"Жемқорлық атымен жоқ елде" тұрып жатқан қазақ қызы

22 Қараша, 19:07
6
"Жемқорлық атымен жоқ елде" тұрып жатқан қазақ қызы -

Жансұлу Әбдікерімқызы - Моңғолияда туып-өскен қазақ. Оның ата-анасы туған тілін, елінің салт-дәстүрін ұмытпасын деп Баян-Өлгейдегі қазақ мектептерінің біріне берген екен. Бүгінде ол - Сингапурда еңбек етіп жүрген білікті маман. Сингапурға 12 жыл бұрын көшіп келіпті. Жансұлу Әбдікерімқызы Tengrinews.kz тілшісіне Сингапурдағы өмірі, қызметі жайлы әңгімелеп берді. 

Айта кетейік, материалды дайындауға Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы
Төрағасының бірінші орынбасарының баспасөз хатшысы Сырымбек Төлеуұлы көмектесті

Жансұлу Әбдікерімқызы - мемлекеттік басқару мамандығы бойынша SDA Bocconi университетінде 2016-2017 жылдары магистратураны тәмамдаған. Ол Сингапурдың ұлттық университетінің қасындағы Lee Kuan Yew School of Public Policy жоғары мемлекеттану мектебінде жұмыс істейді.

Мекемеде Қазақстан, Ресей және Моңғолия мемлекеттерінің ортақ жобалары бар. Жансұлу сол жобаларға жауапты адам. Сонымен қатар, ол екі профессормен бірге еліміздегі Назарбаев университетіндегі мемлекеттану жобасына жауапты. 

Жансұлу орта мектепті бітіргеннен кейін Ұланбатырдағы мемлекеттік университеттердің біріне түскен. 2006 жылы оқу орнын аяқтағаннан кейін "Енді қайда барамын? Қайда еңбек етемін?" деген ой санасында болған. 

"Бакалаврды бітіргеннен кейін менің көкейімде "Енді қайда барып тірелемін? Қоғамға қандай үлес қосамын?" деген сұрақтар туындай бастады. Содан кейін талпыныстың арқасында өз өзімді таба білдім. 2007 жылдың ақпанында Сингапурға оқуға түстім. Басты мақсатым - ағылшын тілін үйренуді жалғастырып, дамытсам деген ой болды. Себебі кейін Моңғолияға оралғанда жақсы жұмыс табармын деген үміт болды. Менің шетелге жол тартуыма ықпал еткен әпкем - Бұлбұл деген кісі", - дейді Жансұлу. 

Жансұлудың сөзінше, ол Сингапурға көшейін деп қоныс аудармаған. Шет елге көшудегі мақсаты - білім алу болған. Тіпті 6 айлық ағылшын курсынан кейін Моңғолияға қайтып кеткен. 

"Елде екі айдай болдым. Бірақ іштей Сингапурды сағынып жүрдім. Сөйтіп "Қаржы және бухгалтер" мамандығы бойынша Сингапурға оқуға келдім. Содан кейін 2010 жылдары ресми түрде жұмыс істей бастадым", - дейді ол. 

Кейіпкеріміз "Қазақстан мен Сингапурды салыстыра алмаймын" дейді. Себебі ол Қазақстанда тұрмаған. Келсе тек іссапармен келіп тұрған. 

"Мен Қазақстанда өмір сүріп көрген жоқпын. Тек биыл тамыз бен қараша аралығында жұмыс бабымен болдым. Студенттік шағым, қоғамдағы өз орнымды табу кезеңі Сингапурдан басталғандықтан бұл елді өзге елдермен салыстыру мен үшін күрделірек. Сингапур - пайдалы қазбалар қоры аз болғанымен Азияның ең дамыған мемлекеттерінің бірі. Сондықтан бұл елде білім, медицина тіпті туризм жоғары дамыған. Сонымен қатар, ең бастысы - бұл елде жемқорлық, пара алу деген атымен жоқ", - дейді Жансұлу. 

Жансұлу Сингапурда жемқорлық жоқ болғандықтан білім сапалы әрі жоғары деңгейде екенін атап өтті. 

"Бұл елде адам капиталы жақсы әзірленген. Сондықтан Сингапурдың әр саласы мықты деңгейде дамыған деп айта аламын. Сингапур - Азияның Швейцариясы деп саналады. Себебі Сингапур - Азияның қаржы орталығы", - дейді кейіпкеріміз. 

Жансұлу Сингапурдағы күнкөріс деңгейі, жалақысы жайлы да сөз ете кетті. 

"Негізі бұл жерде ең төменгі жалақы деген түсінік жоқ. Себебі барлығы қызметкердің білімі, тәжірибесіне байланысты есептеледі. Сәйкесінше жалақы сол деңгейде тағайындалады. Өз жалақым жайлы айтар болсам, нақты осындай сома аламын деп айта алмаймын. Бір ғана айтарым - егер менің жалақым төмен болса мен 10 жыл бойы Сингапурда қызмет етпес едім. Өйткені Сингапур - дүниежүзіндегі ең қымбат елдердің бірі", - дейді Жансұлу. 


Сингапурдың білім министрі Ong Ye Kung

Жансұлу Қазақстанға келіп, еңбек ету алдағы жоспарда бар екенін айтты. 

"Бауырларымның көбі Қазақстанда. Ата-анам Моңғолияда туып-өскенімен 10 жыл болды осы Қазақстанның азаматтары. Астанада тұрады. Ол кісілер де атажұрт деп атамекенге бас бұрған. Жүрегімнің түбінде күндердің күнінде жиған тәжірибем мен білімімді өзімде ғана сақтамай, өзгелермен де бөліссем деген ой жүреді. Бар тәжірибемді Қазақстанның дамуына, өркендеуіне қосқым келеді", - дейді Жансұлу. 

Жансұлу - төрт тілді жетік меңгерген маман. Ол туған тілі қазақ тілі, моңғол, орыс және ағылшын тілі. Кейіпкеріміз отбасымен тек қазақ тілінде сөйлеседі екен. 

"Әрине туғаннан екі тілді қатар алып жүрдім. Олардың бірі ана тілім - қазақ тілі болса, Моңғолияда тұрғандықтан моңғол тілін де білдім. Үйде қазақ тілінде сөйлесеміз. Университетте оқыған кезде орыс тілін де үйрендім. Ағылшын тілін Сингапурға келгенде жетік меңгердім. Көп тіл білу арқылы көптеген жетістікке жеттім, көп дос таптым. Мұнымен тоқтап қалғым келмейді. Әлі француз не испан тілін үйренгім келеді", - дейді ол. 

Бүгінде сыртта жүргенімен ауқымды жобалар арқылы Қазақстанның дамуына үлес қосып жүрген кейіпкеріміз алдағы таңда Қазақстанға барып, қызмет етуді де ойлап жүргенін айтты. 

Получить короткую ссылку


  • Подписаться на канал новостей TengriNews:

  • Google News
  • Yandex News
  • Yandex Zen

Нравится Поделиться
Пікірлерді көру (6)
Читают
Обсуждают
Сегодня
Неделя
Месяц