28 января 2020 | 16:08

Жұрт жаппай Tesla мініп жатыр, ал шетел нөмірімен жүруге рұқсат жоқ - Дания қазағы

Есматолла Айоби - Данияда тұратын қазақ. Жасы 41-де. Бүгінде ол Гернинг қаласында тұрады. Есматолланың бұл елге қалай көшіп келгені, жұмысы және Даниядағы көлік мәселесі туралы әңгімесі Tengrinews.kz тілшісінің материалында.

ПОДЕЛИТЬСЯ
Иконка комментария блок соц сети

Есматолла Айоби - Данияда тұратын қазақ. Жасы 41-де. Бүгінде ол Гернинг қаласында тұрады. Есматолланың бұл елге қалай көшіп келгені, жұмысы және Даниядағы көлік мәселесі туралы әңгімесі Tengrinews.kz тілшісінің материалында.

"Ата-бабаларым 1932 жылы Қызылордадан Өзбекстанға, одан кейін Тәжікстанға, соңында Ауғанстанға қоныс аударған. Мен 1978 жылы Ауғанстанның Херат қаласында дүниеге келгенмін. Соғыс басталған соң отбасыммен бірге Иранға көшіп кеттік. Балалағымның алғашқы жылдары Иранда өтті. 1985 жылы ата-анаммен отбасымызға халықаралық босқындар қауымдастығы арқылы Данияға қоныс аударуға мүмкіндік берілді. 3 жылдан кейін жақын туыстарым да Данияға көшіп келді", - деп бастады ол әңгімесін. 

Реклама
Реклама

Бүгінде сол көштегі 15 қазақ отбасының Данияда тұрып жатқанына 30 жылдан асыпты.   

"Ата-анадан негізі бес ағайын боламыз, әпкем, қарындасым, екі інім бар. Ата-анам, әпкем және тағы да қазақтардың көбі Данияның ең ірі қаласы Орхуста (Aarhus) тұрады. Қарындасым мен екі бауырым Копенгаген қаласына жұмыс арқылы көшіп кеткен. Жеке өзім Гернинг (Hernïng) деген қалада тұрамын. Әйеліммен 11 жастағы ұлым Ілияс пен алты жасар қызым Аиданы тәрбиелеп отырмыз. Менің әйелім - Ыстамбұлдың қазағы, сонда туып-өскен. Өзі қазақ тілін жақсы біледі, балаларыма үйретеді", - дейді Айоби.

Қазіргі жұмысына келсек, Есматолланың мамандығы - экспорт және маркетинг менеджері. Даниядағы ірі импорт-экспорт компанияларында менеджер болып жұмыс істегеніне де біраз жыл болыпты.

BLOOMINGVILLE компаниясының сату және экспорт жөніндегі менеджері болып жұмыс істейтін этникалық қазақтан Даниядағы көлік мәселесіне қатысты жағдайды сұрап білдік. Оның айтуынша, даниялықтардың көбі соңғы екі жылда электркарға көшіп жатыр. 

"Дания - шағын мемлекет. Халқының саны - 5,5 миллион. Көлік те, салық та өте қымбат. Мұнда ескі көліктерді жүргізбейді. Ескі көліктің шығыны өте көп, салығы жоғары, экологияға да зиян. Жергілікті халық та, билік те соны түсінгендіктен жаңа көлік мінуді дұрыс деп есептейді. Ел үкіметі халыққа қаншалықты жаңа көлік мінсең, салығы соншалықты арзан болады дегенді санасына құйып тастаған. Сондықтан халықтың назары электр көліктеріне бұрылды, жанармайсыз жүретін көліктерге тіпті салық та салмайды", - дейді ол.

Tesla-ның көліктері шыққалы бері даниялықтардың есіл-дерті осы көлікте болып тұр дейді сұхбаттасушымыз.

"Өте қымбат әрі люкс болғанына қарамастан, мұндағы жұрт белсенді түрде сатып алып жатыр. Бұл компанияның үш моделі шыққаннан кейін былтыр көп сатылған, биыл да сондай тенденция болады деп ойлаймын. Дания тұрғындары жұмыссыз отырмайды, ері де, әйелі де бірдей жұмыс істеуге дағдыланған, сондықтан әйелі де, күйеуі де көлікпен жүруге әдеттенген. Бір көлігі әдетте үлкен, балаларын алып жүруге арналған болады да, екіншісі Kia, Hyundai, Toyota-ның шағын, салығы өте аз, бензинін де аз жағатұғын модельдері болады. Яғни елдің әдетте бір үлкен және оның жанына бір шағын көлігі болады. Осылай үйренген", - дейді Айоби.

Оның айтуынша, жергілікті тұрғындар бұрынырақта қозғалтқыш көлемі аз, жанармайды аз жағатын көлікке отыратын болса, бүгінде бұл таңдау енді электр көліктеріне түсіп жатыр. 

"Елде көлікке үкімет салықты көбейтіп отырса да, халық жұмысқа баруға, балаларын мектепке, үйірмелерге апару үшін екі көлік ұстауға әдеттенген. Бұл елдің көшелерінде Францияның Peugeot, Renault көліктері өте көп. Себебі, біріншіден, арзандау, екіншісі жанармайды аз жағады, яғни үнем", - дейді ол.

Айобидің айтуынша, Данияда шетелде тіркелген көлікпен жүруге тыйым салынған. 

"Мәселен, Германияда көлік өте арзан, ол жақтан көлік сатып алсаң, мұнда бәрі бір баж салығын төлеп, тіркеуден өткізіп, мемлекеттік нөмірін алуың керек. Данияда тұрмасаңыз, басқа елдің азаматы болсаңыз, онда бұл елде тек уақытша жүруге болады. Соған байланысты шектеулері бар", - дейді даниялық қазақ.

Есматолла Айобидің айтуынша, даниялықтар қазіргі уақытта электр көліктерін жаппай сатып алып жатыр.

"Әрине, бәрінің бірдей мұндай қымбат көлік алуға мүмкіндігі бола бермейді. Алайда мұндағы табыс көзін есептеп көрейік, Данияда орташа табыс - 4 мың доллар шамасында. Оның үстіне 37 пайызы үкіметке салық төлейсіз. Осылайша халық 2500-2700 доллар шамасындағы қаражатқа өмір сүреді. Бұдан аз алатын да бар, көп алатын да барын ескеру керек", - дейді ол.

Электр көлікке жаппай көшу, Есматолланың айтуынша, қоғамдық көлік қолданусыз қалды дегенді білдірмейді. 

"Үкіметтің автобустары да, пойыздары да мықты, жүйесі керемет. Көлігі барларға да, жоқтарға да бірдей жағдай жасалған, яғни қайда барамын десең де жеткізеді. Уақытымен келіп тұрады. Автобустың жолақысы қымбаттау екені жасырын емес. Бірақ мұның барлығы әбден ойластырып жасалғандықтан, үкіметтің жауабының негізі бар", - дейді даниялық қазақ.

Прага көлік кептелісін қалай жойды? Қазақстандық студенттің көзімен


Показать комментарии
Читайте также
Реклама
Реклама
Join Telegram
Лого TengriNews мобильная Лого TengriSport мобильная Лого TengriLife мобильная