ПОДЕЛИТЬСЯ
22 апреля 2019 | 18:54
"Жетімнің ұлтына, жасына қарамаймын дедім" - Сегіз бала асырап алған ана
Қазақ өзін "жетімін жылатпаған халықпыз" деп атайды. Ежелден бері қазақ қамқорсыз баланы далада қалдырмаған. Соған орай түрлі ырымдар мен дәстүрлер де пайда болды. Қазіргі таңда да жетімін жылатпай, ана орнына ана болып, қамқорына басқандар бар. Солардың бірі - Жанар Байжұлдинова. Ол бүгінге дейін сегіз бала асырап алған. Олардан бөлек, тағы үш сәбиді дүниеге әкелген. Қамқор ана Tengrinews.kz тілшісіне өз оқиғасын баяндады.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Қазақ өзін "жетімін жылатпаған халықпыз" деп атайды. Ежелден бері қазақ қамқорсыз баланы далада қалдырмаған. Соған орай түрлі ырымдар мен дәстүрлер де пайда болды. Қазіргі таңда да жетімін жылатпай, ана орнына ана болып, қамқорына басқандар бар. Солардың бірі - Жанар Байжұлдинова. Ол бүгінге дейін сегіз бала асырап алған. Олардан бөлек, тағы үш сәбиді дүниеге әкелген. Қамқор ана Tengrinews.kz тілшісіне өз оқиғасын баяндады.
"Бәрін басынан бастайын. Бала асырап алмас бұрын өзімде екі балам болды - Аружан мен Даниал. Даниалға эпилепсия диагнозы қойылған болатын. Егер бір баланы асырап алсам, Алланың сауабы тиеді деп ойладым. Сөйтіп, баламның денсаулығы да жақсарады деп сендім. Ол кезде жалғызбасты ана едім. Алғашқы баламды сондай ниетпен асырап алғанмын. Бала асырап алуға құжаттар дайындап жатқанымда, Даниалдың да беті бері қарай бастады. Кейін сырқатынан толық айықты. Сөйтіп, төрт айлық орыс қызды асырап алдым. Есімін Дарьяжан деп қойдық. Кейін Аружан қызым "Даниал мен Дарьяжан - қатарлас, екеуі бірге ойнайды. Ал мен жалғызбын. Сондықтан, менімен жасты тағы бір бала алсаң жақсы болар еді" деп ұсыныс жасады", - дейді Жанар.
Сөйтіп, Байжұлдинова 12 жастағы қызына қатарлас бала іздеп барады. Бірақ балалар үйінде Аружанмен жасты қазақ қызы жоқ екен.
"Жарайды, жетім баланың ұлтында айырмашылық жоқ. Орыс болсын, неміс болсын, ала беремін" дедім. Осылайшаға, отбасымызға 13 жастағы Татьяна қосылды. Екі жылдан бері ол жоғары білімін Бейжіңде алып жатыр", - дейді ол.
Сөйтіп, екі қыз асырап алған Байжұлдинова балалар үйіндегі қазіргі ахуал туралы ойлана бастаған.
"Сол кезде байқағаным балалар үйінде жетімдердің дамуына, өсуіне көп зиян болады екен. Нағыз отбасы жетіспейді. Сондықтан, үлкен қыздарым Аружан мен Татьянамен ақылдасып, тағы да балалар асырап аламыз деп шештік. Сөйтіп, қамқорлық органынан маған ешкім алмай жүрген балаларды беруін сұрадым. Ұлтына, жасына қарамаймын дедім. Осылайша, тағы алты баланы асырап алдым", - дейді көпбалалы ана.
2017 жылы ол он баласымен тұрмысқа шығып, тағы бір сәбиді дүниеге әкелген. Бүгінде Жанар Байжұлдинова 11 баланы тәрбиелеп отыр.
Оның айтуынша, Қазақстанда бала асырап алу процесі күрделі емес. Қажетті құжаттарды өткізгеннен кейін, жетім балалардың бірыңғай базасына тіркеледі. Артынша, сол база арқылы бүкіл Қазақстандағы жетім балалардың анкетасын қарап, ұнағандарына кезекке тұрады.
"Есейіп қалған балаларды асырап алу қиын емес. Ал жаңа туған нәрестені алу қиын. Себебі мұнда кезек ұзын болады", - дейді Байжұлдинова.
Суреттер Жанар Байжұлдинованың Facebook парақшасынан
Жанардың бала асырап алу кезіндегі жалғыз сенімі - Құдайдың бергеніне көну. Одан бөлек ешқандай ырым мен ғұрып жасамайтынын айтады.
"Бұл кезде тек Құдайға ғана сендім. "Мынаны аламын, мынаны алмаймын" деп таңдап жүргім келмеді. Қазір кімнің есімін атайды, соны аламын деп шештім. Басында тек қазақ бала асырап алуды қалаған едім. Бірақ қазір Татьянаны мен асырап алмасам, кейін ешкім алмайтынын түсіндім. Бір қызығы, кейін Татьянаның әкесі қазақ болып шықты", - дейді ол.
11 баланың анасы жетімді асырап алатын кезде, оның жасына, түріне және ұлтына қарамауға шақырады.
"Бізде отбасылар көбіне өзіне ұқсастарын іздейді. Кейін біреу біліп қояды деп қорқады. Бірақ, меніңше, құпия асырап алу - баланың құқығын таптаумен тең. Біреулер өзіне ұқсас бала таба алмай, 3-5 жылын өткізеді. Осы уақыт ішінде бірнеше баланы асырап алуға болады, - деп Жанар Байжұлдинова ойын қорытындылады.
Ертеде бала асырап алуға қатысты қандай жоралғылар болған?
Ежелден бері қазақ жетім асырап алса, оны өзі ғана емес, бүкіл елдің мойындағанын қалайтын. Сол үшін түрлі салт-жоралар жасайтын. Мысалы, үйдің отағасы туыстарын шақырып, бір ғұрып өткізеді. Киіз үйдің оң жағына баланы асырап алғалы жатқан әйелдің көйлегін ұзыннан тастайды. Ал баланы үйдің табалдырығынан еңбектеп кіргізеді. Бала сол көйлектің жағасынан кіріп, етегінен шығады. Яғни, баланы әйелдің өзі тапты деген ишарат жасалады. Бұл асыранды баланы ауыл-аймақ, тума-туыстың бәрі мойындауы үшін өткізілген.
Баланы ауыл-аймақ мойындауы үшін жасалатын тағы бір ғұрып бар. Ел ішінде абыройы бар әйелдер бір-бірінің артынан қаз-қатар тұрады. Ал асыранды бала солардың аяқтарының астынан өтіп шығады. Сол кезде халық "енді бұл өзіміздің баламыз, осы елдің баласы" деген.
Қазақ баланың жетім екенін онык көңіліне тимей, сөзсіз білдіру үшін түрлі шаш үлгілерін де қойған. Сол арқылы басқалар оған мейіріммен қарауын қалаған.
"Бала жетім қалғанда оған желке шаш қояды. Халық оның жетім екенін білуі үшін, оған қамқорлықпен ерекше мән беріп қарауы үшін жасайтын. Ата-анасы, жанашыр туысы болмаса, тұлдыр жетім екенін білдіру үшін және адамдар оған мейіріммен қарауы үшін тұл шаш та қоятын", - дейді этнограф Ғалия Қайдауылқызы.
Вопрос от автора
Что вы об этом думаете?
Комментарии проходят модерацию редакцией
Показать комментарии
Читайте также