ОЦЕНИТЕ РАБОТУ АКИМА
17 июля 2019 | 18:08

Қазақ кіндік ана міндетін қалай атқарған?

viewings icon comments icon

ПОДЕЛИТЬСЯ

whatsapp button telegram button facebook button
Қазақстан, Семей облысы, 1899 жыл. © Дудин С.М. Қазақстан, Семей облысы, 1899 жыл. © Дудин С.М.

Қазақ бала мінезі кіндік кескен "кіндік анасына" тартады деп ырым етеді. Жаңа туған сәбиді кіндік бауымен жерден кім көтеріп алса, аялы алақанына салса, кіндігін киелі қолымен кессе, жөргегінен көтерсе, бала сол адамға тартады дейді. Кіндік анасының бойындағы барлық қасиет сол балаға жұғады. Кіндік ананың мінезіндегі артықшылықтар мен кемістіктер бала есейгенде бойынан көрініс табады. Сол баланың іс-әрекеті, қимыл-козғалысы, түр-тұлғасы, сөйлеген сөзі, қараған көзі бейне кіндік кескен анасынан айнымайды екен. Tengrinews.kz тілшісі этнограф Болат Бопайұлының ертедегі "кіндік ананың" негізгі қызметі мен дәстүрлеріне қатысты еңбегінен деректер келтіреді. 

whatsapp button telegram button facebook button copyLink button
Иконка комментария блок соц сети

Қазақ бала мінезі кіндік кескен "кіндік анасына" тартады деп ырым етеді. Жаңа туған сәбиді кіндік бауымен жерден кім көтеріп алса, аялы алақанына салса, кіндігін киелі қолымен кессе, жөргегінен көтерсе, бала сол адамға тартады дейді. Кіндік анасының бойындағы барлық қасиет сол балаға жұғады. Кіндік ананың мінезіндегі артықшылықтар мен кемістіктер бала есейгенде бойынан көрініс табады. Сол баланың іс-әрекеті, қимыл-козғалысы, түр-тұлғасы, сөйлеген сөзі, қараған көзі бейне кіндік кескен анасынан айнымайды екен. Tengrinews.kz тілшісі этнограф Болат Бопайұлының ертедегі "кіндік ананың" негізгі қызметі мен дәстүрлеріне қатысты еңбегінен деректер келтіреді. 

♦ "Қарын той" деген не?

Кіндік кесу - жақсылық. Жағымды әрекет. Кіндік ананың жолы мен рөлі қазақ арасында осындай үлкен беделге, берекеге ие болмаса кіндік ана қадірлі, қасиетті болмаса, бостан-босқа оған кім таласар еді. Сол таласып жүрген ауыл әйелдерінің ішінде балаға "кіндік ана бола алам-ау, ел маған сенеді, жұрт мені біледі" деп өзіне сеніммен қарайтын бір пысық әйел жүкті әйелді үйіне дәмге шақырып, "Қарын той" жасайды. Ат шаптырым дастархан жаяды. Көрші-қолаңдарын шақырып, әлі туылмаған балаға кіндік аналық уәкіл болғандығына куәлік етеді.

Міне, кіндік ананың құрметі осында жатыр. Бұлай істеудің де өзіндік қажеті, мұқтажы бар. Кіндік ана болғысы келген ана ауыр аяқ келіншекке ерте көмектесе бастайды. Жерік астарын тауып береді. Тамақ істеп, кір-қоңысын жуып береді. Рухани жақтан жебеп, желпіп жүреді. Босанғанша көзінің қарасын үзбей, қадағалап қарап жүреді. Қазақ кіндік жолы - үлкен жол, ырымды жол, кәделі салт деп біледі. Оған ерекше жауапкершілікпен қарайтын, көпті көрген, тәжірибелі, ақылды-арлы, ел ішінде бет-беделі бар бір ананы таңдап, баланың кіндігін кескізеді. Екінің біріне бала кіндігін кескізсе баланың болашағы жақсы болмайды деп ырым етеді. 

♦ Кіндік ана қатерлі қырық күннен өткенше, баланың басы-қасында болады

Кіндік ана кіндік баласын тұзды суға шомылдырады. Ит  көйлегін кигізеді. Кіндік баласы мойны бекіп қатайғанша баланың басы-қасында болады. Бір күн тұзды суға, бір күн сабынды суға, бір күн иісті өсімдіктердің суына шомылдырады. Нәрестенің қол-аяғын созғылап, майлап, сылап-сипап қарасады. Сәбидің жауырыны жабысып қалмауы үшін "өс-өс" деп қол-аяғынан тартып, керіп, жауырынын уқалап тұрады.

