"Димаш Құдайбергендей әнші болғым келеді" - Жанына әні ем болған Мұхаммед

05 Маусым, 16:55
0

12 жастағы Мұхаммед Нәдір дүниеге келгенде дәрігерлер оның өмір бойына зағип болып қалатынын айтып, қорқынышты диагноз қойған. Бірақ ол өмірді көзбен емес, әнмен көріп үйренген. Бүгінде ол түрлі байқаулар мен фестивальдарға қатысып, өмірін әнмен байланыстырмақ. Тengrinews.kz тілшісі Мұхаммедпен және анасы Мейрамгүл Өмірбаевамен тілдесіп, өмірдің соққысына қарамастан, өр мінезін көрсеткен бала жайлы баяндайды.

Мұхаммед 2007 жылы 11 мамырда Алматыда дүниеге келген. 5,5 айында шала туған ол ата-анасы мен айналасын әлі көре алмады. Оған шала туған нәрестелердің ретинопатиясы диагнозы қойылған. Яғни көз торы қабаттанған. Бала шала туғандықтан көз жанары дұрыс жетілмеген.  

"Мұхаммедті тексерту үшін Германияға алып бардық. Бірақ біз барған неміс дәрігерлері мұндай операцияны ешкім жасамағанын және жасай алмайтынын айтты. Содан үмітіміз үзіліп, әрі қарай ешқайда бармадық. Одан бері төрт жыл өтті. Қазір медицина дамып жатыр. Сондықтан алдағы уақытта тағы да тексерістен өтеміз деп жоспарлап отырмыз. Көз торын ауыстыра алатын дәрігер іздестіріп жатырмыз", - дейді Мұхаммедтің анасы Мейрамгүл Өмірбаева.

Қазір Мұхаммед Островский атындағы зағиптер және көздері нашар көретін балаларға арналған №4 арнайы мектеп-интернатында оқып жатыр.

Өмірге келген бойда ауыр дертке шалдыққан ол қаймыққан емес. Өр мінезді Мұхаммедтің жанына әні ем болды. Анасының айтуынша, ол сәби кезінен әнге құмар.

"Бала кезінен қасына музыка қосып қоятынбыз. Сол кезде ғана ұйықтайды. Ән айтатынын 1-сыныпқа барғанда білдік. Мұғалімі байқаған екен. Ең алғаш рет "Әліппе" деген әнді орындады. Оған дейін үйде өз арамызда ән айтып тұратын еді. Ол кезде сахнаға шығару туралы ойламағанбыз", - дейді анасы.

Сөйтіп, сахнаға алғаш шыққан Мұхаммед Нәдір өмірін әнге арнауды ұйғарады. Бесінші сыныпты тәмамдаған ол бүгінге дейін сегіз байқауға қатысып үлгерді. Оның жетеуінде бас жүлде еншілесе, біреуінде бірінші орын алған.

Ал биыл жас әнші "Жұлдызай" фестиваліне қатысу үшін Алматыдағы іріктеуге барған. Одан сүрінбей өткен Мұхаммедті ұйымдастырушылар Астанаға фестивальге шақырған.

"Балам, осылайша, өнердегі алғашқы қадамдарын жасап келеді. Өзі қаласа, музыка мектебіне береміз. Қазір де іздестіріп жатырмыз. Мұхаммедті оқыта аламын дейтін мұғалім болса, ойланбастан келісер едік. Қазір вокал үйірмесіне апарып жүрміз. 2-3 айдан бері оған ән өнерін Қыдырбек Мәлібеков үйретіп жатыр", - дейді Мейрамгүл Өмірбаева.

Мұхаммедтің көзі көрмесе де, ән жаттауға қабілеті мықты. Оған бір әнді жаттап алу үшін ұзақ тыңдаудың қажеті жоқ.

"Теледидар не радиодан бір ән естіп қалсақ, интернеттен тауып, Мұхаммедке жүктеп береміз. Үйде өзінің музыкалық колонкасы бар. Өзі соны қосып, қайталай тыңдап, жаттап алады. Оған көп уақыт та қажет емес. 1-2 рет тыңдау жеткілікті", - дейді анасы.

Мұхаммедтің өзі қазақ эстрадасынан Қайрат Нұртас, Төреғали Төреәлі және Ернар Айдарды жиі тыңдайтынын айтады. Олардың көп әнін жатқа біледі екен. Сонымен қатар, қазір талантымен әлемді тамсандырып жүрген Димаш Құдайбергеннен де үлгі алады.

"Алғаш рет сахнаға 1-сыныпта шықтым. Сол кезде қобалжығаным әлі есімде. Бірақ бірте-бірте үйреніп кетеді екенсің. Қазір сахнаға шыққым келіп тұрады. Сахнада тұрғанда, баяғыдай қобалжымаймын, керісінше, қуанамын", - дейді Мұхаммед Нәдір.

Мұхаммед Төреғали Төреәлінің "Анашым-ай" әнін орындағанды жақсы көреді. Бұл әнді ол әнші ағасымен бір сахнада айтқан екен.

"Баламның суреттерін, айтқан әндерін Instagram желісіндегі парақшама салып жүремін. Бір күні ұлымның орындауында Төреғалидің бір әнін жариялаған едім. Оны Төреғали көріп, Қаскелеңдегі концертіне шақырды. Сөйтіп, сахнада "Анашым-ай" әнін екеуі бірге орындап шықты. Кейін Төреғали Мұхаммедке өзінің алтын сағатын сыйға тартты", - дейді Мейрамгүл Өмірбаева.


Суреттер кейіпкердің жеке мұрағатынан

Енді Мұхаммед әнші Димаш Құдайбергенмен кездесіп, онымен бірге ән шырқауды қалайды.

"Бұрын зағип балалардан құралған "Сәт" тобы болғанын естігенмін, әндерін тыңдадым. Мен де ешқандай қиындыққа қарамастан, өмірімді әнмен байланыстырғым келеді. Егер әлемдегі кез келген әншімен сахнаға бірге шығатын мүмкіндігім болса, Димаш Құдайбергенді таңдар едім. Онымен бірге ән айтып, болашақта Димаш ағамдай танымал әнші болуды армандаймын", - деді Мұхаммед сөз соңында.

Еске салайық, Tengrinews.kz редакциясы "Қазақстанның талантты балалары" жобасын бастаған еді, оның мақсаты - біздің, қазақстандықтардың жас дарындарымыз жайлы білсін деген ниет. Елімізде ең ақылды, өнерлі, алғыр балалар бар деп сенеміз. Егер сіздің балаңыз қандай да бір дарынымен таңғалдырса, ол жайлы оқиғаңызды бізге kids@tn.kz поштасына жіберіңіз. Сондай-ақ, сайтта көрсетілген телефондар арқылы редакцияға хабарласып, әңгімелеп бере аласыз.

Арнайы жоба ERG компаниясының қолдауымен өтіп жатыр. Бұған дейін де ERG компаниясымен бірге "Батырлар арамызда", "Жеңімпаздар" жобалары қолға алынған еді.

Получить короткую ссылку

Автор :

  • Подписаться на канал новостей TengriNews:

  • Google News
  • Yandex News
  • Yandex Zen

Нравится Поделиться
Пікір қалдырыңыз
Читают
Обсуждают
Сегодня
Неделя
Месяц