ПОДЕЛИТЬСЯ
09 мая 2021 | 19:34
"Бір оқпен неміс танкін жоқ қылған" - Ұлы Отан соғысындағы қазақтардың ерлігі
Ұлы Отан соғысына Қазақстаннан аттанып, кеңес әскерінің жеңісіне үлесін қосқан сарбаз көп. Олардың кейбірі халыққа кеңінен танылды, олар туралы кітап жазылды, фильм түсірілді. Ал көбін соғысқа қатысқан сарбаздың ұрпағы естелік қылып айтып жүр. Tengrinews.kz бастаған "Жеңімпаздар" жобасында ардагерлердің ұрпағы батыр атасы туралы көптеген естелік жіберіп жатыр. Солардың ішінен ерекше естеліктерді жинап шықтық.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Ұлы Отан соғысына Қазақстаннан аттанып, кеңес әскерінің жеңісіне үлесін қосқан сарбаз көп. Олардың кейбірі халыққа кеңінен танылды, олар туралы кітап жазылды, фильм түсірілді. Ал көбін соғысқа қатысқан сарбаздың ұрпағы естелік қылып айтып жүр. Tengrinews.kz бастаған "Жеңімпаздар" жобасында ардагерлердің ұрпағы батыр атасы туралы көптеген естелік жіберіп жатыр. Солардың ішінен ерекше естеліктерді жинап шықтық.
"Бір оқпен неміс танкін жоқ қылды"
1941 жылы соғысқа Павлодардан аттанған Сағат Жамалбаевтың ұрпағы атасының естелігін бөліскен. Сағат Жамалбаев Украинада құрлықтағы әскер қатарында соғысыпты.
Сағат Жамалбаев (оң жақта)
5-ші танк әскерінің басшысы Оңтүстік-Батыс майданының саяси бөлімінің бастығына жіберген есебінде майдандағы қазақтар туралы айтыпты.
Онда аға сержант Жамалбаев қорғап жатқан учаскеге немістің 10 танкі шабуылға шыққаны жазылған. Жамалбаев алғашқы оғымен немістің бас танкісін жойып жіберіпті. Кейін қалған танктер кері бұрылған.
"Көп ұзамай неміс танктері тағы да шабуыл жасай бастады. Сонымен бірге неміс минометшілері оқ жаудырды. Жаудың минометті оты қару-жарақтың барлық есебін істен шығарып, жалғыз қалған аға сержант Жамалбаев жаудың шабуылына тойтарыс беруін жалғастырды. Жүргізуші Сартаков оған қару-жарақты қауіпсіз жерге шығаруға көмектесті. Позицияны өзгертіп, Жамалбаев неміс танктеріне оқ жаудыра берді. Оған көмектесуге барлаушылар жіберілді. 6 ақпанға қараған түні ол қорғанысқа ие болды", - делінген есепте.
Таңертең 5 неміс танкі, 2 брондалған машина және 30 автоматшы шабуылға шыққан. Жамалбаев өзінің жолдастарын соңғы снарядқа дейін, соңғы патронға дейін күресуге, бірақ жауды өткізбеуге шақырған екен. Командирден бастап, бүкіл сарбаз түрлі жарақат алған. Бірақ зеңбірекшілердің батылдығы арқасында фашистердің шабуылы тойтарылған. Осы шабуыл кезінде Жамалбаев жаудың 3 танкісін жойған екен.
"Граната лақтырып, үш немісті өлтірді"
"Жеңімпаздар" жобасына Сәкен Шәкімовтің немересі атасы туралы жазған. Шәкімов соғысқа 1941 жылы маусымда аттанған. 1943 жылы жарақат алса да, майдан шебіне оралып, Одер, Сандомир, Польша мен Чехословакияны азат етуге қатысқан, Берлинге дейін жетіп, елге оралыпты.
Сәкен Шәкімов
1945 жылы 15 мамырда Шәкімовке ІІІ дәрежелі Даңқ ордені табысталған, награда парағында оның майдандағы ерлігі жазылыпты.
"Аға сержант Шәкімов жедел топта бронмашина командирі болып, өзін бронмашинаның батыл әрі тәжірибелі командирлерінің бірі ретінде көрсетті. Жауынгерлік жағдайдың ең қиын кезінде жолдас Шәкімов әскеріміздің бөлімдері мен құрамаларына жауынгерлік хат-хабарларды уақтылы және мерзімінен бұрын жеткізіп отырды. Берлиннің маңында жолдас Шәкімовке бір үйден жау автоматпен атқылаған. Ол немістерге өз машинасындағы пулеметпен атып, жау көзін жойды. Содан кейін үй терезесіне граната лақтырып, жау пулеметінде тұрған үш немісті өлтірді. Бұл ретте экипаж бен машинаны сақтай отырып, межелі жерге уақтылы келді. Тапсырма тамаша орындалды", - делінген.
