08 марта 2021 | 13:00

"Мен өлетін шығармын… Ленинградқа, Қазақстанға мен туралы жаз, ұмытпасын"

Фото: Vechastana.kz

1941-1945 жылдардағы фашизммен соғысқа Қазақстаннан 1 миллион 196 мыңнан астам азамат аттанды. Оның 600 мыңнан астамы майданда қаза тапты. Олардың арасында сол кездегі "соғыс әйелдікі емес", "әйел – нәзіктік нышаны" дейтін түсінікті тас-талқан еткендер де бар. Tengrinews.kz тілшісі Халықаралық әйелдер күні мерекесі қарсаңында Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан қазақтың батыр қыздары туралы әңгімелейді.

ПОДЕЛИТЬСЯ
Иконка комментария блок соц сети

1941-1945 жылдардағы фашизммен соғысқа Қазақстаннан 1 миллион 196 мыңнан астам азамат аттанды. Оның 600 мыңнан астамы майданда қаза тапты. Олардың арасында сол кездегі "соғыс әйелдікі емес", "әйел – нәзіктік нышаны" дейтін түсінікті тас-талқан еткендер де бар. Tengrinews.kz тілшісі Халықаралық әйелдер күні мерекесі қарсаңында Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан қазақтың батыр қыздары туралы әңгімелейді.

Әлия Молдағұлова

Шын есімі - Ілия, майдандас достары "Лия" деп атаған. Әлия Молдағұлованың туған күні әр деректе әртүрлі айтылады. Ақтөбе облысының Қобда ауданында туған. Мерген, ефрейтор.

Реклама
Реклама

Әлия Молдағұлованың соғыстағы ерлігі талай шығармаға арқау болды. Командир, подполковник Андрей Ефимов мерген қыз үздік бітірген снайперлер училищесіне оның ерлігін баяндап, хат жазған. Бұл құжат батыр қыздың Ақтөбедегі музейінде сақтаулы тұр. Хаттың мәтіні "Лениншіл жас" газетінің 1969 жылғы 9 мамырындағы №91 санында жарияланған.

"Қазақ халқының қызы Лия Молдағұлова біздің бөлімге сіздердің училищені бітірген соң келген еді. 1943 жылдың октябрінен бастап декабрь айының аяғына дейін біздің бөлім қорғаныста болды. Жап-жас Лия қажымай-талмай, немістерді құртумен болды. Ол өзінің мүлт кетпейтін оғымен аз уақыттың ішінде 32 фашистің көзін жойды… Январьда біздің бөлім шабуылға шықты. Алдымызда жаудың күшті қорғанысын бұзып өту міндеті тұрды. 1944 жылы 11 январында Лия жауынгерлік борышын өтеп жүрген атқыштар батальоны жау қорғанысын жарып өтті. Лия өзінің снайперлік винтовкасымен жауынгерлермен бір сапта, алғы шепте жүрді. Шабуыл басталғанда жау артиллериядан, минометтен, пулеметтен оқты қарша боратып, біздің жауынгерлерді тоқтатуға тырысты. Сол аласапыран қиын сәтте қазақ халқының батыр қызы Лия “Алға! Отан үшін!” деп ұран тастап, жауға ұмтылды. Батальон жаудың траншеясына басып кірді. Винтовкадан мүлт жібермей дәл атып және гранаталар тастап Лия сол шайқаста жаудың 10 солдаты мен бір офицерін жер жастандырды. Батальонның күшті соққысына шыдай алмаған жау жеңіліп, тірі қалғандары бекініс шебін тастай қашты. Айрылып қалған шебін қайтару үшін жаулар үш рет жанталаса шабуылға шықты. Олар қалың шеп құрып, қаптай шабуылға шыққанда Лия қолына автомат алып, көздеп атып, немістің 28 солдаты мен офицерін жойды. Бірақ олар біздің траншеяға жетіп үлгерді. Қоян-қолтық шайқас басталды. Батыр қыздың оғынан жаудың сегіз солдаты жер жастанды. Бірақ Лия осы шайқаста неміс офицерінің ұрланып жақын келгенін аңғармай қалды. Фашист пистолетпен көздеп атып, Лияны ауыр жаралады. Бірақ бәрібір құтыла алмады. Лия бойындағы соңғы қайратын жинап, автоматын офицерге бұрып, шүріппені басты, қанқұйлы жауын жер жастандырды. Бұл оның өлтірген ең соңғы немісі еді", - делінген хатта.

Ал майдандасы Надежда Матвеева Әлияның траншея түбінде қанға боялып жатқанын көріп, оның соңғы өтінішін естіген. 

"Надюшка, мен өлетін шығармын… Ленинградқа, Қазақстанға мен туралы жаз, ұмытпасын. Өмірімнің қысқа болғаны өкінішті" деп Лия көз жұмды. Бұл өкініш – ыстық жүрегінің бар қызуын туған елінің қажетіне емін-еркін жарата алмай, ерте сөнгенінің өкініші еді", – делінген Надежда Матвеева естелігінде.

