ПОДЕЛИТЬСЯ
09 февраля 2020 | 10:21
"Менің достарым жоқ". Мұқағали Мақатаев неге өзін жалғыз сезінген?
Бүгін ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туғанына 89 жыл. Ақын күреске толы өмірін болашақ ұрпағына жыр қылып жазып қалдырған болатын. Tengrinews.kz тілшісі мұзбалақ ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы деректер жинады.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Бүгін ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туғанына 89 жыл. Ақын күреске толы өмірін болашақ ұрпағына жыр қылып жазып қалдырған болатын. Tengrinews.kz тілшісі мұзбалақ ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы деректер жинады.
"Неңді сенің аңсаймын, бала шағым?"
Болашақ ақын Алматы облысы сол кездегі Нарынқол ауданына қарасты Қарасаз ауылында дүниеге келген. Азан шақырып қойған есімі - Мұхаметқали. Бірақ туғандары оны Мұқағали деп еркелеткен екен. Ресми құжат бойынша Мұқағали 1931 жылдың 9 ақпанында дүниеге келген. Сондықтан оның туған күні деп осы уақыт атап өтіліп жүр.
Әдебиет порталындағы мәлімет бойынша, Мақатаевтың анасы баласын 8 наурызда дүниеге әкелгенін айтады. "Мұқағалиім 1931 жылы наурыз айының 8-інде дүниеге келген болатын. Жаңылысуым мүмкін емес. Себебі балам мынау фәнидің есігін ашқаннан біраз уақыт кейін Наурыз тойы болады, наурыз көже жасаймыз деп күтіп отырғанбыз", - дейді ақынның анасы.
Мұқағали Мақатаевтың жас кезі
Мұқағали - үйдің тұңғышы, әкесі қарапайым шаруа болған. 1941 жылы әкесі Калининград майданында қаза тапқан. Осылайша, 10 жастағы Мұқағали әкесіз қалып, соғыс ауыртпалығын бала кезінен сезінген. Майданға кеткен ересектердің орнын жоқтатпай, Мұқағали 12 жасында құрдастарымен бірге негізгі шаруа күші болған. Қой баққан, жер қазған, өнім жинаған, астық басқан. Сол кездегі қиындықтарды еске алып, кейін "Неңді сенің аңсаймын, бала шағым?" деп те өлең шығарған.
"Поэзия! Менімен егіз бе едің?"
17 жастағы Мұқағалидің алғашқы өлеңдері 1948 жылы "Советская граница" газетінде жарық көрген. Содан кейін ақынның туындары түрлі газет пен журналда жарияланған. Кей өлеңі 1951 жылы "Жастар жылы" атты ұжымдық жинаққа енген.
Оның "Аппассионата" поэмасын 1962 жылы "Социалистік Қазақстан" газеті басып шығарған, содан кейін Мақатаев ел арасында таныла бастайды.
Ал ең алғашқы өлеңдер жинағаны 33 жасында шыққан. Владимир Ленинге, Карл Марксқа арнап поэма жазған. Ағылшын драматургі Уильям Шекспирдің сонеттерін, америкалық ақын Уолт Уитменнің өлеңдерін, италиялық ақын Дантенің поэмасын қазақ тіліне аударған.
Мұқағали Мақатаевтың жыр жинақтары. Фото presidentlibrary.kz сайтынан
Ақиын ақын поэзияны өмірінің бір бөлшегі көрген. "Поэзия! Менімен егіз бе едің? Сен мені сезесің бе, неге іздедім?" деп, оған өлең арнауы да бекер емес.
Мақатаевтың көзі тірісінде 8 жыр жинағы мен 3 аударма кітабы жарық көрген. Ақын өзінің қысқа ғана ғұмырында мыңнан аса туынды қалдырған.
"Ақау түскен мотордай"
Мұқағали болашақ жарын алғаш көргенде 17 жаста болған. Ал Лашын ақыннан төрт жасқа үлкен еді. Ол кезде Лашын ауылға жас маман ретінде келген екен. Жас ақын ғашығына хат жазып, өлең арнапты. "Іздесең қателік көп менде, (...) Сен бірақ түңілме, жек көрме!" деп оған арнап өлең жазған еді.
