Подписывайтесь на канал Tengrinews.kz в WhatsApp
16 апреля 2019 14:12

Мамандық таңдауда қателеспеудің жолы - Gap Year жайлы не білесіз

ПОДЕЛИТЬСЯ

© Tengrinews.kz коллажы © Tengrinews.kz коллажы

"Мамандық таңдауда қателестім". Оқуын бітіріп, өз мамандығы бойынша жұмыс істегісі келмейтіндердің айтатыны осы. Рас, мектепті енді бітірген 17-18 жастағы адамға болашағын айқындап беретін мамандықты таңдау қиын. Сондықтан, АҚШ пен Еуропа елдерінде Gap Year ұғымы пайда болған. Tengrinews.kz тілшісі мектептен кейінгі біржылдық демалыс туралы зерттеп көрді.


"Мамандық таңдауда қателестім". Оқуын бітіріп, өз мамандығы бойынша жұмыс істегісі келмейтіндердің айтатыны осы. Рас, мектепті енді бітірген 17-18 жастағы адамға болашағын айқындап беретін мамандықты таңдау қиын. Сондықтан, АҚШ пен Еуропа елдерінде Gap Year ұғымы пайда болған. Tengrinews.kz тілшісі мектептен кейінгі біржылдық демалыс туралы зерттеп көрді.

Gap Year деген не?

Gap Year, яғни, "жылдық үзіліс" - мектеп бітіргеннен кейін алынатын біржылдық демалыс. Осы уақыт ішінде түлек өзінің қай салада оқығысы келетінін анықтап, мақсатын айқындай алады.

Мысалы, жоғары оқу орнына түсер алдында екі мамандықтың бірін таңдай алмай тұрсыз делік. Осындай сәтте Gap Year алып, екі мамандық бойынша тәжірибеден өтсеңіз болады. Сол кезде қайсының өмірлік мамандығыңыз екенін анықтай аласыз. Тіпті, екеуінен бас тартып, басқа саланы таңдауыңыз да әбден мүмкін.

АҚШ, Германия, Норвегия, тіпті, өзімізге жақын Түркияда да мектеп түлектері біржылдық демалыс алуға тырысады. Бірі білім жетілдіріп, жаңа тіл меңгеріп алады. Басқалары ерікті ретінде түрлі ұйымдарда жұмыс істейді. Тіпті саяхатқа кетіп, ел аралайтындары да бар. Шетел педагогтарының пікірінше, Gap Year өз-өзіңді толығырақ тануға көмектеседі.

Гарвард ғалымдарының зерттеуі бойынша, мұндай үзіліс тұлға ретінде қалыптасуға ғана емес, оқу бітірген соң жұмысқа тұруға да көмектеседі екен. Сондықтан, британиялық беделді университет абитуриенттерге Gap Year алуға кеңес береді. Мысалы, Гарри ханзада, кино жұлдыздары Бенедикт Камбербетч пен Гвинет Пэлтроу да мектеп бітірген соң бір жыл "өз-өздерін іздеген".

Біржылдық үзіліс алуға кім көмектеседі?

Бір жыл үзіліс алып, өз-өзіңді тану үшін ақша қажет екені де белгілі. Мысалы, Еуропа мен АҚШ-та Gap Year алуға көмектесетін арнаулы қорлар, студенттік несиелер бар. Олар түлектерге саяхаттауға, Азия немесе Африка елдеріне ерікті болып баруға көмектесіп, қажет қаражатын төлеп береді.

Кейде оқу орындарының өздері де Gap Year алуға көмектеседі. Мәселен, Тафтс университеті бірінші курс алдында Gap Year алғысы келген студенттерге қолдау көрсетеді. Оқу ордасы студенттің шетелде өмір сүруіне, жолына және виза алуына қолғабыс жасап, әрқайсына 30 мың доллардан береді. Ал Принтон университеті өз студенттерін Gap Year аясында Бразилия, Қытай, Үндістан, Перу мен Сенегалға жіберіп тұрады екен. Солтүстік Коралина университеті болса, бірінші курс алдында үзіліс алғысы келетіндерге 7500 доллардан төлеген.

Кей түлектер оқу ордасының көмегіне сүйенбей, Work & Travel секілді бағдарламалар арқылы шетелге жұмыс істеуге кетеді.

Оның пайдасы мен зияны қандай?

Gap Year алған 10 адамның жетеуі құрдастарына қарағанда ақшаны дұрыс жұмсап, үнемдеуді үйренгенін айтады. Оның үстіне, мансап тұрғысында да Gap Year пайдалы. Себебі студенттердің көбі біржылдық үзілістен соң сүйікті мамандығын, кейін соған сай жұмыс таба алғанын мәлім еткен. Оның үстіне, мамандар мектептегі 11 жылдан кейін бір жылды оқусыз, демалыспен өткізу де миға пайдалы екенін айтады.

Әрине, оның зиян тұстары да жоқ емес. Кейде Gap Year алған адамның кейін оқуға түсу ойынан айнып, жоғары білім алмай қалатын кездері де болады. Әлеуметтік зерттеулер бойынша, Gap Year алуға қатысты жүргізілген сауалнамада жігіттердің басым бөлігі әскерге алып кетеді деп қорқатынын мойындаған.

Оның үстіне, посткеңестік елдерде мектептен соң бірден жоғары оқу орнына түсу керек деген "жазылмаған заң" бар.

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 448.12   483   4.85 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети