ПОДЕЛИТЬСЯ
08 марта 2020 | 12:17
"Коронавирус деп мерекелік шара өтпеді" - дүниеге 11 қыз әкелген ана
Бұған дейін порталымызда дүниеге 11 қыз әкелген ана туралы мақала шыққан. Арыс қаласының тұрғыны қыздарын қиядан ұшырып, қазір үш қызын тәрбиелеп отыр. 53 жастағы Қалдықыз Жәңгірова үшін Халықаралық әйелдер күні ерекше өтеді екен. Tengrinews.kz тілшісі Қалдықыз Жәңгірованы мерекесімен құттықтап, 8 наурызды қалай өткізетіні туралы әңгімелесті.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Бұған дейін порталымызда дүниеге 11 қыз әкелген ана туралы мақала шыққан. Арыс қаласының тұрғыны қыздарын қиядан ұшырып, қазір үш қызын тәрбиелеп отыр. 53 жастағы Қалдықыз Жәңгірова үшін Халықаралық әйелдер күні ерекше өтеді екен. Tengrinews.kz тілшісі Қалдықыз Жәңгірованы мерекесімен құттықтап, 8 наурызды қалай өткізетіні туралы әңгімелесті.
11 қызға өмір сыйлаған ана
Қалдықыз Жәңгірова 19 жасында жары Аралбаймен отау құрған. Бір жылдан соң өмірге Шахизада есімді қыз әкелген. Артынша, Алуа және Балқия атты тағы екі қыз дүниеге келген.
"Төртінші қызым дүниеге келгенде келесі ұл болсын деп ырымдап Ұлболсын қойдық. Ал бесінші қызымның есімі - Айбала. Оның есімін қайын ағам қойған. "Ай, бала болсыншы ендігісі" деп ырымдаған еді. Алтыншы қызымызды Ақмаржан деп атадық. Оның алдында тағы бір қыз босанған едім, оны бір туыстарым сұрап алды: "Ендігісі ұл бола ма деген ниетпен бұл қызды мен өз атыма жаздырайын" деді. Менен сұраған жоқ, күйеуім солай ұйғарған. Сондықтан, ол қызды менің тапқаным болмаса, баққаным жоқ", - дейді көпбалалы ана.
Қалдықыз Тасымбекқызы сегізінші рет құрсақ көтергенде де дүниеге қыз алып келген. Сол кезде ауылдағы әпкелерінің бірі "Әй, сен неге қыз ғана босанып кеттің? Болды, енді қыз тумашы" деп сәбидің есімін Болдықыз қойған.
"Ол кейін "Неге мені Болдықыз деп қойдыңыздар? Мені бәрі мазақтайды ғой" деп ренжіген еді. Оған "Қызым, сенің есіміңді менікіне ұйқастырып қойғанбыз" деп жұбаттым. Содан реніші басылды", - дейді ол.
Тоғызыншы қызының есімі - Бақнұр. Кейін Қанағат есімді қыз дүние есігін ашыпты. Ал кенже қызының есімі - Еңлік.
"Біреуін 10 ұлға да айырбастамаймын" - Дүниеге 11 қыз әкелген ана
"Коронавирус деп мерекелік шара өтпейді"
Қалдықыз Жәңгірова биыл 8 наурызды қалай атап өтетінін білмейді. Бірақ жан-жақтан құттықтаулар келіп жатқанын айтады.
"Құрдастарым кездесуге шақырып жатыр, мүмкін соған барамын. Жылда әкімдіктен шақырту алатынмын. Биыл коронавирусқа байланысты мерекелік шара өткізбеді. Бірақ кеше жұмыста жүргенімде әкімдік қызметкерлері қайда екенімді сұрап хабарласқан. Сөйтіп, мерекеге орай сыйлық беріп, құттықтау сөздерін айтты. Жыл сайын құттықтайды, концерт ұйымдастырады, сыйлық табыстайды. Биыл конфет салатын ыдыс сыйлады. Бұған дейін алма салғыш, шәйнек сынды сыйлар берген", - дейді 10 қыздың анасы.
Ол қазір мектепте жұмыс істейді. Бірақ мектепте де мерекелік шара өткізуге коронавирус қаупі бөгет болыпты.
"Мектебімізде де коронавирусқа байланысты шара өтпейді дегендіктен, ешқандай концерт болмады. Тек жарты сағат бәрімізді құттықтап шықты. Ағайларымыз ән айтып, сыйлықтар берді", - дейді Қалдықыз Тасымбекқызы.
"Жарыммен 8 наурызда отау құрғанбыз"
Көпбалалы ананың айтуынша, ол қыздарының мерекені құттықтаусыз, сыйлықсыз өткізбейтінін айтады.
"Он қызым 8 наурызда сыйлықсыз қалдырмайды. Бұған дейін әдемі көйлек, гүл әперген. Ал биыл аяқ киім сатып әперді. Өткенде түркиялық көйлек сыйлады. Алыстағы күйеубалаларым телефоныма бірлік салып береді. Бәрі "аналап" құттықтап жатады, одан артық не керек маған?", - дейді ана.
2014 жылы Қалдықыз Тасымбекқызының жолдасы дүниеден өткен. Ол жарының тірі кезінде мерекені ерекше атап өтетінін айтады. Себебі олар 8 наурызда үйленген екен.
"Жарыммен 8 наурызда отау құрғанбыз. Дәл осы күні келін болып түскен едім. Сондықтан, біздің үйде жыл сайын екі мереке атап өтіледі. Жарым жыл сайын осы күні ерекше құттықтап, осынша бала сыйлағаныңа рақмет деп алғысын айтып отыратын. "Бір қызымды он ұлға айырбастамаймын" дейтін еді", - дейді Қалдықыз Жәңгірова.
10 қыздың анасы әдетте мереке күнін қалай өткізетінін айтып берді.
"8 наурызда ұйқымнан тұрған бойда, үйдегі қыздарым құттықтайды. Түркияда оқып жатқан қызым, Нұр-Сұлтандағы қызым телефон соғады. Қалған қыздарым маған жақын тұрады. Немерелерім қолдан гүл жасап, сыйлық тарту етіп жатыр.
Қазір қолымда үш қызым бар. Үлкені 9-сыныпта, кейінгісі 8-сыныпта. Ал кенже қызым 3-сыныпта оқып жатыр. Олар үйде болған соң, дәмді тамақтар дайындап, тілек айтып, қуантады. Негізі мерекеде ғана емес, олар басқа күндері де үй шаруасымен өздері айналысады. Мен үйді жалға алып отырған адам сияқтымын. Бәрін қыздарым істейді. Жаңа үйге келсем, 8-сыныптағы қызым малды жайғастырып келіпті. Шай дайын, тамақ дайын. Бұдан артық не керек?", - дейді Қалдықыз Тасымбекқызы.
11 қызды өмірге алып келген ана бақытты екенін айтады. Ол үшін 8 наурыз ғана емес, әр күн мереке екен.
Суреттер кейіпкердің жеке мұрағатынан
Вопрос от автора
Что вы об этом думаете?
Комментарии проходят модерацию редакцией
Показать комментарии
Читайте также