. Суреттегі полицей - Диляфруз Кенжеханова. Бүгінде ол Жамбыл облыстық Полиция департаментінде ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспектор. Оның айтуынша, бұл расында болған оқиға. Tengrinews.kz тілшісі бірден төрт баланы қамқорлығына алған полицеймен сөйлесті.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Жақында әлеуметтік желілерде "тараздық полицей келіншек анасынан айырылған бір үйдің төрт баласын асырап алды" деген сурет тараған болатын. Суреттегі полицей - Диляфруз Кенжеханова. Бүгінде ол Жамбыл облыстық Полиция департаментінде ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспектор. Оның айтуынша, бұл расында болған оқиға. Tengrinews.kz тілшісі бірден төрт баланы қамқорлығына алған полицеймен сөйлесті.
Диляфруз Кенжеханова әкесі жоқ, ал аналары із-түссіз жоғалған бір үйдің төрт баласын 2019 жылы асырап алған.
"2019 жылы Тараз қаласы Полиция басқармасының ювеналдық полиция қызметінің аға инспекторы лауазымында жұмыс атқарғанмын. Сол жылы тамыз айында 55-мектепте кәмелет жасына толмаған балаларға құжатсыз мектепке алу, барлық құжатын дайындап, көмектесуге бағытталған акция өткен. Шараны әкімдік пен білім бөлімі, қамқоршылар кеңесі мен мектеппен атқарған болатынбыз. Сол кезде бір ата келіп, менен көмек сұрады. Үйіне бардық. Ол үйдегі қиын жағдайды сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Балалардың балалар үйіне кетуіне жол бере алмадым. Бірден шешім қабылдауым керек болды", - дейді Диляфруз.
Сөйтіп, полицей балаларды атасымен бірге өзімен бірге алып кетуді шешкен. Олардың жағдайын жасап, анасын іздеуді ойлаған.
"Негізі сондай қиын жағдайдағы адамдарды қызмет барысында күнде көретінмін. Бірақ сол кезде неліктен нақты сол балаларға көмектескім келгенін әлі күнге дейін түсінбеймін. Мен үшін бұл бір жұмбақ. Бірақ, менің ойымша, менің орнымда кез келген әйел адам солай істер еді. Аналық сезімі бар, баласы бар, балаларды жақсы көретін әйел адам сондай шешім қабылдар еді", - дейді ол.
Диляфруз Кенжеханова әлі күнге дейін балалармен бірге тұрады. Қамқорлығына алған төрт баладан бөлек, өзінің бес баласы бар.
"Үлкен отбасымыз, алты ұл, үш қыз және атамыз бар. Оның үшеуі студент. Өз балаларым мен қамқорлығыма алған төрт бала жақсы қарым-қатынаста", - дейді Диляфруз Кенжеханова.
Оның айтуынша, өзінің балалары қамқорлығына алған балаларды бірден жақсы қабылдаған. Тіпті оларды үйге алып келу туралы ұсынысты да өздері тастаған екен.
"Балаларым оларды бірден жақсы қабылдады. Себебі бұл олардың шешімі болды. Мен балаларыма хабарласып: "Бір отбасы қиын жағдайға тап болған екен. Аналарына іздеу салынған, әкелері жоқ екен. Не істейміз?" деп сұрап едім, олар бірден: "Анашым, үйге алып келіңіз, ата-анасы табылғанша біздің үйде тұрсын" деді.
Олар бізбен тұра бастағаннан кейін бір айдан соң құжаттарын реттестірдім. Аналары қайтыс болғаны анықталды. Іздеуде болған, қайғылы оқиға Қырғызстанда болған екен. Сол елде жерленген. Жақында еңбек демалысына шығамын. Сол кезде балалармен Қырғызстанға аналарының басына барып қайтамыз. Бұл биылға қойған мақсатымыз", - дейді полицей.
Ал жақындары мен туыстары бастапқыда оның балаларды қамқорлығына алу туралы шешіміне қарсы болған екен. Бірақ кейіннен қолдап, әлі күнге дейін қажет болған жағдайда қол ұшын созып, көмектесіп тұрады.
"Жақындарым мен туыстарым бастапқыда балаларды қамқорлығыма алатын кезімде "Өзгенің баласын қайтесің? Неге дәл осы балалар? Күнде үйде өзгенің баласы жүреді. Неге дәл сол балаларға көмектесуді ұйғардың?" деген сияқты көп сұрақ қойып, қарсы болды. Мен аналық сезімім жеңіп, осы балаларға көмектескім келгенін айттым. Бірақ артынша олар мені қолдады. Әлі күнге дейін маған қолдау көрсетіп отырады, қандай да бір шара болса көмектеседі. Жақындарым, туыстарым, ағаларым мен сіңлілерім, анам барлық жағынан көмектеседі. Бізде бәрі жақсы. Бүгінде бәріміз пәтер жалдап тұрамыз", - дейді Диляфруз Кенжеханова.
Диляфруз Кенжеханова балаларды бөліп-жармайтынын, өз балаларына да, қамқорлығына алған балаларға да бірдей қарайтынын айтады.
"Бөтен бала болмайды. Баланың бәріне бірдей қараймын. Қамқорлығыма алған балаларыма "сен менің балам емессің" деп айтқан емеспін. Бәрі мен үшін бірдей. Кейде асырап алған балаларыма қалжыңдап: "Сен де менің баламсың ғой, мен сені босанып, тудым ғой" деп қоямын. Балалар соны естіп, мәз болып қалады. Қамқорлығыма алған төрт баламның бәрі мені "мама" деп атайды", - дейді ол.
Суреттер: Диляфруз Кенжеханованың жеке архивінен
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!
Вопрос от автора
Что вы об этом думаете?
Комментарии проходят модерацию редакцией
Показать комментарии
Читайте также