ПОДЕЛИТЬСЯ
19 марта 2020 | 23:42
Қазақстандықтар онлайн-той жасау үлгісін көрсетті
Карантин кезінде жоспарлаған тойды онлайн өткізуге бола ма? Қазақстандықтар коронавирусқа байланысты қабылданып жатқан шараларды түсініп, оған әзілмен қарады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Карантин кезінде жоспарлаған тойды онлайн өткізуге бола ма? Қазақстандықтар коронавирусқа байланысты қабылданып жатқан шараларды түсініп, оған әзілмен қарады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Олардың бірі онлайн-той жасауды ұсынды. Әлихан Қарымсақов атты Желі қолданушысы YouTube хостингіндегі арнасына қызықты видео жүктеген. Кадрларда Олжас атты асаба WhatsApp-тан "Еркеш Сандина үйлену 18:00" атты топ ашып, онда шаңырақ көтергелі жатқан қос ғашықтың ата-ана, туған-туыстарын қосқан.
Тойды әдеттегідей асаба бастады. "Ал бәрекелді, қадірлі ағайын! Бүгінгі Еркеш мырза Сандина ханымның онлайн үйлену тойына қош келдіңіздер!", - деп жазған ол. WhatsApp-та жиналған қауым ду қол шапалақтап болған соң, асаба өлеңдетіп былай дейді: "Қазақша айтқандай, коронавирус кет, кет, кет! Карантин - саған ответ. Кетірмейсің сен тойды. Той вапцапта болады".
Кейін құдалар шақырылады, яғни оларды топқа қосады. Той иелері иконкалармен шашу шашады, ақша лақтырады. Содан соң жастар қосылып, беташар болады. Ал туыстар ақшаны картаға аудара салды, ішімдіктен "алып қоюды" да ұмытпайды. Әжеге тілек айтқызып, ал қонақ ретінде әнші Ерке Есмахан келіп, өлең айтып кетті. Той соңында асаба жастарға бақыт тілеп, әзірге сүйіспеуге кеңес берді - көшеде вирус.
Әзілге толы видеоның сипаттамасында "мынау топас вируспен бірге қазақ тойлары енді осылай өтетін шығар" деген жазуды байқауға болады.
Еске салайық, 15 наурызда Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда төтенше жағдай жариялады. Осыған байланысты ойын-сауық, спорттық және басқа да бұқаралық, сондай-ақ, отбасылық, еске алу іс-шаралар, той өткізуге тыйым салынды. Мұндай іс-шаралардың уақытын кейінге ауыстыру ұсынылды.
Уақытша шектеуге құлақ аспағандар жазаланып жатыр. Мысалы, 16 наурызда түнгі уақытта Түркістан қаласындағы мөлтек аудандардың бірінде той өткізген адамдарға ҚР Әкімшілік - құқық бұзушылық туралы кодекстің 476-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Сондықтан ведомство өкілдері заңға бағыну керегін ескертеді. Төтенше жағдай кезінде жиын, басқосуларды ұйымдастырмай, мүмкіндігінше сақтық шараларын жасап, денсаулыққа мән беру қажет екенін айтады.
Қазақстан жаңалықтары. Соңғы жаңалықтар. Telegram желісінде бізге жазыл!
Вопрос от автора
Что вы об этом думаете?
Комментарии проходят модерацию редакцией
Показать комментарии
Читайте также