03 июля 2020 | 10:09

"Карантин отбасында қандай мәселе барын, қандай жанұя екенін көрсетті, үлкен сынақ болды"

Көрнекі сурет © pixabay.com

5 шілдеден бастап елімізде қайтадан карантин режимі күшейе бастайды. Бұған дейін 15 наурызда төтенше жағдай енгізіліп, көптеген адам қашықтан жұмыс істеуге көшті. Қазірдің өзінде қашықтан жұмыс істейтіндер жоқ емес. Сәйкесінше отбасында ер адам мен әйел адам арасында жанжал туып, балалар стреске ұшырай бастады. Карантин кезінде адамдар қандай шағыммен психолог көмегіне жүгінді? Ақпараттық детокс деген не? Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісінің материалында.

ПОДЕЛИТЬСЯ
Иконка комментария блок соц сети

5 шілдеден бастап елімізде қайтадан карантин режимі күшейе бастайды. Бұған дейін 15 наурызда төтенше жағдай енгізіліп, көптеген адам қашықтан жұмыс істеуге көшті. Қазірдің өзінде қашықтан жұмыс істейтіндер жоқ емес. Сәйкесінше отбасында ер адам мен әйел адам арасында жанжал туып, балалар стреске ұшырай бастады. Карантин кезінде адамдар қандай шағыммен психолог көмегіне жүгінді? Ақпараттық детокс деген не? Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісінің материалында.

Бүгінгі тақырып бойынша спикер - психология магистрі, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің тәрбие ісі жөніндегі деканның орынбасары Нұрсұлу Сейдакова. Оның айтуынша, карантин алғаш енгізілген айда оның көмегіне жүгінушілер саны 3-4 есе артқан.

Реклама
Реклама

Қандай шағыммен көп келеді?

"Бізде бұрын соңды төтенше жағдай режимі болған емес. Үйде қамалып ешкім отырған емес. Алғаш карантин енгізілген кезде психологтарға жүгіну 3-4 есе артып кетті. Психологиялық көмек сұрап, түнде жылап телефон шалатындар көбейді. Өмірінде мені танымайтын, бұрын соңды мені көрмеген, тек Instagram-парақшам арқылы танитындар не психолог деген хэштег бойынша іздеп, дайректке жазатындар көбейді. Олардың көбі үйдегі жанжал мен зорлық-зомбылық, зәбір көрсетуге шағымданатын. Сонда олар бұрын бір-бірін дұрыс танымаған. Ерлі-зайыптылар таңнан кешке дейін жұмыста жүретіндіктен білінбеген", - дейді психолог.

Психологтың сөзінше, карантин режимі көптеген отбасына сынақ сағаты секілді болды.

"Шын мәнінде карантин отбасында қандай мәселе барын, қандай жанұя екенін көрсетті. Карантин - үлкен сынақ болды. Осы күнге дейін мән бермей жүрген проблемаларды ашып көрсетті. "Ауруын жасырған өледі" дейді, байқалмай келген нәрселер сыртқа шықты. Алғашқы кездері ер адамның қолынан таяқ жеу, ұрсысу, жанжал секілді мәселермен түнде хабарласатын. Әдетте ер адамдар көбіне кәсіпкерлік бойынша, ал әйелдер отбасылық қарым-қатынас бойынша кеңес алатын болса, ал карантин уақытында тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі көбейді. Ал отбасылық жанжалдың тууына тұрмыстық жетіспеушілік себеп болады. Бірақ алғашқы карантин режимімен салыстырғанда қазіргі жағдайға адамдар әлдеқайда бейімделіп қалды. Қазір зорлық-зомбылық басылып қалды", - дейді маман.

Нұрсұлу Сейдакова, расында, ТЖ енгізілгеннен кейін алғашқы ай қиын болғанын, сондықтан тегін 10 күндік курстар өткізгенін айтады.

Отбасында жанжалдың тууына не себеп болады?

