30 ноября 2020 | 15:07

"Күн суытса жылайтынмын". Көшіп келгендер Нұр-Сұлтандағы алғашқы қысын қалай өткерді?

© Тұрар Қазанғапов

Ертең қыстың бірінші күні. Бұл мезгіл елдің әр өңірінде әртүрлі өтеді. Бірақ қыста елордаға барғандар оның суығына көп назар аударады. Tengrinews.kz тілшісі Нұр-Сұлтан қысы қандай болатынын елорда тұрғындарынан сұрап білді. Бірақ астанада туғандардан емес, сонда көшіп барғандардың пікірін алдық.

ПОДЕЛИТЬСЯ
Иконка комментария блок соц сети

Ертең қыстың бірінші күні. Бұл мезгіл елдің әр өңірінде әртүрлі өтеді. Бірақ қыста елордаға барғандар оның суығына көп назар аударады. Tengrinews.kz тілшісі Нұр-Сұлтан қысы қандай болатынын елорда тұрғындарынан сұрап білді. Бірақ астанада туғандардан емес, сонда көшіп барғандардың пікірін алдық.

"Қар еріп кетпейді және ауасы таза"

Реклама
Реклама

Біз пікір сұрағандардың ішінде Айнұр Еркебекованы "ең жас елордалық" деуге болады. Ол Алматыдан Нұр-Сұлтанға отбасымен бірге былтыр ғана көшіп барған.

"Қыс өте салқын, бірақ құрғақ. Далада ұзақ жүріп, дүкенге кірсең, тез жылынып кетесің. Бас киім, қолғап, шарф міндетті түрде қажет. Аяқ киім қалың болуы маңызды. Кейде боран тұрып, жел қатты соғады. Бір-екі рет желге қарсы жүре алмай қалғанмын. Бетіңді шарфпен жаппасаң, кеуіп кеткендей боласың. Жұмысқа не жаяу не көлікпен барамын. Кейде көлік оталмай қалады", - дейді ол.


© Тұрар Қазанғапов

Оның сөзінше, Нұр-Сұлтанда қар ерімей, қыс атмосферасы сақталып тұрады екен.

"Алматыда қыс қандай болатын? Қар жауса, жер еріп, ылғал болып жататын. Ал Нұр-Сұлтан қысы маған ұнап жатыр. Себебі қар еріп кетпейді және ауасы таза болады. Қазір температура -17 градус болып тұр, баламды арбаға салып, бір сағаттай серуендеп қайтуға болады. Сәл тоңа бастағанда үйге кіре қоямыз. Жәй ғана серуендеп қайтуға бір сағат жеткілікті. Тек кейде қатты жел тұрып, ауа райы -30 градустан асқан кезде қатты тоңып қаламын", - дейді Айнұр.


© Тұрар Қазанғапов

"Курткам пакетке ұқсап қалатын"

Ақтөбелік Эльмира Мұхамбетпанинаның Нұр-Сұлтанда тұрып жатқанына сегіз жыл болған.

"2012 жылы Нұр-Сұлтанға оқуға түстім. Оқуға жазда келген соң қыс туралы қатты ойлай қоймағанмын. Бірақ, әрине, бұған дейін астананың қысы салқын дегенді естігенмін. Ақтөбеде де қыс жылы өтпейді, сондықтан Нұр-Сұлтан қысы біздікіндей болатын шығар деп ойладым. Бірақ астаналық достарым қалың киін деп кеңес берді", - дейді Эльмира.

Ол елорда қысында қандай әсерде болғанын еске түсірді.

"Астана қысындағы ең алғашқы әсерім есімде. Күн салқын болатын. Ызғары қатты. Далада күн шығып, жылы секілді көрінеді, бірақ сәл жүргеннен кейін бетің қалай үсіп кеткенін өзің байқамай қаласың. Дала желсіз болса да, ызғары адам шыдатпай жібереді кейде. Бұрын курткам пакет болып қатып қалатын. Ал қазір Нұр-Сұлтанда тұрып жатқаныма сегіз жыл болды. Сондықтан, қысына әбден үйреніп алдым", - дейді ол.


© Тұрар Қазанғапов

"Бұл нағыз қыс"

Алмас Тоқабаев отбасымен бірге Шығыс Қазақстан облысынан елордаға қоныс аударған. Ол Нұр-Сұлтанның қысы ұнайтынын айтады.

"Нұр-Сұлтанның қысы өте әдемі болады. Себебі бұл нағыз қыс. Аязы да, бораны да, аппақ қары да күшті. Сен оның суығын да, қызығын да сезесің. Былжыраған балшық болмайды. Құп-құрғақ аяз, барлық жер тап-таза болады. Өз басыма астананың қысы ұнайды", - дейді ол.

Оның сөзінше, тау ішіндегі ауылда өскен оған елорданың қысы қатты суық бола қоймаған.

"Мен негізі Шығыс Қазақстан облысынан көшіп келдім. Сондықтан Нұр-Сұлтанның қысы мен үшін жұмсақ сияқты болып көрінді. Біз таудың ішінде өскен соң сегіз ай қыс көреміз, оның алты айында қар борап жатады. Таудың ішіндегі ауыл болған соң жолды ешкім тазаламайтын. Аудан орталығымен, өркениетпен байланыс екі апта, бір айға үзілетін. Нұр-Сұлтанға алғаш келген кезімде қысы өз аулыма ұқсас болды. Қазір де солай. Негізі әр жыл мезгілінің өзіне тән қасиеті болуы керек, жаз жазындай, қыс қысындай өтуі қажет. Нұр-Сұлтанда жылдың төрт мезгілі де бар деп айта аламын", - дейді Алмас.


© Тұрар Қазанғапов

"Күн суық болса, жылайтынмын"

Гаухар Нағызбай - жұмыс істеу үшін Алматыдан Нұр-Сұлтанға көшіп барғандардың бірі. Төрт жыл бұрын елордаға қоныс аударған. Алғаш барған жылдары қысына шыдамай, жылаған кездері болған екен.

"Астананың қысы суық. Бірақ қазір үйреніп кеттім. Нұр-Сұлтанға көшіп келгеніме төрт жыл болды. Жыл сайын қала жылынып келе жатыр ма, мен үйреніп келе жатырмын ба - әйтеуір қазір бұрынғыдай қиналмаймын. Ең алғаш келген жылы қатты суық болса, жылайтынмын. "Мен не істеп жүрмін мына қалада?" деп ойлайтынмын", - дейді Гаухар.


© Тұрар Қазанғапов

Нұр-Сұлтанға көшіп барған соң басында Алматыға оралғысы да келгенін айтады.

"Елордаға көшіп келген алғашқы жылы қатты тоңдым. Намысым жоқ болса, Алматыға қайтып кетер едім. Ата-анама Нұр-Сұлтанда жұмыс істеймін, бәріне шыдаймын деп кеткен едім. Ауа райы жаман деп, Алматыға қайту өзімнің, ата-анамның алдында ұят. Бірақ Нұр-Сұлтанда болашақ жарыммен таныстым, қазір қысына да үйрендім. Мен үшін қазір Нұр-Сұлтанға жететін қала жоқ", - дейді ол.


© Тұрар Қазанғапов


Показать комментарии
Читайте также
Реклама
Реклама
Join Telegram
Лого TengriNews мобильная Лого TengriSport мобильная Лого TengriLife мобильная