ПОДЕЛИТЬСЯ
07 марта 2021 | 14:02
Ләззат Асанова мен Сабира Мұхамеджанова қандай адам болған?
Тарихқа көз жүгіртсек, Томирис патшайымның батырлығы, Ұлы Отан соғысындағы Әлия мен Мәншүктің ерлігі мен Желтоқсан оқиғасындағы Ләззат пен Сабираның қайсарлығы ұрпaққa aңыз. Tengrinews.kz тілшісі 8 наурыз - Халықаралық әйелдер мерекесіне орай 1986 жылғы көтерілісте тайсалмай, ел тәуелсіздігі үшін күрескен Ләззат Асанова мен Сабира Мұхамеджанованың өмір жолы мен ерлігі туралы баяндайды.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Тарихқа көз жүгіртсек, Томирис патшайымның батырлығы, Ұлы Отан соғысындағы Әлия мен Мәншүктің ерлігі мен Желтоқсан оқиғасындағы Ләззат пен Сабираның қайсарлығы ұрпaққa aңыз. Tengrinews.kz тілшісі 8 наурыз - Халықаралық әйелдер мерекесіне орай 1986 жылғы көтерілісте тайсалмай, ел тәуелсіздігі үшін күрескен Ләззат Асанова мен Сабира Мұхамеджанованың өмір жолы мен ерлігі туралы баяндайды.
"Ләззаттың өмірі шытырманға айналды"
Ләззат Асанова - 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы құрбандарының бірі. Ол үйінде жалғыз бала еді, әке-шешесінің тұңғышы. Әкесі өмірден ерте өткен екен. Анасы Алтынай Асанованың сөзінше, ол бала күнінен өнерге жақын болған. Мектепті өте жақсы оқыған. Әкесі өнерлі адам болған. Сондықтан болар, Ләззат та өнерге жақын болған. Бала күнінен үйірмелерге қатысып, қазақтың ұлттық аспаптарын жақсы меңгерген. Ләззат анасына өнер жолын таңдайтынын айтып, арман қуып Алматыға келген. Алматыдағы Чайковский атындағы музыкалық училищенің қобыз тобына түсті. Бір жарым жылдай ғана оқыды.
"Өнерге арналып туған бала сияқты еді. Өкінішке қарай, ұзаққа бара алмады. Желтоқсан оқиғасының нәубетіне жолығып, өмірден жұмбақ күйде өтіп кетті. Музыкаға жақын болды. Аман болса ары қарай жалғастырып, дамытар еді ғой", - деп еске алды анасы.
Ләззат би үйірмесінде. (Сол жақтан бірінші) Фото: Tengrinews.kz
Ол туған жері Ақжазық ауылына соңғы рет 1986 жылдың 7 қарашасында келген. Ал Ләззаттың мерт болғаны туралы қаралы хабар сол жылы 25 желтоқсанда келген. Сол кезде партия ұйымдастырушысы (парторг) Ләззаттың анасына екі телеграмма алып келген.
"Ол кезде парторг, сельсовет дегендер болатын. Парторг екі телеграмма ұстап тұрды: бірінде "Ләззаттың жағдайы нашар, келіңіздер" деген хабар, екіншісінде "Келмей-ақ қойыңыздар, алып бара жатырмыз" деген хабарлама жазылып тұрды. Есіркеп, көңіл айтқан ешкімді байқамадым. Тек орныңнан тұра алмайтындай ауыр, зілді хабар келді", - дейді Алтынай Асанова.
1986 жылғы көтерілістен кейін Ләззатты ақтап алуға анасы бар күшін жинап, тайсалмай, барлығына өзі жүгірген. Ол кездері Алтынай Асанова туралы түрлі мақала жазылып, шабуыл жасалған екен. Алайда қайсар қыздың анасы талай адаммен соттасып, оларды жеңіп, қызын ақтап алған. Одан кейін Алтынай Асанованың өзіне де көп кедергі жасалған: тергеп-тексеру көбейе түскен.
"Ләззаттың тағдыры шытырманға айналды. Басынан аяғына дейін өзім жүгірдім. Ләззатымның менен басқа ешкімі жоқ. Өзі үшін, аналық парызым үшін жүгірдім. Іздеушісі де, қорғаушысы да өзім болдым", - деген еді анасы Алтынай Асанова.
