19 января 2022 | 15:50

"Басында шошып кеттім". Бойы аласа жігітке тұрмысқа шыққан қыз Желіні тәнті етті

Видео кадры

TikTok-та ерекше жұптың видеосы тарады. Видеода қалыңдық өзінен бойы кіші жігітке тұрмысқа шыққаны көрсетілген. Желідегі көптеген адам видеодағы күйеу жігіт оқушы екен деп ойлап қалған. Алайда ол ешқандай да оқушы емес. Видеодағы қалыңдық Гүлзат Әуезбекова 1999, ал жары Ғалымжан Бағытжанов 1996 жылы туған. Гүлзат Tengrinews.kz тілшісіне жарымен қалай бас қосқанын әңгімелеп берді.  

ПОДЕЛИТЬСЯ
Иконка комментария блок соц сети

TikTok-та ерекше жұптың видеосы тарады. Видеода қалыңдық өзінен бойы кіші жігітке тұрмысқа шыққаны көрсетілген. Желідегі көптеген адам видеодағы күйеу жігіт оқушы екен деп ойлап қалған. Алайда ол ешқандай да оқушы емес. Видеодағы қалыңдық Гүлзат Әуезбекова 1999, ал жары Ғалымжан Бағытжанов 1996 жылы туған. Гүлзат Tengrinews.kz тілшісіне жарымен қалай бас қосқанын әңгімелеп берді.  

Желіде тараған видеоны көрген жұрт екі жасқа тәнті болған. Түрлі пікір жазылған. Оның ішінде хейт те жоқ емес. 

"Жарайсың, осындай қыздарға құрметпен қараймнын, қазір мұндай қыздар аз", "Бақытты болсын, Алла солай жаратқан, күлуге ешкімнің хақы жоқ", "Махаббат бойға, жасқа қарамайды, жұптарың жазылмасын!", - деп жазды қолданушылар.  

Реклама
Реклама

Гүлзат Ақтөбе облысының тумасы, жасы 22-де. Қарапайым отбасында өскен, өзінен кейін артынан ерген сіңлісі бар.

@bikhanoova0 Сізді маған Тәңірдің өзі сыйлаған❤️ #бакыттыотбасы #бакыттыболыныздар👩‍❤️‍💋‍👨❤️ #бакытымсын #бакыттымынозинмен❤️ ♬ оригинальный звук - Gulzat🕊

Гүлзат жары Ғалымжан Бағытжановпен қалай танысқанын әңгімелеп берді.

"Бір күні "ВКонтакте" әлеуметтік желісіне кірсем біраз адам жазыпты. Сол кісілердің арасынан тек бір адамға жауап бердім, ол Ғалымжан еді. Ойымда ештеңе жоқ, бірден сөйлесіп кеттік. Парақшасында тек бір сурет болды, онда да толық түспеген, бойы туралы білмеген едім. Сөйтіп WhatsApp арқылы сөйлесе бастадық. Бір күні суретін салды, бойы кішкентай жігіт тұр екен! Мен әрі ойланып, бері ойланып сұрауға бата алмадым. Ақыры суреттегі кім деп сұрап едім "Ол мен" деді. Бірақ ары қарай қазбалап сұрамадым. Жақыннан түсірілген сурет болар деп ойладым", - дейді Гүлзат.

Гүлзат пен Ғалымжан үйлену тойларында. Фото: instagram.com/auyezbekova__g

Осылайша екеуі біраз сөйлесіп жүрген. Гүлзаттың болашақ жары оны қонаққа көп шақыратын болған. Бірақ ол көбіне бас тартқан.

"Неге екенін білмеймін, қорыққан шығармын. Бірақ Ғалымжанмен сөйлескім келіп тұратын, ол кісімен сөйлескен қызық еді. Көрмесем де бұрыннан таныс, жақын адамымдай болып кетті. Көп ойланып, кездесуді жөн көрдім. Келісіп, кездестік. Содан, не керек, шошып кеттім. Іштей "Не істеп жүрмін? Ата-анам білсе не болады?" деген ойлар келді", - дейді Гүлзат.

Гүлзат кездескеннен кейін бес минуттан соң "үйге қайтайын" деп кетіп қалған. Ғалымжан да ештеңе демеген.

