ПОДЕЛИТЬСЯ
09 августа 2019 | 15:01
Қатерлі ісікті жеңіп шыққан алматылық музыкант баланың оқиғасы
Алматылық 12 жастағы Айбек Жебеген осыдан екі жыл бұрын өкпе қатерлі ісігіне шалдыққан. Алайда дер кезінде көрсетілген ем мен ерік-жігері арқасында ол бұл дертті жеңіп шықты. Айбектің анасы Венера Оңалбаева Tengrinews.kz тілшісіне отбасының онкологиялық дертпен қалай күрескенін және одан қалай толықтай айыққанын айтып берді.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Алматылық 12 жастағы Айбек Жебеген осыдан екі жыл бұрын өкпе қатерлі ісігіне шалдыққан. Алайда дер кезінде көрсетілген ем мен ерік-жігері арқасында ол бұл дертті жеңіп шықты. Айбектің анасы Венера Оңалбаева Tengrinews.kz тілшісіне отбасының онкологиялық дертпен қалай күрескенін және одан қалай толықтай айыққанын айтып берді.
Венера Оналбаеваның үш баласы бар. Айбек тұңғышы екен. Анасының айтуынша, ол ерекше бала болған, дарынымен ерекшеленген.
"Айбек - біздің тұңғышымыз, тағы екі қызымыз бар. Айбек кіп-кішкентай кезінен бастап ән айта бастады. Вокалмен айналысатын, өте талантты бала. Алла сол үшін ұлымызға осындай сынақ берген болар. 10 мың бала қатысқан кастингтен өтіп, 6 жасынан бастап киноға түсті. Барлық режиссер баламыздың өнеріне тәнті болатын", - деп еске алады Айбектің анасы.
Оның айтуынша, Айбек ауруының соңғы күндеріне дейін мектепке барып, достарымен араласып жүрген.
Бірақ, 2018 жылдың көктемінде Айбек қатты ауыра бастайды. Іші ауырып, мазасы кетеді.
"2018 жылдың ақпан-наурыз айларында Айбектің іші ауыра бастады. Содан дәрігерлерге қаралдық. Қаладағы барлық ауруханаға, емханаға, жекеменшік клиникаға бардық. Себебі қатты мазасыздана бастады. Дәрігерлер гастрит деген диагноз қойды. Бірақ оның іші әлі ауыра берді, қояр түрі болған жоқ. Ұзақ уақыт бойы ем алдық, бірақ ештеңе көмектеспеді. Бірде үйде іші қатты ауырып, жедел жәрдем шақырттық. Олар бізді ауруханаға алып кетті. Сол кезде де дәрігерлер оған гастрит деген диагноз қойды. 2 апта бойы сол ауруханада жаттық. Бірде таңғы 7-де хабарласып, жылап жіберді. Ішінің шыдатпай, қатты ауырып жатқанын айтты. Сосын біз келіп, оны үйге алып кеттік. Енді қалай емдейтінімізді білмедік", - дейді Айбектің анасы.
Бірақ сол кезде дәрігер оларға томографияға түсу керектігін айтыпты. Томография нәтижесі баланың бір өкпесіне су жиналғанын және екінші өкпесіне де ақырындап су жиналып жатқанын көрсеткен. Дәрігердің айтуынша, баланың екі өкпесі де суға толғанда оның өліп кетуі де мүмкін болған.
"Мұны естіген соң біз оны шұғыл түрде ауруханаға жеткізіп, жансақтау бөліміне жатқыздық. Бір апта бойы жансақтау бөлімінде жатты. Өкпесіндегі суды шығарып, түрлі сараптамалар алынды. Қатерлі ісік жасушаларын жою керек болды. Қатты қорықтық, дегенмен әрі қарай емді жалғастыра бердік. Ұлым күнде жылап жатты, тамақ ішуден де қалды", - дейді анасы Венера.
Осыдан кейін анасы ұлын Кореяға апаруды ұйғарыпты. Айтуынша, Қазақстанда алған емнен еш нәтиже болмаған.
"15 наурызға қарай Айбекті Кореяға апаратын болдық. Бірақ біз мейрам күндеріне түсіп қалғандықтан, бір апта жоғалтып алдық. Айбек ол кезде жансақтау бөлімінде жатты. Сол жақтан үйге алып кеттік. Шұғыл түрде шетелдегі клиникаларды іздестірдік. Себебі баланы аман алып қалу керек болды. Кореяға бара салысымен жергілікті дәрігерлер баланы тексерді. Төртінші деңгейдегі ісік - альвеолярлық рабдомиосаркома диагнозы қойылды. Осы күннен бастап өмірімізде ең ауыр кезеңдер басталды. Ұлым үш ай бойы ауруханада арнайы аппаратпен және күні-түні дәрі тамызғыштармен жатты. Өкпесіндегі суды шығару керек болды. Осы кезеңде баламның жағдайы өте ауыр болды. Дәрігерлер ісіктің бұл түріне ота жасалмайтынын айтты. Тек химиялық терапия немесе сәулелендіру алу керек деді. Біз бірден химиялық терапия ала бастадық", - дейді анасы.
