ПОДЕЛИТЬСЯ
14 января 2019 | 13:16
"Еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін лудоман". Дәрігер қазақстандықтардың құмары жайлы
Таяуда қазақстандық психологтар лудоманияның дерт екенін айтып, дабыл қақты. Лудомания деп медицинада ойынқұмарларды айтады. Олардың айтуынша, бұл алкоголь немесе есірткіге тәуелді болуға қарағанда емдеуі қиын ауру екен. Осы ретте Tengrinews.kz тілшісі түрлі тәуелділік ауруларын емдеумен айналысатын дәрігер психотерапевт Тимур Мұстафаевпен сұхбаттасты.
Еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін оңай ақшаға құмар
ПОДЕЛИТЬСЯ
Таяуда қазақстандық психологтар лудоманияның дерт екенін айтып, дабыл қақты. Лудомания деп медицинада ойынқұмарларды айтады. Олардың айтуынша, бұл алкоголь немесе есірткіге тәуелді болуға қарағанда емдеуі қиын ауру екен. Осы ретте Tengrinews.kz тілшісі түрлі тәуелділік ауруларын емдеумен айналысатын дәрігер психотерапевт Тимур Мұстафаевпен сұхбаттасты.
Еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін оңай ақшаға құмар
Дәрігер құмар ойындарына тәуелділікті емдеудің қиын екенін және бұл дерттің адам баласында тіпті 5-6 жастан басталатынын айтады.
"Бұл тәуелділік 5-6 жастан басталады. Яғни қазір ата-аналар балаларына телефонды берген кезінен басталады деп айтуға болады. Баланың өмірге деген көзқарасы 5-6 жасында қалыптасады. 14 немесе 20 жаста емес. Ми 14 жасқа дейін дамиды, ал 14 жастан кейін сыртқы факторларды қабылдайды. Дәл осы уақытта яғни 5, 7, 10 жаста балалар адамдармен қалай сөйлесу керектігін, кімнен үлгі алатынын түсіне бастайды. Бірақ дәл осы кезеңде, өкінішке қарай, ата-аналар балаларына телефонды бере салады", - дейді психотерапевт.
Оның айтуынша, мұнда ең бастысы отбасы болып қолдау білдіру қажет.
Көмекке 19 жастан 60 жасқа дейінгі адамдар келеді
"Менің тәжірибемде 17 жыл бойы құмар ойын ойнаған жігіт те болды. Ол толықтай емделіп шықты. Әйелімен бірге келген болатын. Отбасылы, бала-шағасы да болды. 2,5 жылдан аса уақыт өтті, ол қазір ойнамайды. Сол кезде бизнесі де болған еді. Ал былай көбіне көмекке 19 жастан 60 жасқа дейінгі адамдар келеді. Жақында 68 жастағы ер адам да келген болатын", - дейді Мұстафаев.
Осы ретте дәрігер көмегіне жүгінген клиенттері жайлы әңгімелеп берді. Мұстафаев 17 жыл уақыт ойындарға тәуелді болған жігіттің оқиғасы мектеп кезінен басталғанын айтады.
"Ол бастапқыда аппараттарда ойнап жүрген, кейіннен ойын күнделікті өміріне айналған. Букмекерлік кеңселер мен казинолардағы ойындар өмірінің бір бөлігі болған. Барлық ақшалай капиталын жоқ қылған, сосын ұттырған ақшасын қайтып ұтып алу үшін көлігін, тіпті пәтерлерін тіге бастаған. Шотындағы миллиондаған ақшадан басқа, үш көлігі мен екі пәтерін тіккен. Ақшасы таусылса да, тоқтамай, ары қарай қарызға бата беріп, қарызы белшесінен асқан. Содан, әрине, айғайлар, қорқытулар болған. Кейін оны маған әйелі әкелді. Емдей бастадық, менің әдісім және кеңестерім нәтижесін берді. Ең бастысы - өзің соны қалауың керек. Ол жігіттің соңында айтқаны "17 жыл ойнадым, айтарым - тоқтауға ешқашан кеш емес", - деп әңгімелеп берді маман алматылық жігіттің оқиғасын.
Айтуынша, қазір ойнамағанына бір жылдан аса уақыт болған.
Осы ойындардың тағы бір құрбаны болған екінші жігіт болса дәулетті отбасынан шыққан, айына тіпті 2000 доллардан 8 000 долларға дейін табыс тапқан екен.
