ПОДЕЛИТЬСЯ
22 января 2020 | 17:20
"Қайтатын кезде теракт болды" - анасымен 126 күн саяхаттаған қазақстандық блогер
Түркістан облысының 29 жастағы тумасы, блогер, жиһангез Микейіл лақап атымен белгілі Садық Шерімбек анасымен 8 ел аралап, кітап жазып шықты. Ол 126 күндік сапарында өзіне қажетті өмірлік естеліктер мен осы уақытқа дейін таппай жүрген маңызды құндылықтар алғанын айтады. Анасын адами тұрғыдан түрлі ракурстан қарап, бірталай жаңалық ашқанын да жасырмады. Садық Шерімбек Tengrinews.kz тілшісіне кітабы не жайлы екенін, анасымен қандай елдер аралағанын, қандай қиындықтар болғанын айтып берді.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Түркістан облысының 29 жастағы тумасы, блогер, жиһангез Микейіл лақап атымен белгілі Садық Шерімбек анасымен 8 ел аралап, кітап жазып шықты. Ол 126 күндік сапарында өзіне қажетті өмірлік естеліктер мен осы уақытқа дейін таппай жүрген маңызды құндылықтар алғанын айтады. Анасын адами тұрғыдан түрлі ракурстан қарап, бірталай жаңалық ашқанын да жасырмады. Садық Шерімбек Tengrinews.kz тілшісіне кітабы не жайлы екенін, анасымен қандай елдер аралағанын, қандай қиындықтар болғанын айтып берді.
Қазақстандық блогер - қазір көпшілік қолданыстағы бірқатар білім беру саласы мен жаңа технологиялар бағытындағы көлемді жобаларға стратегиялық кеңесші. Бос уақытында Шығыс әдебиетін тәржімалауға тырысады екен. Саяхаттауды жанына серік қылған Садық Шерімбектің айтуынша, анасымен ел-елді аралауды талай жылдан бері іштей қалап әрі нақты жоспарлапты. 2011 жылы шет жаққа шыққаннан бастап, өзіне ұнаған жерлерді белгілеп жүрген. Олардың ішінде "Апаммен бару керек" деген арнайы категория болған екен.
"Сол картама қарап отырсам, анаммен баруым керек бірталай белгішелер толып қалған екен. Ол мүмкіндік ашылар уақыт қашан келетінін күтсем, тағы он жыл жүруім мүмкін екенін түсіндім. Былтыр қыс кезінде анамның денсаулығы аздап ақсап қалып еді. Оңала бастаған кезде хабарласып, ұзақ сапарға кететініміз жайлы айттым. Басында барғысы келмей жүрді. "Қайтайық, балам! Үйді сағындым!" деген күні бірден қайтатынымызды айттым. Сол шыққан күйі 4 ай бойы саяхатта болдық", - дейді Садық Шерімбек.
Үндістан, Тәж Махал
Бірінші ел көрші Өзбекстан болыпты. Одан кейін анасы сүйіп көрген дорамадағы Жумонг ханзада салтанат құрған жерге барған екен.
"Әуелі Самарқан мен Жызақ қаласының ортасындағы анасы туған ауылға ат басын бұрған. Анам екеуміз ол ауылға соңғы рет осыдан 18 жыл бұрын барған екенбіз. Одан кейін Оңтүстік Кореяның Сеул қаласына ұшып бардық. Одан кейін мен білім шыңдаған Малайзия еліне барып, Махатхир гүлдеткен Куала-Лумпур қаласының сұлулығына тойдық. Содан кейін Вьетнам еліне ұшып, Хо Ши Мин қаласында қонақтағаннан кейін ол елдің Комбоджамен шекаралас суларындағы Фу Куок аралына кетіп, бір ай анам екеуміз бір-біріміздің өткенімізден сыр шертіп жаттық", - дейді блогер.
Оңтүстік Корея, Сеул қаласындағы ескі патша сарайы
Малайзия, Куала Лумпур қаласындағы Егіз Мұнара қасында
Аралдан кейін Қытайдың Гонконг қаласына барған. Бірнеше күн бойы сан қилы адамдары мен биік сәулетімен танысқан соң Сайкун ұлттық табиғи паркіне жол түсіп, соңында Гонконг Диснейлендін тамашалаған екен.
