ПОДЕЛИТЬСЯ
21 февраля 2019 | 12:32
"Дастарханға қойдың басын қойғанда жағамды ұстадым". 40 елді аралаған ағылшынның өмірі
Елімізде көші-қон мәселесі соңғы уақытта жиі қозғалатын болған. Біреулер елімізден кетіп соңынан оралып жатса, біреулер басқа мемлекеттерден біздің елге қоныс аударып жатыр. Tengrinews.kz "Елге жол" атты жобасын қолға алған болатын. Бұл жолғы кейіпкеріміз Англияның шағын қаласынан 7 жыл бұрын Қазақстанға қоныс аударған.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Елімізде көші-қон мәселесі соңғы уақытта жиі қозғалатын болған. Біреулер елімізден кетіп соңынан оралып жатса, біреулер басқа мемлекеттерден біздің елге қоныс аударып жатыр. Tengrinews.kz "Елге жол" атты жобасын қолға алған болатын. Бұл жолғы кейіпкеріміз Англияның шағын қаласынан 7 жыл бұрын Қазақстанға қоныс аударған.
Алан Тюрвей 49-да. Ол - оқытушы. Қазақстанға 2012 жылы көшіп келген. Алан қазақ халқының тарихын тереңінен түсінгенін және қазақтардың қонақ ретінде оған көрсетілген құрметке таңғалғанын айтты. Ол 40 мемлекетте болған және Қазақстанның бірнеше қаласын аралаған. Кейіпкеріміз саяхаттаған елдердің айырмашылығы жайлы және Қазақстанға не үшін көшіп келгенін айтып берсін.
Мен Англияның Барроу-ин-Фернесс деп аталатын шағын қаласында тудым. Бұл қалада ядролық субмариндер соғылып жатыр. Сондықтан ол танымал жер. Бұл қалада өнеркәсіп дамыған, жергілікті тұрғындардың басым бөлігі кеме жасайтын зауытта жұмыс істейді.
Бес жасымда Барроу-ин-Фернесстен Кенияға қоныс аудардым. Әкемнің қызметімен Африкаға көштік. Одан кейін Кувейтте біршама уақыт тұрдым. Таяу шығыста менің жасөспірім шағым өтті. Ал Қазақстанға 2012 жылы көшіп келдім.
Мен Еуропа, Африка жерлерінде болып, Американың құрлықтарын аралағанмын. Бастыпқыда мені Қытай, Жапония сынды елдер қызықтыратын. Қазақстанды таңдау себебім - менің әкем осы елде 20 жылдай уақыт инженер болып жұмыс істеген, әкемнің кеңесін тыңдап, осы жерде жұмыс істеуді ұйғардым. Лондонда оқу орнын бітіргенмін, тарих және француз тілі мамандықтары бойынша қос дипломым бар. Мамандығым қазіргі жұмысыма қатысты. Тілдерге деген сүйіспеншілігім балалық шағымнан бастап әр елде тұрғандықтан және көп саяхаттағаннан деп ойлаймын.
Маған Астанада орналасқан танымал компания жұмыс ұсынған. Бастапқыда бір жыл уақыт қаламын деп жоспарлағанмын, бірақ уақыт өте келе ойым өзгеріп, қазақ елінде тұрақтап қалдым. Бастапқы кезде маған жаңа жерге, елге, адамдарға үйрену өте қиын болды. Бұл жақтағы адамдардың басқаша көзқарасына, менталитетіне үйренуім керек болды. Мен өзім оқытуды ұнатамын, бір жағы жалданып емес, өз қалтама жұмыс істеу тиімді көрінеді, сондықтан мен Қазақстанда өзіме серіктес іздедім. Англияда өз кәсібім болған, сондықтан мен осы елде кәсіп ашуды ұйғардым. Кәсіпкер болу оңай емес, бірақ қиындықтармен күресіп, оны жеңу маған қуаныш әкеледі.
Мен кез келген елге бірінші мәрте келгенде сол елдің жан-дүниесін көргім келеді. Оның ішінде мәдениетін және тарихын түсінгім келеді. Қазақстанның Түркістан облысында, Шарын шатқалында, Қарағанды облысында орналасқан Қарлаг лагерінде болдым.
Маған ең есте қаларлық жер ол Түркістан. Ежелгі тарихы сақталған жерлер ұнайды. Түркістанда шынымен-ақ кезінде Ұлы Жібек жолы болғаны сезіледі. Оған қоса ежелгі дәстүрлер сақталған және мың жылдық ғимараттар бар. Мен қазір тұрып жатқан Астанамен салыстыратын болсақ, айырмашылық бірден сезіледі. Тағы бір естен кетпес жерлердің ішінде Алматының тауына шыққан кездерім және Бурабайдағы көлге шомылғаным.