 

Әлия Молдағұлова Псков облысы Новосокольники ауданының Монакова ауылында жерленген. 1944 жылы 4 маусымда "Кеңес одағы батыры" атағы берілді. 

2021 жылы 12 қаңтарда премьер-министр Асқар Мамин "Ақтөбе халықаралық әуежайы" акционер қоғамына Әлия Молдағұлованың есімін беру туралы қаулы шығарды.

Мәншүк Мәметова

 

Шын есімі - Мәнсия. Анасы Моншағым деп еркелеткеннен кейін Мәнсияның тілі келмей өзін Мәншүк деп кеткен. 1922 жылы Батыс Қазақстан облысы Бөкей ордасы ауданында дүниеге келген. Пулеметші, аға сержант.

1942 жылдың тамызында Кеңес әскері қатарына өз өтініші бойынша алынған. Халық қаhарманы Хиуаз Доспанова "Халқым үшін" кітабында Мәншүк Мәметова туралы мынадай естелік жазған: 

"Біз Мәншүк екеуіміз бала кезден дос болатынбыз. Олар Оралдан Алматыға көшіп барады. Мәншүк № 28 орта мектепте оқитын. Сұрапыл соғыс басталғанда ол Алматы дәрігерлік институтының II курс студенткасы еді. Ол болашақ тағдыр, Отан соғысы кезіндегі өз орнын тап басып тапты. Қиындықтан, қауіптен қорыққан жоқ. Ол өз еркімен сұранып майданға аттанбақшы болды".

 

Мәншүк Мәметова Калинин майданы 3-екпінінде армия 21-гавардиялық атқыштар дивизиясы құрамында соғысқа қатысқан. Алғашында бригада штабында қызмет етті, кейін пулеметшылар бөлімшесінің командирлігіне тағайындалды. Невель үшін болған кескілескен шешуші ұрыста ерлікпен қаза тапты.

1944 жылы Мәншүк Мәметоваға "Кеңес одағы батыры" атағы берілді.

Хиуаз Доспанова 

Екінші дүниежүзілік соғыста дұшпанмен арпалыста ерекше көзге түскен тағы бір қазақ қызы, әскери ұшқыш – Хиуаз Доспанова. Ол 1922 жылы 15 мамырда Атырау облысы Құрманғазы ауданында туған. Шын есімі Хыйуаз. Майданда "Катя" аталып кеткен.

Хиуаз Доспанова Солтүстік Кавказ, Кубань, Қырым, Украина мен Беларусь, Польша мен Германияны жаудан азат ету жорық жолдарына өтті. 300-ден астам әуе сапарына шығып, жауынгерлік ерліктеріне байланысты қыран қанат қаhарман қыз атанған. Жеңісті Германия жерінде қарсы алды. Елге кеудесіне "Қызыл жұлдыз", II дәрежелі "Отан соғысы" ордендерін тағып оралды, бірақ "Кеңес одағының батыры" атағын алмады.

Қазақстанның халық жазушысы, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, марқұм Қадыр Мырза-әлі 2004 жылдың қарашасында "Егемен Қазақстан" газетіне сұхбат берген.

Ол сұхбатында "Қаhарман болуға лайық, бірақ омырауына тағып жүретін жұлдызы ғана жетпей тұрған бір ерекше адам бар. Ол немістің тылына үш жүзден де көбірек ұшып барып, фашистерді бас көтертпей бомбалаған, екі-үш рет аспаннан құлаған, бірақ аман қалған қаhарман қыз – Хиуаз Доспанова! ...Шынында да Хиуаз апамыздың әрбір ұшуы бір ерлікке татитын. Бірақ оны кезінде көретін көз, бағалайтын әділдік болмады. Қазақстанның қайсар қызы әскерге өзі сұранып барып, ұшқыштық жолды өзі таңдап, ер адамның істей алмайтын ерлігін істеді" деп айтқан.

Хиуаз Доспанова соғыс біткеннен кейін, арада 60 жылға жуық уақыт өткенде ғана бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 2004 жылы 7 желтоқсандағы жарлығымен "Халық қаhарманы" атағын алды.

Хиуаз Доспанова 2008 жылы 20 мамырда 86 жасында қайтыс болды. Ол соғыстан елге келгеннен кейін жауапты қызметтер атқарды. Қазақ КСР жоғарғы кеңесінің депутаттығына сайланды. Жоғарғы кеңес төралқасының хатшысы, Қазақстан комсомолы орталық комитетінің бірінші хатшысы, Алматы партия комитетінің екінші хатшысы болды. 

Атыраудағы халықаралық әуежайға Хиуаз Доспанова есімі берілген.

Автор: Мейірман Лес

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда "ВКонтакте" желісінде парақшамызға тіркеліңіз!


Показать комментарии
Читайте также
Реклама
Реклама
Join Telegram
Лого TengriNews мобильная Лого TengriSport мобильная Лого TengriLife мобильная