ПОДЕЛИТЬСЯ
24 января 2020 | 15:16
"Google-да жұмыс істеймін" - Швейцарияда тұратын қазақстандық жігіт
28 жастағы шымкенттік бағдарламашы Аман Өтемұратов бүгінде әлемдегі ең алып компаниялардың бірі Google-да қызмет атқарады. Қазір отбасымен Щвейцарияның Цюрих қаласында тұрып жатыр. Қазақстандық жігіт Tengrinews.kz тілшісіне жұмысы мен өмірі туралы айтып, компаниядағы атмосфера және Google-ға жұмыс істеуге барғысы келетін қазақстандық неге дайын болуы керек екенін түсіндірді.
ПОДЕЛИТЬСЯ
28 жастағы шымкенттік бағдарламашы Аман Өтемұратов бүгінде әлемдегі ең алып компаниялардың бірі Google-да қызмет атқарады. Қазір отбасымен Щвейцарияның Цюрих қаласында тұрып жатыр. Қазақстандық жігіт Tengrinews.kz тілшісіне жұмысы мен өмірі туралы айтып, компаниядағы атмосфера және Google-ға жұмыс істеуге барғысы келетін қазақстандық неге дайын болуы керек екенін түсіндірді.
Аман Өтемұратов мектепті үздікке бітірген. Бала кезінен бұл салаға аса қызығушылық танытпағанымен, бағдарламашы мамандығына түсуге әкесінің кеңесі септігін тигізген екен. Айтуынша, университетке алғаш келгенде курстастарының көбі сияқты бағдарламалау тілімен таныс болмаған. Сондықтан, қатарына ілесу үшін, үнемі ізденісте жүріп, саланы терең меңгере бастаған. Осылайша, жігіттің қызығушылығы одан ары артып, IT төңірегіндегі мемлекеттік, халықаралық олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындар алған. Бұл оның білімін жетілдіріп, жақсы тәжірибе жинауына көп көмектескен екен.
Ол 2013 жылы университет тәмамдағаннан кейін банкте жұмыс істеген. Айтуынша, Қазақстанда жүргенде біліктілігін әлемдік деңгейге жеткізгісі келген.
"Ал әлемнің ірі компаниялары шет елдерде орналасқандықтан, мақсатым қалайда сонда жұмысқа орналасу болды. 2017 жылы Амстердамдағы Booking, яғни дүниежүзіндегі 900 мыңнан аса қонақүйді брондауға мүмкіндік беретін компанияға кірдім. Ондағы әріптестерімнен көп нәрсе үйрендім, тәжірибе жинадым. Дегенмен Google бұрынғы арман-мақсатым болғандықтан, сол жерге ауысып көруге бел будым", - дейді ол.
Аман Өтемұратов Google-ға екінші мүмкіндіктен кейін ғана орналаса алған. Айтуынша, сұхбаттасудан бірінші рет өте алмасан, келесі жылға дейін қателіктеріңмен жұмыс істеп, қайта тапсыруға болады.
"Қазір видео-жарнама бөлімінде Sowftware engineer болып жұмыс істеймін. Бастағаныма жарты жыл болса да, әлі үйренерім көп", - дейді бағдарламашы.
Цюрихтағы Google-да 4 қазақ бар екен. Аман Өтемұратов олармен жиі кездесіп, шай, кофе, түскі ас ішіп, бір-бірінің үйіне қонаққа барып, пикниктерге шығып тұратындары айтты.
Google-да белгілі бір жұмыс кестесі жоқ, әркім өзіне ыңғайлы уақытта жұмыс істейді екен.
"Бұл жағынан Google-ды өте flexible десе болады, яғни жұмыс уақытына еш шектеу жоқ. Мен көбіне сағат 9-10 арасында жұмысымды таңғы кофемен бастағанды ұнатамын. Шет елге көшкелі таңғы шайдан кофеге көштік. Ол уақытта әріптестеріммен әңгімелесіп, жұмысты талқылаймыз. Одан соң әдеттегідей пошта тексеріп, хаттарға жауап беремін. Кейін өз жобаларыммен айналысамын. Арасында түскі ас та бар", - дейді ол.
Аман Өтемұратов гуглдықтарда бар синдром туралы да айтты.
