ПОДЕЛИТЬСЯ
20 октября 2020 | 08:45
"Карантинде күйзеліске тап болдым". Пандемия журналистерге қалай әсер етті?
Tengrinews.kz порталы әр сала қызметкерлеріне пандемия қалай әсер еткені туралы материалдар топтамасын бастайды. Бірінші болып журналистика мамандығына тоқтадық. Елордалық әріптесіміз Аягөз Құрмаш пандемия кезіндегі жұмысы туралы баяндап берді.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Tengrinews.kz порталы әр сала қызметкерлеріне пандемия қалай әсер еткені туралы материалдар топтамасын бастайды. Бірінші болып журналистика мамандығына тоқтадық. Елордалық әріптесіміз Аягөз Құрмаш пандемия кезіндегі жұмысы туралы баяндап берді.
28 жастағы Аягөз Құрмаш журналист ретінде еңбек жолын Қарағандыда бастап, кейін елордаға қоныс аударған.
"Үшінші курстан бері Қарағандыда облыстық, қалалық телеарналарда жұмыс істедім. Журналистика саласындағы еңбек өтілім 7 жыл. Алдымен телевизия саласында, кейін Нұр-Сұлтанға көшкен соң 2014 жылдан бастап ақпарат агенттіктерінде жұмыс істеймін", - дейді ол.
Аягөз басқа салалардағыдай журналистикаға да пандемия әсерін тигізгенін айтады.
"Пандемия барлық салаға әсерін тигізді. Сол сияқты біздің жұмысымызға да көптеген өзгеріс алып келді. Себебі бәріміз жаңа талаптарға бейімделдік. Оның ішінде, қашықтан жұмыс істеуге көштік. Төтенше жағдай жарияланған наурыздан бастап үйде жұмыс істедік. Алты ай бойы сондай режим болды. Бірақ басқа салалармен салыстырғанда журналистикада өзгеріс қатты болған жоқ. Себебі үйіңде интернет пен компьютер болса, кеңседе атқаратын жұмысты өзгеріссіз үйде де жасай аласың. Бұл жерде жұмыстың өзі емес, орны ғана ауысты деуге болады", - дейді журналист.
Оның сөзінше, қашықтан жұмыс істеу алдымен үнем жағынан пайдасын тигізген.
"Алты ай үйден жұмыс істеу уақыт үнемдеуге мүмкіндік берді. Себебі кеңсеге баруға кететін уақытты үнемдедік. Үйде ұйқыдан тұра салып, компьютерді қосып, онлайн болсаң, жеткілікті. Түскі ас, кеңседен қайтуда кететін шығындар да бар. Үйде болған соң, ондай шығындар кетпеді", - дейді әріптесіміз.
Ал үйден жұмыс істегеннің жаман жері бос уақыттың аз болуы екен.
"Қазір көп сала қашықтан жұмыс істеуін жалғастырып жатыр. Мысалы, құрбыларыммен пәтер жалдап тұрамын. Олар да үй режиміне көшірілді. Бірақ олардың маған қарағанда бос уақыты көп болды. Себебі есепші, заңгер қызметтерінде құжат дайын болғанда белгілі бір уақытта ғана жұмысқа қосылады. Ал маған таңғы 9:00-ден 18:30-ға дейін үйде онлайн отыруға тура келді. Одан бөлек, жұмысқа көп уақыт бөлінді. "Бәрібір үйде отырсың ғой" деген соң, кешкі 9-дағы іс-шараларға қатыстық. Маңыздысы кей жерлер секілді бізде жұмыстан қысқарту не жалақыны азайту болған жоқ", - дейді Аягөз.
Ол пандемия басталғалы қандай тақырыптарды көбірек жазатынына тоқталды. Оның сөзінше, карантин жарияланғанда елдегі және отбасы ішіндегі проблемалар көп жазылған.
"Пандемияның ахуалына байланысты материалдардың тақырыптары да өзгеріп тұрды. Себебі әр кезде қандай кәсіпорындардың жұмысы тоқтағанын, қандай қиындықтар туындағанын жаздық. Одан бөлек, дүние жүзіндегі түрлі елдің пандемиядағы жағдайына шолу жасадық. Денсаулық сақтау саласында көптеген мәселе туындады, солар бойынша материалдар дайындадық. Күзде қашықтан оқу мәселесі қарастырылды.
Пандемия кезінде анық көрінген тағы бір мәселені айтқым келіп отыр. Бұл - тұрмыстық зорлық-зомбылық. Көптеген отбасы ажырасып кетті, көптеген отбасында баласына, әйеліне әлімжеттік көрсету деректері тіркелді. Бұл да БАҚ беттерінде көп жазылды", - дейді ол.
Аягөз Құрмаш коронавирус басталмас бұрын шығарушы редактор қызметінде болған. Кейін пандемия өміріне басқаша қарауға мүмкіндік жасағанын айтады.
"Төтенше жағдай енгізілген соң екі айдан кейін жұмысымды ауыстырдым. Себебі пандемия әр адамның өз ішіне үңіліп, өзіне көп сұрақ қоюына, соған жауап табуына көмектесті деп ойлаймын. Бұл күйбең тіршіліктен алыстап, өзіңмен бетпе-бет қалған уақыттардың бірі болды. Сондықтан, өмірімде өзгеріс болсын деп жұмысымды ауыстырдым. Бұрын шығарушы редактор едім, содан тілшілікке ауыстым", - дейді журналист.
Сондай-ақ, ол елдегі қатаң карантин кезінде немен айналысқанын, қандай қиындықтарға тап болғанын айтып берді.
"Төтенше жағдай енгізілген бастапқы уақытта бәрі жақсы болды. Өзімнің жоспарларым болды - ағылшын тілін оқу, үйде йогамен айналысу дегендей. Күйзеліске жол бермедім. Бірақ екі ай өткеннен кейін мұның бәрі жайына қалды. Себебі үйде отыра беру кішігірім күйзеліске әкелді. Бәрі көңілсіз, бәрі бір сарынды болып кетті. Тезірек қалыпты өмірге оралсақ деген тілек болды. Қыркүйекте қызметкерлердің бір бөлігіне кеңседен жұмыс істеуге рұқсат берілді. Сол кезде алғашқылардың бірі болып мен келістім. Себебі үйде отыра беріп, жүйкем жұқарды", - дейді Аягөз.
Сондай-ақ, ол пандемия кезінде журналистерге ең қиыны жағымсыз жаңалықты жазу екенін айтады. Қызметің болған соң, соның бәрін оқуға, жазуға тура келеді дейді ол.
"Коронавирустан адам өлімі, ауыр халде жатқандар, аппараттар жетпей жатқаны - осының бәрін жазып отырып-ақ түңіліп кетесің. Оның үстіне, жақын туыстарым, достарымның ішінде де коронавирус жұқтырғандар болды. Осы кезеңде көптеген танысымның жақындары қайтыс болды. Үйде отырсақ та, терезенің сыртында індет өршіп жатқанын, коронавирустың барына көзіміз жетті", - дейді ол.
Аягөз коронавирус жұқтырмаған, пневмониясы жоқ. Бірақ таныстарының 85 пайызы ауырып шыққанын айтады. Енді Аягөз Құрмаш "пандемия тоқтады" деген қуанышты хабарды жазатын күнді асыға күтіп жүр.
Вопрос от автора
Что вы об этом думаете?
Комментарии проходят модерацию редакцией
Показать комментарии
Читайте также