Оның айтуынша, клиникадағы палата үшін күніне 100 мың теңге төлеу керек болған. Сол кезде ғана отбасы таныстарынан, туыстарынан, қазақстандықтардан ақша жинай бастаған.
"Химиялық терапияның өзіне күніне 150 - 200 000 теңге кетті. 3 ай бойы осы процедуралардан өттік. Сосын ауруханадан шығып, сонда бір апта бойы дәрігерлердің бақылауында болдық. Соңғы алған химиялық терапиялар өте қымбатқа түсті - 1500 - 8000 доллар аралығында болды. Аптасына емнің өзіне осынша ақша қажет болды. Бірақ, өкінішке қарай, химиялық терапия оң нәтижесін бермеді, ешқандай өзгеріс байқалмады. Осыдан кейін баланың организмін қайта қалпына келтіру үшін уақыт керек болды, сондықтан Қазақстанға оралдық. Біраз уақыт өте бізге сәулелендіру жасасын деді. Оның бір сеансы 500 доллардан 1500 долларға дейін екен. Бірақ Кореядағы дәрігерлер сәулелендірудің бала үшін өте қауіпті екенін және оның ішкі органдары зақымданып, өмір бойына мүгедек болып қалуы мүмкін екенін айтты. Сондықтан олар бізге протон терапиясынан өтуге кеңес берді", - дейді Венера Оңалбаева.
Айтуынша, бұл әлем бойынша қатерлі ісікпен күресудегі ең қымбат әрі ең тиімді әдіс екен. Ол әлемнің 4 елінде ғана жасалады екен. Солардың бірі - Корея.
"Протон терапиясының бір сеансы - 2 000 - 3500 доллар. Таныстарымыз арқылы күніне 2 000 долларға келістік. Содан тамызға қарай осы терапияны бастадық. Бірақ химиялық терапияны тоқтатуға болмайтындықтан, екі процедураны бірге алып жүрдік. Бір ай бойы осылай жүрдік, өте ауыр болды, қатты қиналдық. Күнделікті метроға мініп, арбамен апарып жүрдім. Жылай беретін, үйге қайтқысы келетін. Бірақ біз шыдадық. Жаңа жылды да соңда қарсы алдық. Айбек өзін нашар сезінсе де, барынша көңілді жүрді. Жаңажылдық кеште жүргізуші болды. Барлығы ұлымның ерік-жігеріне, талантына тәнті болды. Онда аудармашылар болды, кеш өте қызықты өтті. Айбек барлығының көңілін көтеріп, ойындарды жүргізді", - дейді анасы.
© instagram.com/health_aibek
Осылайша протон терапиясы аяқталған соң анасы ұлымен бірге Қазақстанға оралған.
"Ұлым бір жыл бойы маскамен жүрді. 2019 жылдың 10 сәуірінде осы дерттен айығып, үйге оралдық. Бірінші кезекте бұл Айбектің арқасында. 2018 жылдың 19 наурызында ауруханаға түскен едік. Таяуда 10 шілдеде тағы бір тексеріліп қайттық - нәтижелер өте жақсы болып шықты. Енді үш айдан соң тағы барып, дәрігерге қаралу керек. Дәрігерлер баламның өміріне ешқандай қауіп төніп тұрмағанын және оның қатерлі дерттен толықтай айыққанын айтты. Дәл қазір мен бүкіл елге "біз жазылдық" деп айғай салып, айтқым келмейді. Біз көп нәрсені өткердік, көп қиындықтан өттік. Барлығы ұмытылады дейді ғой. Әрине, мен де ол кезеңді ұмытқым келеді. Әсіресе, баламның соңғы химиялық терапия алған кездерін еске алсам - өте ауыр болды. Ол өлім мен өмір арасында жатты. Әлсіреп кетті. 2 апта уақыт осылай жатты. Осыдан кейін дәрігерлер Айбектің жазылып, қатерлі ісік жасушаларының толықтай жойылғанын айтты.
Қазақстан мен Корея арасында жүргенде бірден ауруханаға емес, Айбектің үйде де кішкене болғанын қаладым. Себебі біз Айбек енді үйге орала ма, жоқ па - білмедік", - деп көзіне жас алды анасы.
Осы ретте Айбектің анасы қазақстандықтарға алғысын білдірді.
"Барлығы бізге хабарласып, жазып, қолдан келгенше көмектесті. Бірде Әли деген жас кәсіпкер келіп, қолыма 2 миллион теңге ұстатып кетті. Үйге келіп, баланың қандай жағдайда екенін өз көзімен көрді. Барлығыңа Алла жар болсын! Халықтың арқасында осы дертті жеңіп шықтық. Барлығы қолдау көрсетіп, қол ұшын берді", - дейді Венера Оналбаева.
Анасының айтуынша, енді олар Кореяға қазан айында барады.
Вопрос от автора
Что вы об этом думаете?
Комментарии проходят модерацию редакцией
Показать комментарии
Читайте также