Карантин кезінде қыз-келіншектер отбасында жанжалдың тууы себебімен жүгінген екен. Негізі отбасылық дау-дамайдың тууына жалпы тұрмыстық қиыншылық, қаржы жетіспеуі, түсініспеушілік және қызғаныш та себеп болатын көрінеді.

"Ер адамдардың әйелдерге қол көтеруіне де қызғаныш себеп болады. Ер адам әйелін қызғанса қолын ала жүгіреді, әйелі қызғанса дау-дамайға ұласады. Айта кетейін, қызғаныш комплекстен пайда болады. Өзін өзгеден кем санайтын, өзіне сенімсіз, өзін төмен санайтындар, өзін бағаламайтындар қызғаншақ болады. Мысалы, әйел адам күйеуі жұмысқа барса "сыртта менен әдемі әйел бар, күйеуім соған қарап қояды" деп, жары кешіксе алаңдай бастайды. Үйде отырған әйелдердің көбі деградацияға ұшырай бастайды", - дейді психолог.

Маман отбасыларға пандемияның да оң әсері тигенін айтады.

"Әр нәрсенің қайыры бар" дейді ғой, шыны керек, бізге пандемияның болуы, төтенше жағдайдың қабылдануы керек болған сияқты. Бәріміз "жылтырақ" қуып кеттік. Әрбір екінші адамның "сырты бүтін, іші түтін" болып кетті. Біз тек сыртымызды бүтіндеп, ішкі жан дүниемізді ұмытып кеттік. Мысалы қазір өзін өзі дамыту курстарына қатысу сәнге айналып кетті. Мен адам өзін дамытпастан бұрын өзін танығаны дұрыс екенін айтамын, кезең кезеңімен болуы керек.

Біз өзімізді танымай жатып дамысақ дейміз. Бақыт формуласы жоқ қой. Біреудің бақыт формуласы саған тура келмейді. Себебі әркімге тән оқиғасы мен ортасы болады. Бізде әйел өзін танымайтын, өзіне не керегін білмейтін, тіпті күйеуі мен әйелі бірін бірі әлі күнге дұрыс танымайтын отбасылар бар. Рухани байлық жоқ жерде сыртқы жылтырақты қуамыз. Ал карантин кезеңінен біз не ала аламыз? Осы күнге дейін тіршіліктің қамымен жүріп, қолымыз тимеген нәрсені істеп, өзімізді дамытып, өзімізді, бір-бірімізді тани түсуіміз керек еді", - дейді маман.

Үйде жайлы атмосфераны қалай құру керек?

Қазіргі уақытта отбасында жайлы атмосфераны сақтап қалу маңызды. Егер отбасындағы ұрыс-керіс, жанжалдың басты себептерінің бірі түсініспеушілік дейтін болсақ, психологтың сөзінше, мұндай жағдайда ер адам мен әйел адам бірінші кезекте бір-бірін тануы керек.

"Отбасы мүшелерінің барлығы үйде болған жағдайда не істеу керек? Олар әрқайсысының қызығушылығын танып, таңдауын бағалап, ортақ іспен айналысуы керек. Отбасының ұйытқысы әйел адамдарға мен жалпы үш кеңес берер едім: біріншіден, әйел адам өзін өзі жақсы көруі керек. Бірінші кезекке күйеуін, баласын қоюдың қажеті жоқ. Баласы өсіп кетеді, күйеуі тастап кетуі мүмкін, әрине барлығында олай емес. Мейлі, мені сөге берсін, бірақ барлық адамның қатесі - өзін тастап жіберуі", - дейді Нұрсұлу Сейдакова.

Екіншіден, әйел адам өзінің сүйікті ісімен айналысуы керек.

"Әйел өмірге келгенде екі миссиясы болады: гендерлік және кәсіби. Гендерлік міндет деген - әйел адам табиғатына сай дүниеге ұрпақ әкелуі. Бізде көбіне осы миссия орындалып, кәсіби міндет орындалмай қалады. Белгілі бір нәрсемен кәсіби түрде айналыспағанның өзінде хоббиі болуы керек. Кейде гендерлік миссия басым болып, кәсіби міндет ақсап жатады. Немесе, керісінше, кәсіби миссиясын орындап, гендерлік міндеті орындалмай қалатын кез болады. Үшіншіден, әйел адам жан-жағындағылармен қарым-қатынас орната білуі керек. Бізде көп жағдайда осы жағы ақсап қалады. Көп әйел "күйеуім жақсы, енем жаман" дейді. Яғни, енесімен, жалпы туыстарымен тіл табыса алмайды", - дейді маман.

