Подписывайтесь на канал Tengrinews.kz в WhatsApp
12 июля 2019 13:46

Қазақстандық шенеуніктер өзі жайлы мемдерге қандай пікір білдірген

ПОДЕЛИТЬСЯ

© Tengrinews.kz коллажы © Tengrinews.kz коллажы

Tengrinews.kz тілшісі қазақстандық шенеуніктерге қай кездерде мем жасалғанын және оған қатысты мемқызметкердің берген пікірлерін жинады.


Tengrinews.kz тілшісі қазақстандық шенеуніктерге қай кездерде мем жасалғанын және оған қатысты мемқызметкердің берген пікірлерін жинады.

Арыстанбек Мұхамедиұлы: Күліп алдық

Күні кеше Арыстанбек Мұхамедиұлы Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінің директоры болып тағайындалды. Бұл тағайындауға қатысты әйгілі "Ночь в музее" фильмінің кейіпкері ретінде экс-министрдің мемі пайда болды. 


© instagram.com/arystanbekmukhamediuly

Оған Мұхамедиұлы былай деп пікір білдірді:

"Ағайын, біздің адамдардың өте қызықты шығармашылығымен бөліскім келіп отыр. Достарым бүгін мына коллажды жіберіпті, күліп алдық. Керемет туынды, рақмет! Мейірімге толы фильм, оқиға барысында музейдегі заттарға жан бітеді. Біздің Ұлттық Музейде де солай болғанын қалаймын", - деп жазды ол Instagram желісінде.

Серік Әбденов: "Патамушта" - бұл бренд

Серік Әбденов - 2013 жылдан бүгінге дейін ұмытылмай келе жатқан "Патамушта... Патамушта!" деген қанатты сөзінің авторы. Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі қызметінде отырған ол Қарағандыда өткен баспасөз мәслихатында әйелдердің зейнет жасын 63-ке дейін көтеру қажет деп, бұл сөзін дәлелдеудің орнына әңгімені төтесінен қайырды. Содан бері Желіде бұл сөз талай мем мен әзілге арқау болды. Тіпті кейбіреулер оны "Патамушта мырза" дейтін көрінеді.

Шенеуніктің өзі бұл мем жайлы былай пікір білдірген: 

"Біздің елімізде жоғары лауазымға ие бір адам маған: "Серік, уайымдамаңыз! Сіз Қазақстанның брендіне айналдыңыз" деді. Маған өте жағымды болды. Шынында да, "патамушта" - бұл бренд", - деп пікір білдірді Серік Әбденов сұхбаттарының бірінде.

Бақыт Сұлтанов: Осылай ескертуі өте дұрыс

Астана әкімі болып тұрған кезінде Бақыт Сұлтанов өзі туралы мемге пікір білдірген болатын. Үкімет отырысында журналистер Сұлтановтан әлеуметтік желілердегі түрлі әзілдерге қалай қарайтынын сұраған. Журналистер сұраған мем Астана көшелерінің бірінде елорданың бұрынғы әкімі Әсет Исекешев пен Бақыт Сұлтановтың қайықта отырғаны бейнеленген.

"Мемдерге әрдайым әзілмен қарау керек, менің ойымша. Бірақ жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды деп түсіну керек. Кез келген мәселенің белгілі бір негізі бар. Қайықта отырған мемге келер болсақ - бұл мемді жасағандардың дұрыс ескертуі. Бүгін елордада басты мәселелердің бірі - нөсер кәрізі. Бұл менің жұмысымда басымдық беретін мәселе болады", - деп жауап берген еді Бақыт Сұлтанов.

Бақытгүл Хаменова: Ренжімедім, бірақ жағымсыз болды

Мәжіліс депутаты Бақытгүл Хаменова өзі жайлы мемге қатысты жауап берген болатын. Оның сөз сөйлеу мәнері мен ұран сөздеріне қатысты әлеуметтік желілерде мемдер пайда болған.

"Қанша адам болса сонша пікір, оны түсінуіміз керек. Бірақ адамды қорлау - бұл әр адамның деңгейі. Мен екі рет мәслихат депутаты болып сайландым, қазір, міне, мәжілістемін. Мен де сіздердей ет пен сүйектен жаралғанмын. Әрине, жағымсыз болды. Неге халық мені түсінбеді деп ойладым. Мен "жастыққа көз жасымды төктім" немесе ренжідім деп айта алмаймын. Мен түсінбеушіліктен, әрине, біртүрлі күйде болдым. Бірақ менің ойымша, уақыт - емші", - деп жауап берген еді Хаменова.