Осылайша саяхаттаудың арқасында мен қазақ халқының тұрмысын, тарихта қандай орын алғанын түсіне бастадым. Меніңше қазақтардың тарихын терең түсінген сияқтымын, себебі мен көп саяхаттағанмын және өзімді ежелгі қазақ халқы секілді көшпелі адамдардың санатына қосамын. Негізі Ұлыбритания мен Қазақстан адамдарының айырмашылығына келер болсақ, бірінші бұл елдердің тарихы және географиясына назар аудару керек, олар бір-бірінен өзгешеленеді.
Ұлыбритания империялық держава болды, Қазақстан кеңес одағының мүшесі болған. Ұлыбританияда нарықтық экономика ерте кезеңнен сақталған. Осы факторлардың бәрі маңызды рөл атқарады. Бізді қоршаған әлем мен әлемнің бізді қалай қабылдайтынының айырмашылығы осында жатыр.
Менің байқағаным қазақстандықтар өз дәстүріне, тіліне, мәдениетіне көп көңіл бөледі. Себебі оларды сақтап қалу үшін күресті десек те болады. Сондықтан отбасы құндылығы да бірінші орында. Британиялықтар бұл құндылықтардың бәрін өздігімен болуы керек деп қабылдайды. Сонда да үлкен айырмашылықты байқамадым. Мен 40-қа жуық мемлекетті араладым, осыдан түйгенім - әр адам денсаулық, бақыт, білім, жарқын болашақты қалайды.
Қазақтардың тағамына да тоқталғым келеді. Алғашқы жылдары қуырдақты сүйсініп жейтінмін. Англияға барған кезімде маған дәрігер бұл "диетаның" денсаулығыма жақпайтынын айтты. Бірақ бұрынғыдай көп болмаса да, қазір аздап жеймін.
Қазақстанға ең алғаш келген кезде таныстарым мені үйіне қонаққа шақырып, ұлттық асын дастарханға қоя бастады. Сол кезде дастарханға қойдың басын қойған кезде жағамды ұстадым. Бірақ үй иелері маған қазақтардың қонаққа осылайша құрмет көрсетілетінін түсіндірді. Есімнен кетпес қызық оқиға болды. Айта кетейін, Қазақстанда азық-түлік сапасы өте жоғары деңгейде. Әсіресе жаз мезгіліндегі өсетін жемістер дәмді.
Енді тіл мәселесіне келетін болсақ, мойындайын, қазақ тілін дұрыс түсінбеймін. Бірақ қазіргі білімім қасымдағы адамдарды күлдіруге жетеді. Оның үстіне, бір қызығы, менімен ешкім қазақша сөйлеспейді. Керісінше орыс тілінде сөйлейді, сәйкесінше осы тілде жауап беруіме тура келеді. Сондықтан қазіргі кезде орыс тілінде еркін сөйлей аламын. Тіл үйренгісі келетіндерге беретін кеңесім, адамдармен күнделікті басқа тілде сөйлесетін болсаң тіл үйрену жеңіл болады. Мысалы мен Қазақстанға алғаш келгенде орысша мүлдем түсінбейтінмін, ал қазір кез келген жерде еркін сөйлеймін.
Мен бұл жерге жалғыз келдім. Бірақ жаңа достар таптым. Астана мен Лондонның мен үшін айырмашылығы мынада: Лондон мұндағыдай тыныш емес. Мен бұл елде демаламын. Оған қоса кітап оқимын, видеоойындар жасайтын өнерім бар. Бұл іспен айналысуға осындай тыныш жер ыңғайлы.
Мен Назарбаев университетінде жұмыс істегенмін. Маған жастармен жұмыс істеген ұнайды. Олар сапалы білім алғысы келеді. Мен оларға білім беріп, армандарына жетуге бір адым болса да көмектескеніме қуанамын. Осылайша мен елдің дамуына аз да болса көмегім тиетін секілді.
Алдағы уақытта Қазақстанда қаламын ба, жоқ па, бұл туралы нақты жауап бере алмаймын. Бірақ маған бұл ел мен оның жері қатты ұнайды. Оған қоса осындағы жұмысым ұнайды. Алдағы уақытта әлі де басқа елдерге саяхат жасаймын деген жоспар бар. Осыған дейін айтқанымдай, мен ежелгі қазақ халқы секілді көшпелі адаммын.
Вопрос от редакции
Что вы об этом думаете?
Комментарии проходят модерацию редакцией
Показать комментарии
Читайте также