Бесікке салу ырымын өтеседі. Жөні болғанда, орайы келгенде, қолы тисе баланың анасына қырық күн бойы тамақ жасап береді. Ол ана қашан бір қол-аяғын бауырына алғанша қызмет етеді. Баланы құттықтап шашу шаша келген ауыл әйелдеріне де дастархан жаяды. Оларды да жылы жүзбен күтіп алады. Қазақта "Қуыс үйге құр кірме, қуыс үйден құр қайтарма" деген кәде бар. Қайтарында дастархандарына шашу түйіп беріп, ырым жасап аттандырады.

♦ "Қыдырма дастархан" дәстүрі

Ауыл әйелдері арасындағы "қыдырма дастархан" арқылы араларына дәмді дәнекер етіп, ананың ақ дастарханында әңгіме-дүкенін шертіп, бірін-бірі құттықтап, сыйласып, сырласып, ой бөлісіп, баланың келешегі үшін кеңестер құрып, жарасымды тіршілік өткізу әдеті бар. Оның ар жағында тағы да қазақы ұғым, ырым мен ғылым бар.

Жаңа туған баланың өмірі думанмен басталса, жақсылықпен қарсы алса, кейінгі ғұмыры да сондай қуаныштан қол үзіп  қалмайды, несібеден тарықпайды, қайда барса да сыбағалы-сыйлы болып жүреді деген жағымды ойдан туған ұғым бар. Бұл ғана емес. Кіндік ананың атқарар қызметі толып жатыр. Кіндік баласын әр күні суға шомылдырудан сырт, баланың бесігін құрғақтайды, түбек-шүмек, жаялықтарын жуып тазартады, ауыстырып тұрады. Көрпешелерін күн қақтырып, кептіріп тұрады. Иісті шөптермен аластайды, жын-перілерден тазартады.

Жөні болғанда баланың бесігінің басына бала қорқып қалмауы үшін пышақ, қайшы, қамшы сияқты заттар жастайды. Сөйтіп кіндік ана қырық күн бойына тыным таппай, бала бақыты үшін тікесінен тік тұрып қызмет етеді. Сол кіндік баласының "шілде тойы", "бесік тойы", "сүндет тойы", қыз бала болса "сырға тойы", "тұсау кесу тойы", "ұзатылу тойы", "тілашар тойы", "ат мінгізу тойы" тағы да басқа толып жатқан қауыммен ұйымдастырылатын той-қимылдарының бәріне атсалысады. Қазақта той болғанда "Баланың кіндік анасы тойда бар ма екен? Тойға келді ма екен?" деп ең алдымен кіндік ананы тойға шақырады. Тойға кіндік ана келіп қатыспаса, тойда береке болмайды деп ырым етеді. 


Дудин С.М.Қазақстан, Семей облысы, 1899 жыл

♦ Кіндік анаға да үлкен құрмет көрсетіледі

Кіндік ананың мейірімді де қайырымды, ақ көңіліне риза болған баланың ата-анасы кіндік анасына үлкен құрмет көрсетеді, сый жасайды. Кіндік анаға ат мінгізеді, болмаса бұзаулы сиыр береді, саусағына алтын сақина, жүзік, білезік сыйлайды. Асыл жібектен көйлек кигізіп, шапан жабады. Аз дегенде қозылы қой, лақты ешкі тарту етеді. Не ақшалай, не заттай сыйлық ұсынады.

Баланың кіндік анасын қалай да риза етуді ойлайды. Бұл жерде де тағы бір ырымның ұшқыны көрінеді. Баланың кіндік анасы ренжіп қайтса не өкпелесе онда кіндік баласы "қыңыр мінезді" болады, өкпешіл болады, ел арасында берекесі кетеді деп ырымдайды. Кіндік ана баланың кіндігін кескен күннен бастап кіндік жолын алады. Өзіндік кәдесін жасайды. Кіндік анаға дастархан толы тәтті, пісірілген дән түйіп, шашу шаша келеді. Астау толы ет пісіріп, майлы дастарханға түйеді. Оған қоса бауырсақ, шелпек, құрт-ірімшік, тәтті қант, шай сияқты дәмдерді де әкеледі. Босанған әйелге арнап, асыл кездемеден көйлек кигізеді. Жаңа туылған нәрестеге, яғни кіндік баласына "ит жейде" не "ит көйлек" тігіп алып келеді. Есік алдына келгенде есіктен төрге дейін тәтті бауырсақ, құрт-ірімшік, қант сияқты дәмдерден ішіне күміс теңге араластырып, шашу шашады. Оны үйде отырған әйелдер, балалар теріп жейді. Шашу -  баланы құттықтау сыйы, қуаныштың белгісі.

