ПОДЕЛИТЬСЯ
27 ноября 2018 | 15:06
Қазақ қонақты қалай күткен?
Қазақ десе қонақжай деген ұғым егіз ұғымдай естіледі. Жалпы қазақты неге қонақжай халық дейді? Tengrinews.kz тілшісінің бұл сұрағына этнограф, тарих ғылымдарының докторы, профессор Жамбыл Артықбаев жауап берді.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Қазақ десе қонақжай деген ұғым егіз ұғымдай естіледі. Жалпы қазақты неге қонақжай халық дейді? Tengrinews.kz тілшісінің бұл сұрағына этнограф, тарих ғылымдарының докторы, профессор Жамбыл Артықбаев жауап берді.
Қонақжайлық қазақтың міндеті болып саналған
Қазақ халқының қаншама дәстүрі ұмыт қалды, дәл қазір дәстүрге байланысты айтуға болатын мәселе жетерлік, солардың бірі - қонақжайлық. Қонақжайлық қазақ халқында өзара міндетті болып саналған дәстүр. Қазақтар ежелден үйіне келген кез келген адамға міндетті түрде тегін қонақасын беріп, оған жайлы төсек-орнын салып беріп, қондырған және бұл әдет-ғұрып ежелден бар.
Бұрын қазақтар үйіне келген қонаққа құрмет көрсетпей, дәстүрлі әдет-ғұрыптан бас тартса, бейтаныс, жолаушы адам сол үй иесінің үстінен шағымданып, биге барып наразылығын білдіруге құқылы болған. Ал би қазақтың қонақжайлық дәстүрлі әдет-ғұрпын бұзған үйдің иесіне ат-тон айып салатын болыпты. Бірақ қазақтардың тарихында мұндай оқиғалар өте сирек кездеседі. Себебі қазақтар баласы дүниеге келген сәттен үлкенді сыйлау, құрмет көрсету, кішіге ізет білдіріп, қонақты күту дәстүрлерін санасына құйған. Қазақтар қай заманда болмасын барын қонағына тосып, малын сойып, бар дәмдісін ұсынған.
Дәмнен ауыз тию
Қонақжайлыққа қатысты қазақ ұлтында әдет-ғұрып жетерлік, солардың бірі - дәм ауыз тию. Қазақтар үйіне бас сұққан кез келген адамды дәмнен ауыз тигізбей жібермеген, қазір де солай десек артық емес. Мұхтар Әуезовтің "Абай жолы" еңбегінде де мынадай сөздер кездеседі, "Қымыз әкел, ас ауыз тигіз мыналарға!" деген. Дәм ауыз тиюді дәстүр де, ырым да деуге болады. Себебі алыс сапарға, емделуге шыққан адам ауылдың үлкен үйінен дәм татып аттанатын ырым бар. Бұл сол "Қара шаңырақтың киесі қолдасын" деген сенімнен шыққан.
© alashainasy.kz
Сондай-ақ, дастарқан басына келген адам дәмнен ауыз тиюі керек, әсіресе таңғы ас болса. Тіпті қазақтар әйел болса "күйеуің тастап кетеді", еркек болса "әйелің тастап кетеді" деп қалжыңдасып жатады. "Таңғы асты тастама, кешкі асты бақпа" деген де мақал-мәтел бар емес пе? Ал қонақжайлыққа келгенде қазақтың дәстүрі бойынша, үйіне келген адамға дәм ауыз тигізбей шығармауы керек. Қазақтарда "үйге кірген жыланға да ақ құйып шығарады" деген сөз бар және ол бекер емес. Мұның барлығы қонаққа деген, асқа деген ерекше ықыласты білдіреді.
Қуыс үйден құр шықпа
Қазақта "Қуыс үйден құр шықпа" деген сөз бар. Яғни, қонаққа дәмді асын беріп, құрмет көрсеткеннен бөлек кәде, сый немесе қайтарында сарқыт салып беру. Әдетте қазақтар қонақтың өз үйіндегі адамдар да үйінің асынан дәм татсын деп, дәмді асынан сарқыт салып береді, сыйлық табыс етеді.
Ертеде сәлемі, жүріс-тұрысы дұрыс жолаушыға "бұйымтайыңды сұра" дейтін де салт болған, яғни қонақ таңдаған затын алып кете алған.
Қалау әдет-ғұрпы
Кеңінен таралған әдет-ғұрыптардың бірі - қалау. Ертеде қазақ үйіне келген қонақ сол үйдегі кез келген затты қаладым деп айта алатын болған. Ал, сол үйдің иесі қонағы ұнатқан затты міндетті түрде берген. Мұның өзі де адамдар арасындағы достық қарым-қатынастың негізін қалайды.
Сонымен қатар, әйел аман-есен босанып, дүниеге сәби келген соң қазақтың қалау әдеп-ғұрпы бойынша нәрестенің кіндік шешесі де өз қалауын айтып, ұнаған затын ала алатын болыпты.
Ерулік беру
Қазақ халқының жақсы әдет-ғұрпының бірі - ерулік беру. Басқа жақтан көшіп келген адамдарды олардың туған-туыстары немесе жаңа көршілері арнайы дастарқанға шақырып, ерулік беру арқылы көшіп келген туған-туыстарына немесе көршілеріне деген ыстық ықыласы мен ізгі ниетін білдірген.
Жалпы қазақтың қонақжайлығына қатысты әдеп-ғұрып, дәстүрлер өте көп, олардың біразы ұмыт қалды. Қонақжайлық қазаққа ғана тән ұлы қасиеттердің бірі, сондықтан оны жалғастыру қай заманның ұрпағы үшін де маңызды.
Вопрос от автора
Что вы об этом думаете?
Комментарии проходят модерацию редакцией
Показать комментарии
Читайте также