ПОДЕЛИТЬСЯ
27 октября 2021 | 15:41
Dior және Facebook компанияларымен жұмыс істеген қазақстандық өзінің фильмін түсіреді
Қазақстандық Камила Дәуренова Tengrinews.kz тілшісіне әлемнің ең үздік брендтерімен жұмысы және алда болатын Қазақстандағы түсірілім туралы айтып берді.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Қазақстандық Камила Дәуренова Tengrinews.kz тілшісіне әлемнің ең үздік брендтерімен жұмысы және алда болатын Қазақстандағы түсірілім туралы айтып берді.
Өскемендік Камила биыл 24-ке толды. 2017 жылдан бері АҚШ-та тұрады. Ол атақты Нью-Йорк университетінің грантын жеңіп алып, Тиш өнер мектебінде білім алды. Бүгінде Дәуренова жарнама әлемінде өзіндік орны бар маманға айналып, Facebook, Dior, Michael Kors, Nike, Vans және тағы да басқа алып компаниялармен жұмыс істейді.
Камиланы оқыту үшін әкесі көлігін сатқан
Камила 2 жасында отбасымен бірге Алматыға көшіп келген. Кейін "Мирас" халықаралық мектебіне қабылданып, 16 жасында Назарбаев университетінің дайректіне түседі. Ең қызығы, ол хирург болуды көздепті, бірақ бір жылға ғана созылған оқу кезеңінде Камиланың жаны мүлде басқа саланы қалайды.
"Әкем менің шетелде оқығанымды қалады және осы жолда ешқандай ауыртпалыққа мойынсұнбай, қолынан келгеннің бәрін жасады. 2008 жылғы жалпыәлемдік дағдарыстан кейін отбасымыздың қаржылық жағдайы қатты нашарлап кетті. Ата-анам сол кездің өзінде көп қаражатты талап ететін "Мирас" мектебінде оқытты. Сондағысы ағылшын тілін жетік меңгеріп, шетелге шығуға мүмкіндігі ашылса деген ой еді. Олар мені "Мираста" оқыту үшін көп адамнан қарыз алды, тіпті, әкем астындағы көлігін де сатып жіберген еді", - дейді ол.
Дәуренованың сөзінше, әлеуметтік желілерде оның жетістігін жоғары лауазымдағы шенеунік болған әкесімен де байланыстыратындар бар екен.
"Бар шындығымды айтып отырмын ғой. Кейде желілерде маған небір ғайбат сөздер айтылады. Бірі шенеуніктің қызы десе, екіншісі ақшаның күшімен ғана көтерілді деп жүр. Мен оқыған мектепте кілең ауқатты отбасылардың ұл-қыздары болғаны ешкімге де жасырын емес. Десе де, менің жағдайым мүлде бөлек еді. Балалық шағымды есіме жиі алғым келмейді, неге десеңіз, сыныптастарым қымбат киім кимегенім үшін де мазақ қылып, ұрып-соғатын. Мен ол ортада бөтен болдым, олардың өмірге деген көзқарасы мен құндылықтарын жат көрдім. Бірақ менің ешқашан сағым сынған емес. Керісінше, өзімді дәлелдеуге тырысып, жақындарымның үмітін ақтағым келді. Бұл бір қиын кезеңдер болды", - деп еске алды Камила.
"Психологтың көмегіне жүгіндім"
Кейіпкеріміз жүйке ауруына шалдығып, бірнеше жыл бойы ем алған. Камиланың пайымдауынша, ішкі жан дүние қиналғанда көмек сұрау әлсіздік емес.
"Сол шақтары менің жүйке жүйем сыр беріп, адам шошитын түрлі симптомдары бар психикалық ауруға шалдықтым. Алғаш рет паникалық шабуылдар басталғанда жүрегіме бірдеңе болғандай сезіліп, тыныс алуым қиындап кетті. Одан бөлек, 13 жасымда тамақтану тәртібім бұзылып, мең-зең болдым. Кейіннен диагноздарын тауып, психологтың көмегімен ем ала бастадым. Шынымды айтсам, жас кезімнен-ақ психологқа жүгінгенім үшін өзімді қояр жер таппаған кездер де болды. Содан кейін бірнеше жыл өтті. Қазір өзімді керемет сезінемін және мамандардың көмегін бұған қолданбағаным үшін өкінемін. Біреуден жасқанып, ұялғаннан ұтарың жоқ екенін адамдар түсінуі керек. Мұндай жағдай тек менің басымнан өтті деп айту қиын ғой. Біздің елде бұл көп қозғалмайтын тақырып. Сол себепті Қазақстанда адамның психикалық денсаулығы туралы әңгіме ашық болса екен деп тілеймін", - деді ол.
"Нью-Йорк университеті құны 240 000 доллар грант ұсынды"
Мектептегі әлімжеттіктен кейін Камила Дәуренованың медицина саласына көңілі ауып, Назарбаев университетіне оқуға түседі. Алайда ол бала кезінен өнерге бейім болып, сабақтан тыс уақытында шағын мультфильм түсіре бастайды. 1 курстан кейін дәрігер боламын деген мақсатынан бас тартып, жеке портфолиосын толықтырумен айналысады. Сөйтіп, 2015 жылы Нью-Йорк университетінің Тиш өнер мектебінен шақырту алды.