♦ Бала кіндігін қалай кескен?

Бала кіндігін ұзындау етіп ұстап, астына оқтау қойып, айбалтамен кеседі. Осылай еткенде баланың кіндік жолындағы қандар, сарысулар, әртүрлі ұйыған бөртік харамдар ұзын кесілген кіндікке ағып, құйылады да, кіндік ерте түседі. Баланың ішкі ағзасы тазарады. Қан айналысы жақсы болады. Осылай істегенде бала "әшетпе", "ілме", "кірне" сынды дерттерге ұшырамайды. Бұл - қазақтың бағзы заманнан күні бүгінге дейін жалғасып келе жатқан, кіндік кесу салтында бар, қазіргі ғылым мойындаған, қазақта ғана бар, жақсы салттарымыздың бірі.  

♦ Кіндікті көрінген жерге көмбейді

Қазақ аналары бала кіндігін кескеннен кейін ол кіндікті беталды жерге бейберекет тастай салмайды. Оны таза ақ шүберекке орап, түйеді. "Бала батыр болсын", "Отбасында ошақ аңдып отырмасын", "Әйелінен аспай жүрмесін", "Ез болмасын, ер болсын" деп ол кіндікті таза топыраққа көмеді. Жөні болғанда үстіне шөп ұрығын төгеді. Бала кіндігін таза топыраққа көмудің де өзіне тән сыры бар, жолды ырымы бар. Бала есейе келе ер жүрек батыр болады. Елін жаудан, даудан қорғайды. Кіндік қаны тамған жерге ерлігі байланып тұрады. Елін, жерін сүйген ер болады деп ырым етеді. Шөп ұрығын тастағаны бала көгерсін, жолы ашылсын, жақсылығы жансын, шөптей қаулап өссін деген арман-тілегі. Ал қыз баланың кіндігін оттың басы, ошақтың қасына көмеді. Онысы "Қыз бала от басына опадар болсын, ошақ отын сөндірмесін", "Қыз - үйдің құты, үй құтын қашырмасын", "Үйдің шырағы сөнбесін", "Дала безер болмасын" деген ойынан туған ырымы.

♦ Байырғы қазақта бала кіндігін ырымдап ер адамдарға кестірген

Мұнда бір ерекшелік бар. Үнемі түсік тастап, балаға зар болып жүрген болса, ол адам бір кезекте аман-есен босанса, сол баласының кіндігін ер адамға кестіреді. Ер адам кіндігін кескен балаға шайтан жуымайды, жын-жыпыр араласпайды, бала көзден, тілден, сұқтан аман болады деп ырым етеді. Оның үстіне ол баланың мінезі ер көңіл, жомарт, ештеңеден тайсалмайтын, қорықпайтын, батыл, батыр болады деп ұйғарады. Ал әйел адамдар нәзік, жұмсақ мінезді, құбылмалы көңілді болғандықтан "жар дегендегі жалғыз балам, жасқаншақ, ұялшақ, тартыншақ болып қалмасын" деп ырымдағаны.

Бала мінезі кіндік анасына тартады деп бекер айтпаған. Қазақта "туған ана", "кіндік ана", "сүт ана", "тұсау ана", "баққан ана", "қайын ана" деген аналар болады. Бала мінезі осы аналарымен араласа жүріп, солардың тәрбиесін көре жүріп, соларға тартады. Солардан мінез жұқтырады. Біреуінің сөз сөйлесін, біреуінің көз қарасын, біреуінің әрекетін кішкентай күнінен бойына қалыптастырып алады да, есейгенде де соны жоғалта алмай жүреді. Сондықтан жас баланың өмірінде кіндік ана ең маңызды таңдаулардың бірі болып саналатыны сөзсіз.

Читайте также
Join Telegram Последние новости
Лого TengriNews мобильная Лого TengriSport мобильная Лого TengriLife мобильная Лого TengriAuto мобильная Иконка меню мобильная
Иконка закрытия мобильного меню
Открыть TengriNews Открыть TengriLife Открыть TengriSport Открыть TengriTravel Открыть TengriGuide Открыть TengriEdu Открыть TengriAuto

Курс валют

 517.74  course up  545.31  course up  5.05  course down

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети
Иконка Instagram footer Иконка Telegram footer Иконка Vkontakte footer Иконка Facebook footer Иконка Twitter footer Иконка Youtube footer Иконка TikTok footer Иконка WhatsApp footer