Қарызы 12 000 долларға жеткен
Дәрігердің айтуынша, барлығы букмекерлік кеңседе теннис көруге барудан басталған.
"Ең бірінші рет үлкен сомада ақша жеңіп алған. Бірақ уақыт өте келе тек жеңіле берген. Содан барлығын ұтылған ақшасын қайтару үшін тағы да ойнап, ақырында қарызы 12 000 долларға жеткен. Сосын көлігін сатпақшы болған. Абырой болғанда, бұл қадамға барар кезде әйелі барлығын біліп, үйде жанжал шыққан. Бұл жағдайда да әйелі көмектескен. Ол жігіт бірінші сеанстан кейін-ақ өз әрекеттерінің дұрыс еместігін түсінген. Ол уақытқа дейін басқа әлемде жүрген, ештеңені түсінбеген", - дейді психотерапевт.
Бұдан бөлек, Мұстафаев 21 жастағы жігіттің әр ұтылған сайын күйзеліске ұшырап, толықтай тәуелді болып кеткен жағдайын мысалға келтірді.
Маманның айтуынша, ол жігіт алғаш рет 30 000 теңге жеңіп алған. Студент үшін бұл орташа сомадағы ақша болды деп айтуға болады.
"Содан ол 30 000 теңге тіккен соң 180 000 теңге жеңіп, жеңіл ақша табудың жолын таптым деп ойлаған. Күні-түні сол ақшаны ойлай бастаған. Нағыз тәуелді адам болған. Әр жеңіліс тапқан сайын күйзеліске ұшырап, ашуға салынған. Өмірдің мәні жоғалып барады деп ойлаған. Ақша тіккен сайын рахатқа бөлінген. Ал жеңілген сайын күйзеліске түсе берген. Ақшасы таусылғанда айғайлағысы келетін, себебі қарызды қайтару керек. Кейіннен анасының айтқан сөзін тыңдап, аноним түрде емге келді. Ол келгенде өмірінің күл-талқаны шыққан 21 жастағы жігітті көргендей болдым. Бірнеше сеанстан кейін бойында сенім пайда болды. Қазір бағдарлама жасаушы болып жұмыс істеп жүр. Германияға магистратураға түспекші", - дейді Мұстафаев.
Суреттер pixabay.com сайтынан
Емдеудің жалғыз жолы
Мұстафаевтың айтуынша, құмар ойыншыларды емдеу өте қиын. "100 пайыз адамның шамамен 15 пайызын ғана емделеді деп айта аламын. Олармен бірінші кезекте когнитив-тәртіптік терапия жүргізіледі. Яғни бірінші кезекте оның сана-сезімін, ойын өзгерту керек. Себебі оның қазіргі ойы мүлде дұрыс емес. Мысалы, кез келген науқасты алсаң, олар тек оңай ақшаны ойлайды. Яғни миы солай ойлайды, миы соған үйреніп қалған", - дейді дәрігер.
Осы ретте Мұстафаев бұл дертті адамның сана-сезімін өзгерту арқылы бірнеше сеанспен емдеуге болатынына сендіреді.
Оның айтуынша, құмар ойындарға темекі немесе алкоголь тәуелдігі сияқты біраз уақыттан соң ғана тәуелді болмайсың, оған тез арада ұшырайсың. 1-2 жылдан кейін көп ойнап кетсе, оны емдеу өте қиынға соғады екен.
"Біріншіден, алкоголь, темекі, есірткі, оның барлығы - химиялық есірткі. Құмар ойындар да есірткі, бірақ олар химиялық емес. Олар да адамды әлсіретеді. Айырмашылығы ол химиялық емес, бірақ басқа есірткі сияқты әсер етеді. Ол тіпті салыстыруға келмейді. Өте мықты есірткі. Ең жаманы адамның психикасын тез арада өзгертеді", - дейді маман.
Осыған байланысты дәрігер ойынға тәуелді болып бара жатқаныңыз сезілсе немесе басқа біреудің виртуал әлемде өмір сүріп кеткенін байқаған жағдайда, еш ұялмай, маманға көрінуге кеңес беру керек дейді. Психотерапевт құмар ойындардың әлеуметтік есірткі екенін ескертіп және оның алдын алу қажеттігін айтады. Айтуынша, барлығы аноним түрде емделеді. Ең бастысы - дәрігерге дер кезінде көріну.
Вопрос от автора
Что вы об этом думаете?
Комментарии проходят модерацию редакцией
Показать комментарии
Читайте также