"Былай қарап тұрсаңыз Назарбаев университетіне екінің бірі түсе бермейді. Одан қалды, бірден медицинадан өнер әлеміне ойысқандар да жоқтың қасы. Десе де, мен кім болғым келетінін 18 жасымда ғана ұқтым. Күні-түні шығармашылықпен айналысып, өзім түсірген видеоларды шетелдің студияларына жіберіп отыратынмын. Бірде Нью-Йорк университеті менің өнерімді жоғары бағалап, грант бөлетін болды. Бастапқыда тілім байланып, сенбедім, өйткені ол Американың кинематография бойынша ең қымбат университеті еді ғой. Жалпы құны 240 000 доллар грант сертификатын қолыма алғандағы қуанышымды айтып жеткізе алмаймын", - дейді жас қазақстандық.
Камила Дәуренованың алғашқы жұмысы
MTV мен Saturday Night Live шоуына қалай келді?
Камила Дәуренова Нью-Йорк университетінде 4 жыл білім алып, оқуын қызыл дипломмен бітірді.
"Мен Университеттің Тиш өнер мектебінде оқыдым. Өнер деген кең ұғым ғой, кез келген студент өзінің қалаған саласын таңдады. Ал менің таңдауым бейнемонтаж қызметі болды. Бакалавриат кезінде жыл сайын түрлі жанрдағы фильм жасадық. Студенттерге атақты режиссер және продюсерлермен бірге жұмыс істеуге мүмкіндік туды. Осы мүмкіндікті жіберіп алмауға тырыстым. Алғашқы жұмысымның бюджеті аз болса да, көптеген танымал өнер майталманы тамсанып, мені жұмысқа шақыра бастады. Оқып жүргенімде MTV арнасы және Saturday Night Live жобаларында бейнемонтажбен айналысып, режиссердің көмекшісі қызметін атқардым", - деді ол.
Бейнемонтаж ісі және жарнама индустриясының алыптарымен жұмыс туралы
Қазір Камила кәсіби монтажер. Ол бірнеше жылдың ішінде тек Америка емес, Канада, Жапония және Еуропа елдеріне танылып үлгерген.
"Негізі Қазақстан тұрмақ, Американың өзінде жұмысқа байланысты дискриминация бар. Менің саламда ер адамдар көп болғандықтан, көбісі әйел монтажерлердің білігіне күдікпен қарайды. Жұмыс процесіне келетін болсақ, атқаратын қызметіміз бір. Бүгінде мен толық түсіріліп болған материалды қабылдап, оның ішінен өзіме ұнаған тұстарын кесіп аламын. Мен кішкентай детальдерге аса мән беремін, бір секундта кемінде 24 кадр іздеймін. Одан бөлек, видеоға звук қарастырамын. Бұл өте ауыр жұмыс, кейде компьютердің алдында қалай 10 сағат отырғаныңды білмей қаласың", - деді Дәуренова.
Vans брендімен жұмысы
Бүгінде оның портфолиосы көптеген шетелдік алып компаниямен толықты. Олардың қатарында Facebook, Dior, Michael Kors, Nike, Puma, Under Armour, Adidas және Vans бар.
"Шынтуайтында, алып брендтермен бірлескен жұмысым қарапайым тапсырыстардан еш айырмасы жоқ. Мұндағы басты мәселе - қаражат. Танымал брендтер өз жарнамаларына қаржыны аямай құяды. Ал ол сомаға сапалы контент жасауға болады. Актерлерге, түсірілім алаңына, жарыққа, гримерлерге және тағы да басқа қосымша қызмет көрсету орталықтарына өте көп ақша кетеді. Есесіне ондай тапсырыс берушілердің талаптары жоғары, артық қылтың-сылтыңды кешірмейді. Дедлайнды өте қысқа мерзімге қойып, жағадан алады. Бұл түсінікті құбылыс, өйткені АҚШ-та әр секундтың өзі бағалы", - дейді қазақстандық монтажер.
Келесі жылы Қазақстанда фильм түсіреді
Қазақстандық Камила Дәуренова жақын аралықта Қазақстанда қысқаметражды фильм түсірмек.
"Шынымды айтсам, бұл түсірілімді асыға күтіп жүрмін. Жасыратыны жоқ, жүрексінемін де. Себебі бұрыннан бері туған жерімде сапалы өнім түсіруді көзден жүрген едім. Университеттің соңғы курсында арнайы сценарий жазып, Қазақстанды әлемдік аренада көрсеткім келген. Жолым болып, Альфред Слоунның қоры ұсынған 30 000 долларлық конкурсты жеңіп алдым. Сол жобаны жүзеге асырудың сәті енді туған сияқты. Әзірге фильмнің сюжеті туралы ауыз ашқым келіп тұрған жоқ, құпия болып қала берсін", - деп сөзін аяқтады ол.
Сұхбаттасқан Мұхтар Жәмішжанов
Суреттер Камила Дәуренованың жеке мұрағатынан
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!
Показать комментарии
Читайте также