"Ал жұмысты қиын не оңай деп айта алмаймын. Бұл компанияға қызметке тұра алсаң, қабілетіңнің бар болғаны. Imposter syndrom деген бар, гуглдықтардың 50 пайызында сол синдром кездеседі деген зерттеулер де шықты. Яғни өзіңді бұл жерде жұмыс істеуге лайық емес сезіну, басқаны артық санау. Қуанышыма орай, өзімнен бұл синдромды әлі байқай қоймадым", - дейді қазақстандық жігіт.
"Қазақтарды сағынады екенсің"Бағдарламашы әріптестерімен қарым-қатынасы өте жақсы екенін айтты. Оның командасында өте тәжірибелі мамандар жұмыс істейді екен, айтуынша, олар сұрақтары болса, қашан да көмектесуге дайын. Әріптестерімен жұмыстан тыс уақытта да бірге уақыт өткізіп, мейрамханада кешкі ас ішіп, үйлеріне пицца жеу үшін жиналып тұратын көрінеді. Алайда Аман Өтемұратов қазақтарды сағынатынын да мойындады.
"Booking-тегі достарыммен де әлі араласып тұрамын. Мен ол жерден шығарда 20 шақты қазақ жұмыс істейтін, сондықтан отандастарымды қатты сағына қоймайтынмын. Ал мұнда 4 қана қазақ болғандықтан кейде қандастарымды я болмаса "Букингтегі" достарымды сағынамын. Уақыт өте мұнда да өзіміздің жастар көбейер деп үміттенемін", - дейді ол.
Қазақстандық жігіттің айтуынша, ең алдымен жақындарыңнан алшақ өмір сүруге дайын болуың қажет.
"Интернетте Google-ға қалай жұмысқа тұруға болатыны туралы мағлұмат өте көп. Шын жүректен қалап, еңбектенген адамның қолынан келетін іс. Бұл сұраққа басқа қырынан жауап бергім келеді. Ең алдымен ұзақ уақыт туған туыстарыңды, достарыңды көрмеуге дайын болу керек. Әрине, кез келген жерден дос табуға болады, бірақ алғаш кездері жалғыздық сезім болады деп ойлаймын. Қазақтың тамағын сағынасың. Мұнда қазы-қарта, қымыз-қымырандарымызды табу қиын. Әр түрлі ұлт өкілдері жұмыс істейтін ортаға түсуге дайын болың қажет. Әр адамның пікірі мен ойын, діні мен өзіндік ерекшелігін сыйлай білу керек", - дейді Аман Өтемұратов.
Оның айтуынша, компания жылына екі рет қызметкерлердің жұмысын бағалап тұрады.
"Әрине, жұмысты жақсы істесең, сыйақысын да беріп тұрады. Ал қойылған талапты нашар орындасаң, алдымен оның себебін түсінуге тырысады, содан соң проблемаларды шешумен айналысады. Компания әр қызметкерінің өнімді жұмыс істеуіне тілектес. Қалаған конференцияға, курстарға қатысып, біліміңді жетілдіруге болады. Сіздің істегіңіз келген нәрсе жұмысқа оң әсерін тигізсе, компания көмектесуге әрдайым дайын", - дейді Аман Өтемұратов.
Швейцарияда өмір қандай?Қазақстандық жігіт отбасымен Цюрих қаласында пәтер жалдап тұрады. Айтуынша, Google компаниясы тек жұмысқа алғаш келген уақытта, тұрғылықты пәтер тапқанға дейін уақытша қоныстануға көмек береді. Елде үш ірі ұлт өкілдері тұрады, ал халқы төрт тілде сөйлейді екен. Көбіне неміс тілін пайдаланады. Аман Өтемұратовтың айтуынша, Швейцарияда өмір сүру қымбат.
"Ет жемесек, жүре алмайтын қазақпыз ғой. Бақытымызға орай, мұндағы тағамдардың сапасы өте жоғары екен. Нидерландыдан көшіп келген соң ет пен сүт өнімдерінің дәм айырмашылығын қатты байқадық. Әйтеуір, керегіміздің барлығын тауып жүрміз. Дегенмен, тағамның сапасына сәйкес, оларға қойылған баға да өте жоғары", - дейді ол.
"IT саласында шеберлігімді шыңдап, бес-алты жылдан кейін елге оралуды көздеп отырмын", - деп қорытындылады Аман Өтемұратов.
Вопрос от автора
Что вы об этом думаете?
Комментарии проходят модерацию редакцией
Показать комментарии
Читайте также