Ләззаттың анасына жіберген соңғы хатынан қалған бөлігі. Фото: Tengrinews.kz
Анасы мен қызының арасындағы махаббат ерекше болған.
"Ләззат мені қатты жақсы көрді. Мен оны қатты жақсы көрдім. Екеумізді құдай бір-бірімізге сондай жақын етіп қойды. Ауылға келгенде сабағы туралы әңгімелейтін. Оған ауыр жұмыс істетпей, домбырасын шерткізіп отыратынмын. Өнер жолын таңдауына қарсы болсам, оны Алматыға жетектеп әкелмес едім ғой. Қарғадай баламды алып келгеніме өкінемін...", - деді Алтынай Асанова.
"Сабира - халықтың баласы"
Сабира Мұхамеджанова Алматыдағы жастар шеруін қолдап, Өскемен қаласының студенттерімен Ушанов алаңына қарай өлең айтып, шеруге шықты. Оны дүрбелеңге үн қосқаны үшін айыптап, тәртіпсіздік жасады деп бағалаған. Училищеден жазықсыз шығарып жіберген қорлығына шыдай алмай Өскемен педагогикалық училищесінің І курс студенті Сабира Мұхамеджанова жатақхананың өзі тұратын бөлмесінің терезесінен секіріп қаза тапты.
"Сегіз жылға дейін қойнымда жатты. Бауырыма басып жаттым. Сабира өте жақсы бала болды. (...) Менің балам емес Сабира, халықтың баласы. Жақсы бала болатын: мінезді, сүйкімді, жақсы оқитын", - деген екен анасы Гүлшар Сағидолдина "Ауылдан хабар" бағдарламасында.
Ал Сабираның ұстазы Нұрбәтиха Әрінованың айтуынша, суық хабар келген күні мектеп, оқушылар дүр сілкініп кеткен.
"Анасын шақырып кеткенін де білмей қалдық. Суық хабарды естідік. Мектеп, оқушылар дүр сілкініп кетті. Ә дегенде дұрыс түсінбедік қой. Одан кейін мәйітті ауылға алып келді. Бүкіл ауыл болып күйзеліп кеттік. Өрімдей жас бала, жауқазындай жаңа гүлдеп келе жатқан. Сенер-сенбеспіз ғой", - деген екен Сабираның ұстазы Нұрбәтиха Әрінова.
Құрбысы Гүлжауһар Шаймарданованың айтуынша, Сабира қыс мезгілін ерекше ұнатқан.
"Аппақ қар жауып тұрған. Күн жылы. Жауған қарға шалқамыздан қарап, айналып, "Біз аспанға ұшып барамыз" деп айғайлады. Сонысына қарағанда көңілі ақ қардай пәк... Жалпы қысты ұнататын. Өзінің өмірі де желтоқсанда...", - деді құрбысы.
Ал Сабираның ағасы Мұратхан Мұхаметжанов бастапқыда сенбегенін айтады.
"Мен басында тіпті сенбедім. Қасымда штат киімін киген екі кісі жүріп алды. Сөйтсем ол сол кездегі қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері екен. Менің қасымда сөзімді аңдып жүрді. Қасымда жүріп алды, ештеңе дей алмадым. Ол заман еді", - дейді қайсар қыздың ағасы.
Сабира Мұхамеджанованың сыныптастары оны тек озат, білімді оқушы ретінде еске алады.
"Мектептегі оқушылардың ішінде ең алда жүретін, озат оқушы болатын. Сегізінші сыныпқа дейін өте жақсы деген бағамен, қызыл аттестатпен бітіріп, Өскемен қаласындағы педучилищеге түскен болатын. Мектепте алғырлығымен, өжеттігімен және жолдастарына деген қамқорлығымен жақсы, сыйлы болды", - деп еске алды Сабираның құрбысы, сыныптасы Майгүл Балқиянова.
Фото: "Ауылдан хабар" бағдарламасынан
Сабира ол кезде сыныпта алға бастайтын староста, "Дружина советінің" төрағасы болған екен. Барлық оқушыны артынан ерте білген. Әсіресе математика пәнінен өте жақсы оқыған екен.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда "ВКонтакте" желісінде парақшамызға тіркеліңіз!
Вопрос от автора
Что вы об этом думаете?
Комментарии проходят модерацию редакцией
Показать комментарии
Читайте также