Айман Мұсақожаева: Актердің ұйқысы қанбаған

Қазақстанның халық әртісі, скрипкашы Айман Мұсақожаева өзі және белгілі актер Николас Кейдж  түскен суретке жасалған талай мемді әзілмен қабылдағанын айтты.

Айта кетейік, Голливуд актері, продюсер және кинорежиссер, "Оскар" сыйлығының иегері Николас Кейдж 22 шілдеде Астанаға "Еуразия" Халықаралық кинофестивалінің қонағы ретінде келген. Көп ұзамай шапандағы оның фотосуреті әлеуметтік желілерде танымал болды және мем болды. Юзерлер актердің бет-әлпеті шаршаңқы болғанын айтып, көптеген мемде: "Мен кіммін?", "Мен мұнда не істеп жүрмін?", "Мен Астанада не істеп жүрмін" деген секілді әзіл жазу болған.

"Актердің айтуы бойынша, ол таңертеңнен ұйықтамаған. Біз оны бірден баспасөз мәслихатына шақырып, шапан кигізген болатынбыз. Таңертең ұшып келіп, бірден жұмысқа кірісті. Тіпті демалған жоқ. Америкамен 12 сағат айырмашылық бар. Сондықтан ол ұшып келе салып, жұмыс істей бастаған кезде Америкада түн болды", - деп түсіндірген еді Мұсақожаева.

Азат Перуашев: Ұсынысты дұрыс ұқпады

"Ақ жол" фракциясының басшысы Азат Перуашевтің қазақстандық жастарға ортақ санитарлық торабы мен асүйлері бар "коммуналкалар" салу туралы ұсынысы желіде қызу талқыланды. Көптеген қазақстандықтар мәжілісменнің ұсынысын сынап, оны әлеуметтік желілерде қызу талқылады. Кейбіреулер оның ұсынысын асүйсіз және дәретханасыз үй салу туралы ұсыныс ретінде түсінген. Кейін Перуашев бейнеленген мемдер пайда болды. Олардың бірінде "Ақ жол" басшысы "Көршілер, менің сковородкам қайда?" деп сұрап тұр.

Кейінірек ол шын мәнінде қандай ұсыныс айтқанын түсіндірді. "Ұсынысым дұрыс түсінілмеді, "әжетханасыз пәтер салу" деп қате түсінілді. Санитарлық тораптар мен асханалар алып отырған алаңнан тыс жерлерге шығарылған жатақханаларда тұрғын үй автоматты түрде 40 пайызға арзандайды. Осыған байланысты біз Үкіметке "Нұрлы жер" бағдарламасына жатақханалар салу бағытын қосуды ұсындық. Сондықтан біздің ұсынысымызды жеке пәтерлерін сатып алуға мүмкіндігі жоқ адамдарды баспанамен қамтамасыз ету үшін негіз бар және маңызды деп санаймыз", - деп пікір білдірген болатын партия басшысы.

Алайда, бұған қарамастан, қазақстандықтардың өміріне "перуашевки" деген термин еніп кетті. Айта кету керек, құрылысшылар депутаттың ұсынысы бойынша үй салуға дайын екенін, ал тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде бұл идеяны қаржыландыруға дайын екенін айтып үлгерген. Ал кейін сол кездегі үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев депутаттың "әжетханасыз" үйлер салу туралы ұсынысын қабылдамады.

Гүлжан Қарағұсова: Әлеуметтік желідегі реакцияны елемеймін

Депутат Гүлжан Қарағұсова "Кто как содержится, тот так и работает" деп пікір білдерген. Парламентке жаңадан келгендерді Астананың төріндегі қонақүйлерге тұрғызу қаншалықты дұрыс деген мәселеде оның бұл сөзін Желі қолданушылары, артынша жаппай халық сынап, наразылығын білдіріп жатты. Кейін оны шахтерлермен салыстырған мем де шықты.

Алайда Қарағұсованың өзі әлеуметтік желіге назар аудармайтынын мәлімдеді. 

"Мен негізі әлеуметтік желідегі реакцияны елемеймін, өйткені уақыт жоқ. Көп жұмыс істейтін адамдар әлеуметтік желілерде аз уақыт өткізеді", - деген еді ол.

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 443.77   490.7   4.81 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети