ПОДЕЛИТЬСЯ
21 января 2022 | 14:16
"Басына қару тақап, атып тастаймын деп қорқытқан". Тәртіпсіздіктер кезіндегі жантүршігерлік оқиғалар
Алматыдағы жаппай тәртіпсіздік кезінде қаладағы көптеген ғимарат қирап, өртеніп кетті. Лаңкестер ғимараттарға кіріп, атыс шығарған. Оның ішінде, кейбір ғимаратта адамдар болған. Tengrinews.kz тілшісі тәртіпсіздіктер кезінде болған жантүршігерлік оқиғаларға шолу жасады.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Алматыдағы жаппай тәртіпсіздік кезінде қаладағы көптеген ғимарат қирап, өртеніп кетті. Лаңкестер ғимараттарға кіріп, атыс шығарған. Оның ішінде, кейбір ғимаратта адамдар болған. Tengrinews.kz тілшісі тәртіпсіздіктер кезінде болған жантүршігерлік оқиғаларға шолу жасады.
Алматыдағы кардиологиялық орталыққа жасалған шабуыл
5 қаңтарда тәртіпсіздіктер кезінде қарулы топ қалалық кардиология орталығын басып алған. Бірақ дәрігерлер лаңкестермен келіссөз жүргізіп, олардың жараланған серіктестеріне көмектесе алатынын айтқан. Мұны олар кейін Almaty.tv тілшілеріне айтып берген.
Дәрігерлердің сөзінше, орталықта сол күні 130-дан аса науқас жатқан. Кейбіреуіне операция жасалуы керек болған. Қарулы топ Төле би көшесімен келе жатып, ғимаратқа аяқ астынан басып кірген. Мақсаты - дәрігерлерді өз жағына тарту. Орталық директоры Алмат Қодасбаевтың айтуынша, қаруланған адамдар жараланғандарға медициналық көмек көрсетуді талап еткен. Тіпті дәрігерлерге қысым жасаған. Өздерімен жедел жәрдем құралдарын алып кетпек болғанда дәрігерлер бұл аурухана екенін, әлі де пайдасы (дәрігерлердің - авт.) тиетітінін айтқан.
Қаруланған адамдар кезекші дәрігер Алмас Темірбаевтың басына қару тақап, атып тастаймын деп қорқытқан. Бірақ дәрігер еш кінәсі жоғын айтып, оларды тыныштандыруға тырысқан. Лаңкестер дәрігерлермен байланысқа шықпаған, тіпті есімдерін де айтпаған. Орталық директорының сөзінше, олар өте қатыгез болған. Қылмыскерлер басып кірген ғимарат аурухана екеніне де қарамаған. Есіктер мен терезелерді сындырып, атыс шығарған. Ғимараттың өзінде атыс қатты болған. Оқиға 6 қаңтарға дейін созылған. Бірақ дәрігерлер оған қарамастан науқастарға күтім жасауын жалғастырған.
Әуежайға жасалған шабуыл
Екі апта бұрын қарулы лаңкестер мен қарақшылар Алматы әуежайы терминалын басып алып, қиратты. Олар банкоматтарды, сауда орындары мен кассаларды тонап, сонымен қатар қымбат көліктерді өртеп, ғимараттан жиһаздар мен жабдықтарды алып шыққан. КТК телеарнасының мәліметінше, бүгінде әуежайды қалыпқа келтіру жұмыстары жалғасып жатыр. Аумақты әлі де әскери бөлімшелер күзетеді, кіреберіске арнайы техникалар қойылған.
Әуежай қызметкерлерінің айтуынша, ғимаратқа шабуыл 5 қаңтарда кешкі сағат 20.00 шамасында басталған. Қарулы топты алғашқылардың бірі болып Кеңес Нұрамбеков байқаған. Сол күні ол рейдке бірнеше сағат қалғанда ауысымын қабылдаған екен. Ол радио арқылы дереу қауіпсіздік қызметімен байланысқан.
Кеңес Нұрамбековтің сөзінше, шабуыл жасағандардың қолында алыстан қарағанда таяқ немесе темір, полиция қалқандары болған. Басында арнайы жасақ каскасы болыпты.
Шабуыл кезінде бірнеше ұшақ ұшуға дайындалып жатқан, оның ішінде 200-ден аса адам болған. Лайнерлерді бірден қауіпсіз жерге сүйреп апарған. Ал диспетчерлер Алматы әуежайына қонуға келе жатқан барлық рейсті кері қайтара бастаған.
Бір кезде терминалда нағыз дүрбелең басталған. Жолаушылар жүктерін тастап, шығуға қарай жүгірген. Шарасыз адамдар тіке ұшып-қону жолағына қарай шығып кеткен. Онда оларды әуежай қызметкерлері жинап алып, автобуспен бос ангарларға апарды.
Негізгі шабуыл терминалға жасалған. Бірақ қымбат жабдықтар мен аэронавигациялық жүйелер зақымданбаған. Сондай-ақ әуежай қызметкерлері бірде-бір әуе лайнері ұрланбағанын немесе зақымданбағанын айтты.
Әуежайда тәртіпсіздіктер басталғанда әнші Nazima ұшақта болған. Бұл туралы ол Instagram желісіндегі парақшасында айтқан болатын. Әнші ұша алмай тұрған ұшақта 15 сағаттай отырған.
Аман қалған музей
"Хабар 24" телеарнасының мәліметінше, Алматыдағы Орталық мемлекеттік музей қызметкерлері тәртіпсіздіктер басталғаннан бері жұмыс орнында түнеген, өйткені олар құнды ескерткіштерді тонап кетеді деп қорыққан. Ал музей ғимараты шабуыл жасалып, өрт қойылған қалалық әкімдіктен небәрі 10 минут жерде орналасқан. Лаңкестер шынымен де, мұражайға ғұн және сақ жауынгерлері қылышы мен найзасын алу үшін басып кірген.
Фото: weatlas.com
Қызметкерлер есіктердің бәрін жауып, бейнебақылау камералары арқылы қарап отырған. Музей директорының орынбасары Бибігүл Дандығараеваның айтуынша, бір топ адам таңертеңгі сағат төрттер шамасында мұражайға келе жатқан. Бұзақылар музейдің есігін бұзып кірген. Басында 6-7 адам кірді, артында 200 адам жиналып тұрған. Бибігүл Дандығараева бұзақыларды ештеңеге қол тигізбеуге көндіруге тырысқанын, себебі ол ортақ тарих екенін, оны жоғалтпау керегін айтқан.
Директордың орынбасары оған ата-баба, жауынгерлер рухы көмектескеніне сенімді. Ол шабуылдаушыларды көндіріп, олар бірде-бір жәдігерге қол тигізбестен кетіп қалған. Бибігүл Дандығараева басқа ғимараттар қалай бүлінгенін көргенде, шошып кеткенін айтады. Әріптестерінің айтуынша, музейге басып келгендердің қолында пышақ болған екен. Бибігүл Дандығараева материалдық құндылықтарға қарағанда тарихи құндылықтарды қайтару мүмкін емес екенін атап өтті. Ол бұл әрекетіне өкінбейді, ол үшін ең бастысы мұраны болашақ ұрпаққа сақтау болған.
Вопрос от автора
Что вы об этом думаете?
Комментарии проходят модерацию редакцией
Показать комментарии
Читайте также