"Жарақат алса да, ұрыс алаңынан кетпеді"
Ғазиз Мұқашев 3-ші Украина майданына қатысқан. 326-шы атқыштар полкінің құрамында болыпты.
Ғазиз Мұқашев
1942 жылы 10 қарашада ол Заозерье аулы үшін ұрыста өз бөлімшесімен жау траншеясына бірінші болып кірген. Мұқашев 5 финнің көзін жойып, финдердің қарсы шабуылына тойтарыса берген. Жарақаттанғанына қарамастан, ұрыс алаңынан кетпеген.
Ал 1945 жылы 1-3 ақпанда Мұқашев Шарсентагот аулы үшін ұрыста атқыштар бөлімшесін басқарып, немістерге шабуылдаған. Фашистер жасырынған төрт үйге кіріп, граната лақтырып, екі пулемет пен 9 немістің көзін жойған. Кейін немістер қарсы шабуылға шыққанда Мұқашев жаудың алда келе жатқан танктерін өткізіп жіберіп, арттағы жаяу әскерге оқ атқылаған. Нәтижесінде жаяу әскер танкке ілесе алмай, фашистердің қарсы шабуылына тойтарыс берілген екен.
"Өз әскерінен 400 метр алда шайқасқан"
Үмбет Сұжықов та 3-ші Украина майданына қатысқан. 1941 жылы қызыл әскер құрамына шақыртылып, 320-шы атқыштар дивизиясына қосылған. "Жеңімпаздар" жобасына оның ұрпағы ерлігін жазып жіберді.
"1945 жылы 29 наурызда Дюловес аулының батысында капитан Сұжықов түнгі уақытта жаяу әскеріміздің алдына 400 метрге шығып, таң атқанша өз батареясымен бірге фашистің 28 сарбазын, 1 станкалық пулеметін жойған", - делінген оның ерлігінің сипаттамасында.
Үмбет Сұжықов
Жеңіске аз уақыт қалғанда, 1945 жылдың 9 сәуірінде Австрияда Сұжықов жаяу әскер алдына 300 метрге шығып, өз батареясымен 27 сарбазды, 3 пулеметті, барлау пункті мен 2 автокөлікті жойыпты.
"Ал 17 сәуірде Фюрстенфельд қаласында жау пулеметшілер батальоны, үш танк пен екі бронкөлікпен қарсы шабуылға шықты. Жолдас Сұжықов өз дивизионына бұйрық беріп, жаудың бір танкі мен жаяу әскер ротасын жойды, нәтижесінде қарсы шабуылға тойтарыс берілді", - делінген.
"Хенде хох!"
Сұлтанбек Баймұханов Ұлы Отан соғысында барлаушы болған. Оның негізгі міндеттерінің бірі неміс сарбаздарын тұтқынға түсіру екен. Ардагердің ұрпағы "Жеңімпаздар" жобасына ардагердің соғыстағы бір айласын жазып жіберген.
Сұлтанбек Баймұханов
1942 жылы Сталинград түбінде Баймұханов барлаушылардан құралған шағын жасақпен тұтқынға неміс сарбазын алу үшін фашистер тылына барған. Кеңес барлаушылары сым қоршаудан, кейін миналар алаңынан өтіп, түн ішінде жау аумағына енген.
Блиндаж маңында жау әскерін күтіп отырғанда, сыртқа неміс офицері шыққан. Сұлтанбек қасындағыларға күтіңдер деп, өлген неміс сарбазының фуражкасын алып, офицерге жүгіріп барған. Офицер түн ішінде өз сарбазы келе жатыр деп ойлап, жаттығуын жалғастыра берген. Соның арқасында Баймұханов шу шығармай, офицердің жанына келіп, "Хенде хох", "Гиб мир хенд" деп бұйрық берген. Офицердің қолын байлап, пилоткасымен аузын тұмшалаған. Кейін барлаушыларға офицерді алып кетуді бұйырған. Осылайша, қызыл әскер сол кезде Гитлер армиясының обер-лейтенантын қолға түсіріпті. Осы оқиғадан кейін Сұлтанбек Баймұханов "Ерлігі үшін" медалін алған.
Ұлы Отан соғысына қатысқан жақындарыңыз болса, оның қысқаша өмірбаяны мен ерлігін, суреттерін "Жеңімпаздар" жобасына жолдауыңызға болады. Ол үшін мына сілтемені басыңыз немесе +7-70-09-05-1945 WhatsApp-нөміріне жіберіңіз.
Вопрос от автора
Что вы об этом думаете?
Комментарии проходят модерацию редакцией
Показать комментарии
Читайте также