Hong Kong Disneyland алаңы
"Келесі мемлекет әлемдегі ең қауіпсіз Сингапур болды. Ол жақта біраз күн атақты Марина Бей ауданындағы кешкі қызықтарға куә болдық та, технологиялық бақтарында серуендеп, бой көтерген жаңа стильдегі сауда үйлерін араладық. Сингапурден соң Үндістанның оңтүстігіне барып, бір айдан аса уақытта сол елдің 3 мың шақырымға созылған жолындағы барлық қалаға барып шықтық. Анам талайдан бері армандаған Тәж Махалды көрді, Дели қаласына жеткенде қыркүйектің басы болатын", - дейді ол.
Hong Kong Disneyland алаңы
Үндістаннан кейін Қазақстанға қайтпақ болған олар ұшаққа билет таппай қиналыпты, себебі ТМД елдерінде оқитын отыз мыңға жуық үнді жасы сол бағыттағы барлық билетті алып қойған екен. Ал елге қайтар жалғыз жолы амалсыз Ауғанстан арқылы болған. Алайда ертең ұшамыз деп отырған күні елдің астанасы Кабулда теракт болыпты.
"Інімнің 14 қыркүйекте болатын тойына қалай да үлгеруіміз керек болды. Ауғанстан Ислам Республикасының елшілігімен кездесулерден соң, Cultural Attention-ға виза берді. Бізден басқа ешкімге бермеді сол күні. Ертең ұшамыз деп отырған күнімізде елдің астанасы Кабулда 2019 жылдағы ең көлемді теракт болып, ондаған жазықсыз адам қаза тапқанын жаңалықтарды көрдік. Сондықтан, бірінші шыққан билетпен Кабулға емес, Мазари Шариф қаласына келдік", - дейді Садық Шерімбек.
Ауғанстанда күтіп алып, ел көрсеткен өзбек жігіті Қайырмұхаммет (Khair Muhammad)
Айтуынша, ол қаланың сыртында болып жатқан әскери-азаматтық қақтығыстар мен жиырма шақырымдағы көрші қаланы билеп отырған талибан мүшелері бар екеніне қарамастан, сондағы өзбек ағайынның құрметті қонағы болған.
"Әзірет Әліге тұрғызылған атақты көк кесенеге зиярат жасап, ондағы тыныс-тіршіліктің қандай екенін өз көзімізбен көріп қайттық. Ауған-өзбек шекарасынан кірген бойда Терміз қаласынан пойызға отырдық. 10 мамырда шекара асқан күйі үздіксіз саяхат жасап, 12 қыркүйектің кешінде 126 күн дегенде сапарымыз соңына жетіп, Қазақстанға оралдық", - деді ол.
Айтуынша, анасы, әсіресе, дамыған елдерде болғанда қатты шаршай қоймаған. Ұзақ жаяу жүре алмайтын оны арбаға отырғызып та қалаларды жайбарақат аралатқан екен. Ал сапарға аттанбас бұрын апасының мәсі-кебісін шешкізіп, орнына кроссовка алып берген. Содан бері Сафар ана "Осыны тастай ауыр қылып, қанша жыл кидім ғой. Оны басқалар кие берсін!" деп мәсі-кебісін кимей, кроссовкаға толық көшіп кетіпті.
"Қиындық сол сапар кезінде болған шығар. Жоғарыда айтқанымдай, бұл саяхатқа біз жақсылап дайындалдық. Анамның жей алмайтын тамақтары мен құрам тізімін жазып алдық та, барған жерлерімізде соларды жеуден бас тартып жүрдік. Кез келген жаңа елге барғанда ең әуелі ақ күріштен бастап, күн сайын басқа жаңа тағамдарды да салыстыра жүрдік. Ұнаса сол бағыт бойынша тамақтанып, ұнамай қалса қайтадан күрішке оралып басқаларын зерттедік", - дейді Садық Шерімбек.
73 жастағы қарт ананың еш қобалжымай және ештеңеден қорықпай ұлымен саяхат жасауы ол кісінің былтырғы ең мықты ерліктерінің бірі болды, сол барлық мақтауға лайық, дейді блогер. Айтуынша, анасын саяхатқа алып баруы көпшілік мақтайтындай ерлік емес. Ол баласының атқаруға тиіс міндеті еді. Сондықтан, айнала мақтап жатса, Садық Шерімбек бүгіндері қатты ұялатынын да жасырмады.
Сингапур
Садық Шерімбектің жазып шыққан кітабы Safar деп аталады. Айтуынша, Сафар - жаһангездің анасының аты.