Сөйтіп, ақын махаббатына қосылып, 1949 жылы екеуі отау құрған. Мұқағали мен Лашын өмірге алты бала әкеледі. Бірақ екі үлкен қызы ерте қайтыс болған. Кейін Жұлдыз, Алмагүл, Айбар және Шолпан есімді балалары дүниеге келеді.
Мұқағали Мақатаев отбасымен. Фото e-history.kz сайтынан
Өмірінің 30-дан аса жылын ақын ауылында өткізген. Тек 1962 жылы Алматыға қоныс аударған екен. Үлкен шаһарға көшкеннен кейін "Қазақ" радиосында диктор болып қызмет еткен, "Социалистік Қазақстан" газетінде, "Жұлдыз", "Мәдениет және тұрмыс" журналында жұмыс істеген. Жазушылар одағында да еңбек еткен.
Мұқағали Мақатаев өмірінің соңғы жылдарында сырқатпен күреседі. Оған бауыр циррозы диагнозы қойылған. Сырқатымен күреске талай өлең де арнаған. "Ақау түскен мотордай енді осыдан жөнделсем, Құрып қалғыр сырқаттан құлантаза емделсем" деп жазған еді "Сырқат сыры" өлеңінде.
"Жоқ! Менің достарым жоқ"
Мұқағалидің толғаныстары, күйзелістері өлеңдерінде ғана емес, жеке күнделігінде анық жазылған. Бұл күнделікте бар сырын, мұңын жазған.
Мысалы, 1973 жылы 22 ақпанда күнделігіне былай жазған:
"Ей, қалам ұстаған, қаламдас бауыр-қарындастарым, халықты ұмытпаңдар! Халықсыз күндерің қараң! Оны сүйемін деп байбалам салмаңдар! Оған тек ғашық бола біліңдер!".
1974 жылы 21 қыркүйекте ол досы жоқ екенін жазып қапаланған: "Бәрі маған жат, жексұрын, жиіркенішті. Кімнің дос, кімнің қас екенін ұғудан баяғыда-ақ қалғанмын. Жоқ! Менің достарым жоқ. (...) Егер біреу қолына мылтық беріп, ат десе, қайсысы болса да, қолы қалтырамастан, бүкіл адамзатты сүйген, ешкімге зияны тимеген мені сол заматта-ақ атып жіберуге әзір".
1974 жылы 16 желтоқсанда "Мен XXI ғасыр ұрпағының құрдасымын, одан кейінгі буынның да туысы болатын шығармын" деп жазған.
Өмірінің соңғы Жаңа жылында, 1975 жылдың 31 қаңтарында өмірінің қуанышсыз өтіп бара жатқанына қапаланған.
"Санамда титімдей бір қуаныштың ізін қалдырған, ең құрыса, бір күнімді есіме түсіре алмаймын. Мен бұл жарық дүниеге келгелі, міне, қырық төртінші жылға аяқ басып барады екен, бар өмірімнің қор, жиіркенішті болып көрінетіні соншалық, кейде бәрін өз ырқыммен-ақ қиып кете салғым келеді", - деп жазған.
Ал 1976 жылы 28 ақпанда "Әттең, ауруым болмаса, биылғы жыл мен үшін жаман басталмады. "Өмірдастан" - таңдамалым 15 мың тиражбен шықты: аса жаман емес. Мазмұны, тақырыбы мені қанағаттандырады. Бұдан 10-12 жыл бұрын жазғандарымның жаңа дүниедей оқылғаны қуантады. Бәрі орнында...", - деп жазған.
Сол жазбасынан кейін бір айдан соң, 1976 жылдың 26 наурызында Мұқағали Мақатаев ауруынан жеңіліп, көз жұмды.
Вопрос от автора
Что вы об этом думаете?
Комментарии проходят модерацию редакцией
Показать комментарии
Читайте также