"Сонымен нөмерін, бәрін өшіріп тастадым. Неліктен олай істегенімді білмеймін. Бұл қате деп ойлап, алыс болғаным дұрыс болар деп ойладым. Көп сөйлеспей кеттік. Бірақ күнде ойымнан кетпейді. Өзімді кінәлі сезіп, сөйлесіп көрсем қайтер деп ойладым", - дейді Гүлзат.

Осылайша Гүлзат үш айдан кейін өзі қайтадан Ғалымжанға жазған. Бірақ қайта жазбас бұрын өзінің ата-анасымен ақылдасып, олардың рұқсатын алған. 

"Мені ата-анам қолдады. Қарсы болмады. "Алда не күтіп тұрғанын білмейміз ғой, сен бақытты болсаң болды" деп батасын берді. Ал жақындарым мен туыстарыма келер болсақ, негізі Instagram-ға суреттер салып жүрдім. Мүмкін көрген де болар, бірақ ешқайсы жағымсыз пікір айтпады. Достарым бастапқыда сенбей, өтірік деп ойлап, біраз уақыт сене алмай жүрді. "Ұят емес пе? Әп-әдемі жігіттер толып тұр ғой" дегендер де болды. Ғалымжан да әп-әдемі жігіт негізі! Дегенмен өз таңдауымды ата-анаммен ақылдаспай тұрып жасап қойғанмын. Бұл кісі менің маңдайыма жазылған тағдырым деп білемін! Кім не айтса айта берсін! Бастысы Аллаға шүкір біз бақыттымыз!", - дейді ол.

Осылайша Гүлзат екінші рет кездесуге келген. Кездесуде ол аздап ұялған. Бірақ артынша ол сезімнің бәрі кетіп, Ғалымжанды жақсы көргендіктен "қалай бар, солай қабылдаймын" деп шешкен.

"Содан кейін ештеңеден қысылмадым, кім не айтса оны айтсын. Қысылмадым. Айтатындар айта берсін деп шаңырақ көтеруге шешім қабылдадық", - дейді Гүлзат.

Ғалымжан Гүлзатты ата-анасымен былтыр тамызда таныстырған. Екі тарап келісіп, қыз ұзату тойын жасауға келіскен.

"Қыз-жігіт болып небәрі 7 ай жүріп, былтыр қыркүйекте үйлендік. Жолдасым 1996 жылы 2 қыркүйекте Атырау қаласында дүниеге келген. Ғалымжанның туған күніне сыйлық болып келдім. Отбасында үлкені ағасы және өзінен кейін егіз ұл мен қыз бар. Ал бойының кішкентай болуы ол ешқандай да тұқымқуалаушылық ауру емес! Үйде бәрінің бойы ұзын", - дейді Гүлзат.

Гүлзат 7 ай кездесіп жүрген Ғалымжаннан бірде-бір рет "Неге бойың кішкентай?" деп сұрамағанын айтады.

"Оның көңіліне тиіп кетемін бе деп қорықтым", - дейді ол.

Бүгінде Гүлзат пен Ғалымжан Ақтөбе қаласы Қурайлы аулында ата-енесімен бірге тұрады. Гүлзат өздері туралы Желіде жазылған түрлі пікірге жауап берді.

"Ол кісілерге тілерім тек жақсылық! Егер адам шынымен бір адамды ұнатып жақсы көрсе  ол қандай болса да толықтай қабылдай алады! Ол адам мен үшін ешқандай кемшілігі жоқ пәк адам! Осы пікірлерге қарап таңғаламын, үлкені бар кішісі бар адамның ойына келмейтін сөз жазыпты! Мен сіздерге ренжімеймін, жай ғана бізге шын ниеттеріңізбен бақыт тілеп қойыңыздар! Сіздер де бақытты болыңыздар! Бар жақсылықты тілеймін! Ешқандай жамандық болмасын! Еліміз аман жұртымыз тыныш болсын! Алла жар болсын бәрімізге!", - деді Гүлзат.

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!


Показать комментарии
Читайте также
Реклама
Реклама
Join Telegram
Лого TengriNews мобильная Лого TengriSport мобильная Лого TengriLife мобильная