"Safar - саяхат, сапар. Safar - бір адамның сүрген мәні бар өмір жолы. Safar - менің анамның бар болмысы. Safar (Сафар Ербутаева) - анамның өз есімі. Мен анамның "өлгенін" қаламадым. Жоғалуынан қорықтым. Егер адамның тірі болып қалуы - оның осы дүниеде адамдарға беріп кеткен құндылықтармен өлшенер болса, анамды "кетпес" ету бір ғана менің санам мен қалған өмірім жетпес еді", - дейді жаһангез.
Айтуынша, жас күнінен бері ол анасына қоя алмаған, қойғысы келген немесе өзі қорыққан, не ренжітіп алудан қорыққан көптеген сауал болған. Солардың бәрінің жауабын табу үшін осы сапарда анасына талай жүгінген.
"10 жылдай шетке шығып жүргенде, анаммен өзім қалаған деңгейде байланыста бола алмадым. Барлық сұрағымды қойдым. Барлығына жауап алдым. Барлығын түсіне алмадым. Бірақ кей жауаптарды түсінуге біраз жыл мен біршама даналық қажет екен", - дейді ол.
Сингапур, Marina Bay көшелерінің бірі
Қазақстандық блогер Safar кітабы ерлік жайлы, бір әйелдің ерлігі мен оның "қырдан тауып алған" ұлы екеуі үлкен әлемге жасаған саяхатында болған оқиғалары және толғаныстары негізінде жазылған кітап екенін айтты.
"Кеңес Үкіметінің 60 жылдардағы "жаңару" кезінде анамның отбасын туған ауылынан Қазақ КСР-на жақын жатқан егістік аймақтарға қара жұмысқа күштеп көшіреді. Сол жағдайдан кейін анамның отбасы енді ғана игеріліп жатқан біздің оңтүстікке ауа көшкен. Өзге жұрттың шекарасын еріксіз асып, содан бері осы топырақта өткен 60 жыл ғұмырында бүтін болмысы қазақы таныммен біте қайнасып кеткен Сафар есімді сол бір 12 жастағы өзбек қыз - бүгінде менің Анам. Safar кітабы сол кезден бүгінге дейін тағдырына салған ауыр тауқымет алдында мойымай оны күнде жеңіп келе жатқан әйел жайлы кітап", - дейді Садық Шерімбек.
"Естеріңізде болса, кішкентай кезде анамызбен бір жаққа кетіп бара жатса үнемі еріп барғымыз келіп, тастап кетсе отыра қалып ренжитінбіз. Әйтпесе, аналарымыз жай ғана көрші үйге бара жатқан болуы да мүмкін. Қайда барғанымымыз емес, маңыздысы анамызбен бару болатын. Қызық еді ғой", - деп еске алды ол.
Меніңше, есейген соң да ештеңе өзгермейді. Аналармен саяхатқа шығу үнемі қызық. Өкінішке қарай біздің қоғам әйелдерді тек бір ракурстан көріп үйреніп алған. Әйел - ана. Ол да рас. Бірақ тек сонымен шектелуге бола ма? Кейбір көзқарастар олардың рөлін тек "адамзауыт" деңгейінен асырмай қойған. Әйелдің анадан бөлек қарындас, әріптес, келіншек, ғалым, сіңлі, ұстаз, басшы ретінде өзінің түрлі болмысы бар ғой. Біз балалары оларды тек бір ракурсын көріп үйреніп қалғанбыз.
Вьетнам
Садық Шерімбектің айтуынша, саяхат - серіктестікті нығайтады. Бірге тың жоспарлаудан бастап, бір дем жүріп, бір-біріңіздің бар екендігіңізден рахат табуды үйретеді. Ол тіпті анасының бала күнінде кім болғысы келгенін сол сапарда ғана білгенін мойындады.
Анаңызға қойған ең маңызды сауалыңыз есіңізде ме? Еске түсе қоймады ма? Біз аналарымызбен көбіне өзіміздегі проблемаларымыз жайлы ғана сөйлесеміз. Ал олардың басында болып жатқан мәселелер мен күйзелістерді by default назардан кейінірекке қалдырып жатамыз. Өзге замандастарым сияқты "Анаңызға күніне екі рет қоңырау шалыңыз!" демеймін. Өйткені, өзім олай жасамаймын. Анаға деген жанқиярлықты телефонның ар жағында қалып емес, жанына барып көрсетсек дұрыс болары еді деп ойлаймын.
Вопрос от автора
Что вы об этом думаете?
Комментарии проходят модерацию редакцией
Показать комментарии
Читайте также