25 ноября 2020 | 10:18

"Біз де онлайн жұмыс істедік". Пандемия балабақша қызметкерлеріне қалай әсер етті?

Коронавирус пандемиясының салдары түрлі саладағы қызметкерлерге әсер етті. Карантин кезінде көп нысан жабылды, көп адам жұмыссыз қалды. Балабақшаға да пандемия ықпалы тиді. Бірнеше ай жабық болды, ал қызметкерлері ұзақ уақыт үйінде жұмыссыз жатты. Tengrinews.kz тілшісі алматылық балабақшалардың бірінде жұмыс істейтін Алмагүл Әукішовамен сөйлесіп, пандемия жұмысына қаншалықты әсер еткенін білді.

ПОДЕЛИТЬСЯ
Иконка комментария блок соц сети

Коронавирус пандемиясының салдары түрлі саладағы қызметкерлерге әсер етті. Карантин кезінде көп нысан жабылды, көп адам жұмыссыз қалды. Балабақшаға да пандемия ықпалы тиді. Бірнеше ай жабық болды, ал қызметкерлері ұзақ уақыт үйінде жұмыссыз жатты. Tengrinews.kz тілшісі алматылық балабақшалардың бірінде жұмыс істейтін Алмагүл Әукішовамен сөйлесіп, пандемия жұмысына қаншалықты әсер еткенін білді.

Алмагүл Әукішованың тәрбие-білім саласында жұмыс істеп жүргеніне 25 жыл болған. Соңғы бес жылында Алматыдағы жеке балабақшалардың бірінде меңгеруші болып қызмет атқарады.

Реклама
Реклама

Еңбек жолының басым бөлігін бала тәрбиесіне арнаған ол үшін коронавирусқа байланысты шектеу шаралары ауыр болған. Себебі көктемде елде төтенше жағдай режимі жарияланған кезде балабақшалар жабылып қалған.

"Көктемде балабақшалар үш ай бойы жабық болды. Бәріміз үйімізде оқшауланып, жағдайдың түзелгенін күттік. Бұрын еңбек демалысы тек жазда болатын. Көктемде күтпеген жерден бірнеше ай демалдық. Карантин кезінде онлайн курстар оқып, білім арттырдым. Түрлі сертификат алдым, тәжірибе алмастым. Пандемияның мен үшін пайдалы тұстары осы болды", - дейді Алмагүл Әукішова.

Пандемияның жаман әсері ретінде ол балалармен жұмыс істей алмауын айтты.

"Расын айтқанда, ұзақ жылдар бойы бала тәрбиесімен айналысқан адам үшін балабақшалардың жабылуы қиын екен. Әдетте тіліңді алмай, ойнап, шулап жүретін балаларды ұзақ көрмесең сағынады екенсің", - дейді ол.

Карантин кезінде көп адам жұмысынан, жалақысынан айырылған болатын. Бірақ бұл балабақшаның қызметкерлері жалақысын толық алып отырған. Себебі балабақша карантин кезінде де балалармен онлайн түрде жұмыс істеген екен. Онлайн-сабақтар өткізген, тапсырмаларын жіберіп отырған. Өйткені балалардың мектепке дейінгі білімі де маңызды, дейді ол.

Меңгерушінің сөзінше, ол жұмыс істейтін балабақша үш ай жабық болып, жаздың басында ашылған екен. Оны ашу үшін толық санитарлық нормаларды орындап, арнайы тексерістен өткен. Кейін ғана балабақшаны ашуға болады деген рұқсат қағазын алған. Бірақ балалардың бәрін емес, жартысын ғана қабылдауға рұқсат беріліпті.

"Балабақшамыз санитарлық нормаларды орындап, ашылғаннан кейін балалардың 50 пайызын ғана қабылдауға рұқсат берілді. Яғни, бұрын бала саны 36 болса, қазір 18 бала ғана келіп жур. Бүгінде 2 кезекші топ жұмыс істейді. Пандемиядан жұмыс қиындап кеткен жоқ, бәрі бұрынғыдай. Күн сайын балалардың дене қызуын тексереміз. Бала ауырмай, дені сау болып келсе ғана қабылдаймыз", - дейді Алмагүл Әукішова.

Сонымен қатар, Әукішова жұмысының пандемияға дейінгі және пандемия кезіндегі үш айырмашылығын атады.

"Біріншіден, коммуникация. Бәріміз пандемия кезінде уйде оқшауланып, өзара байланыс тоқтады. Әріптестерімізбен, дос-жарандарымызбен бұрынғыдай кездесе алмадық.

Екіншіден, ата-аналар қатынасы. Ата-аналар баласының денсаулығы үшін қорқатыны маңызды. Коронавирус кезінде қорқынышы өрши түсті. Балабақша ашылған соң, көп ата-ана балаларын балабақшаға әкелмеді, себебі ауру жұқтырып алады деп қорықты.

Үшіншіден, әріптестерімнің азаюы. Қазір балабақшаға балалар аз келіп жүр. Осыған байланысты жұмыскерлер саны да азайды. Пандемияның жұмысыма әсер еткен басты үш жағдайы осы", - дейді ол.

Әдетте әр саладағы қызметкерлермен сөйлескенімізде пандемия кезінде ауырып шыққанын айтатын. Жалпы, жазда қазақстандықтардың көбі дене қызуы көтеріліп, иіс пен дәм жоғалтқанын айтып жүр. Ал бұл жолы кейіпкеріміз пандемия кезінде мүлдем ауырмағанын айтады.

"Жаз бойы мен де, туыстарым да ауырмадық. Сақтық шарасын қатаң сақтап, маска тағып жүргенімнен болар деп ойлаймын. Оның үстіне, біз балалармен жұмыс істейміз. Сондықтан жауапкершілікті ұмытпауымыз керек. Бұл пандемия балалардың өмірімдегі орнын айқындап берді", - деп қорытындылады сөзін Алмагүл Әукішова.

Оқи отырыңыз:

"Карантинде күйзеліске тап болдым". Пандемия журналистерге қалай әсер етті?

"Интернеті жоқ оқушылар бар". Пандемия мұғалімдерге қалай әсер етті?

"Аядай бөлмеде тығылып отыру қиын". Пандемия дәстүрлі әншілерге қалай әсер етті?

"Жұмыс істемесек те, жалақы төленді". Пандемия сауда үйлерінің жұмысшыларына қалай әсер етті?


Показать комментарии
Читайте также
Реклама
Реклама
Join Telegram
Лого TengriNews мобильная Лого TengriSport мобильная Лого TengriLife мобильная