Карантинде балалар немен айналысқаны дұрыс?

Психолог карантин кезінде балаларды үш ай демалыста, мүмкіндік болса, ауылға жіберген дұрыс екенін айтады.

"Үш ай демалыста ата-әжесі табиғаты жақсы жерде тұрса, ауылға жіберген дұрыс. Балаларға сүт, құрт, майын, қымыз, қымыраны бар ауыл болса тіпті керемет. Таза ауа, табиғи өнім дегендей. Егер ауылға жіберетін мүмкіндік болмаса, балаларды физикалық жұмысқа баулу керек. Себебі олар гаджеттерден шаршады. Ұлдарды еңбекке, қыздарды ас үй жұмысына баулу керек. Бірге бір іспен айналысу бір-біріне деген сенімділікті арттырады, ол қарым-қатынаста өте оңтайлы нәрсе", - деп түсіндірді психолог.

Ақпараттық детокстың маңызы

Бүгінде әлеуметтік желіде де, күнделікті өмірде де адамдарды үрейлендіретін негатив әрі фейк ақпараттар толып кетті. Маман мұндай жағдайда айына бір рет ақпараттық детокс жасап тұрған дұрыс екенін айтады.

"Біздің асқазанымыз асты қалай қабылдаса, миымыз да ақпаратты солай қабылдайды. Не болса соны жей бермейміз. Сондықтан миға да ақпаратты кішкене сүзгіден өткізіп жіберген дұрыс. Қазіргі сәтте біз келіп жатқан ақпаратты ретсіз қабылдап жатырмыз. "Аспанда вирусты әдейі шашып жатыр екен" деген секілді фейк мәліметтерді естігенде оның қаншалықты рас-өтірігі тексерілмейді. Миымызды улап жатырмыз. Адамның ең алдымен санасы ауырады, содан кейін физикалық тұрғыда ауырады", - дейді маман.

Нұрсұлу Сейдакова мұндай жағдайда айына бір рет үш күн телефонсыз жүру практикасын қолдануға болатынын айтады.

"Содан кейін егер мүмкіндік болса кем дегенде үш күн телефонды ұстамау керек. Ешқандай мәлімет алмай, ақпарат тыңдамай, жаңалықтарды қарамай ойымызды тынықтыру керекпіз. Ой тынықса жақсы идеялар келеді. Бәлкім бизнес идея тууы мүмкін. Миды босатсақ тың ойлар келе бастайды. Айына бір рет ақпараттық детокс өткізіп тұру керек. Телефонды өшіріп, ауылға бір аптаға кетіп қалса да болады. Содан кейін таңертең ұйқыдан тұрғанда, кешке жатарда бір сағат телефонды қолға алмау керек. Әсіресе әлеуметтік желілерді өшіріп тастау керек", - деп түсіндірді психолог. 

Айта кетейік, ресми мәлімет бойынша, Қазақстанда отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық 25 пайызға артқан. Бұл туралы ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев халыққа есеп беру кездесуінде айтқан болатын. 

"Төтенше жағдай режимі кезінде азаматтар оқшауланып, үйде отырғанда Дағдарыс орталықтарының шұғыл желі нөміріне көмек сұрап, қоңырау шалғандардың саны артты. Олар отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы шағымданды. Дегенмен, өкінішке қарай, зардап шеккен 10 адамның екеуі ғана полицияға жүгінуге келіседі", - деді Тұрғымбаев ОКҚ онлайн-эфирінде.
 


Показать комментарии
Читайте также
Реклама
Реклама
Join Telegram
Лого TengriNews мобильная Лого TengriSport мобильная Лого TengriLife мобильная