17 мая 2019 | 14:15

Немістер жайлы стереотиптердің негізі бар - Германияға 15 жыл бұрын көшіп кеткен қазақ

Сымбат Айжарықова

Сымбат Айжарықова 2004 жылы Германияға алғаш барған. Ол 8 жыл бойы оқуда да, алғашқы жұмыс орнында да, қызметте жүргенде елге қайтамын деген ойым болды дейді. Бірақ содан бері Германияда қалып, балаларды бейімдеу органында қызмет жасап жүр.

ПОДЕЛИТЬСЯ
Иконка комментария блок соц сети

Сымбат Айжарықова 2004 жылы Германияға алғаш барған. Ол 8 жыл бойы оқуда да, алғашқы жұмыс орнында да, қызметте жүргенде елге қайтамын деген ойым болды дейді. Бірақ содан бері Германияда қалып, балаларды бейімдеу органында қызмет жасап жүр.

Tengrinews.kz тілшісіне берген сұхбатында ол бұл елге бастапқыда үйренісу қиын болмағанын, себебі алдын ала бұл ел жайлы, жағдайы жайлы білімі болғанын, тілін білгенін де айтып берді. Алайда бұл елдің азаматтығын 2013 жылы бірақ алыпты. Ал оған дейін виза мерзімін жарты жыл сайын ұзартып отырыпты.

Реклама
Реклама

Балалардың құқығы жақсы қорғалған

"Германияда тұрып жатқаныма 15 жыл болды. Оқудан кейін Қазақстанда бірнеше жерге құжат тапсырдым, бірақ жауап келмеген соң осында жұмысқа тұрып, қалып қойдым. Бұл елге 2004 жылы жасөспірімдерге арналған бағдарламамен қысқа мерзімге келген едім. Жоспарымда ұзақ уақытқа қалу болған жоқ. Неміс тілін тереңдетіп меңгеру үшін келгенмін. Бір жыл зымырап өте шыққан соң тағы бір волонтерлік бағдарламамен ерікті болып Қызыл крест қоғамына жұмысқа орналастым. Бірінші жұмысыма түрік тілін білгендіктен алды, яғни бонус болды. Бір жыл мүгедек балаларға арналған интернатта жұмыс істедім", - дейді ол.

Бұдан кейін Сымбат жоғары білім алу жайлы ойлайды. Екі жыл жұмысынан кейін ЖОО-ға тапсырыпты.

"Ольденбург қаласындағы Карл фон Осецкий университетінде білім алдым. Онда психикасы бұзылған, қиын балалармен жұмыс істейтін мамандар дайындайтын мамандықта оқыдым. 3 бакалавриат, 3 жыл магистр болып, оқып бітірдім. Қазіргі жұмыс қызметім кәмелет жасына толмаған балаларды қорғаумен айналысатын қамқорлық органы, мұнда бұл қызметті ювенал юстициясы дейді. Бұл елде балалардың құқығы жақсы қорғалған. Бұл мемлекеттік қызмет орны деп саналады", - деп түсіндірді Сымбат Айжарықова. Бүгінде Сымбат жеті айлық ұлымен декрет демалысына шыққан.

Жалақы мен жәрдемақы қандай

"Мұнда үш жылға дейін декрет алуға болады. Бұйырса, жұмысқа ораламын деп отырмын. Мұнда әр туған балаға 205 еуро ай сайын төленеді. Бұл отбасында қанша бала барына байланысты емес. Балаға көбейген сайын бұл жәрдемақы қосылып отырады. Ал ең төменгі көрсеткіш осы 205 еуро. Бұл бала туғаннан кейін әркімге тиесілі көмек. Алайда шығын да жоқ емес, мұндағы салықтың нақты сомасын білмейді екенмін, бір анық білерім, жалақының 40 пайызы салыққа кетеді. Мәселен айлығың 3 мың еуро болса, оның 1800 еуро қолға түседі", - дейді ол.

Бұдан кейін кейіпкеріміз елдегі әлеуметтік жағдайды, жалақы мен жәрдемақы мәселесіне тоқталды.

"Сосын жұмыссыздық үшін төленетін жəрдемақы бар. Жас кезіңде жұмыс істемей, зейнетақың аз болса, пәтеріңнің ақшасын мемлекет төлеп тұрады. Күнкөріс деңгейіне қарай қолма-қол 500-дей еуро қолыңа береді. Және бұл жәрдемақы сен ешқашан жұмыс істеп көрмесең де, істеп жатпасаң да беріледі. Соған күніңді көресің", - деп әңгімеледі ол Германиядағы әлеуметтік жағдайды.

"Германиядағы өмір сүру деңгейі жайлы айтсам, менің субъектив ойымша, мұнда біздің елмен салыстырғанда әлдеқайда жоғары дей аламын. Әлеуметтік жағдайы төмен тұрғындар мен жұмыссыздар жәрдемақымен және медициналық көмекпен қамтамасыз етіледі. Мұнда келіп жатқан босқындар да, басқасы да қамтылады, ешкім далада қалмайды. Ал жұмыс істейтін болсаңыз ай сайын медсақтандыруға салық төлеп отырасыз, соның арқасында тегін медициналық көмек аласыз", - дейді ол.

Өзінің де, өзгенің де уақытын бағалай біледі

Сымбат Германияға көшіп келгенде өзін қатты таңғалдырған жағдайды айтты.

"Мұнда мені таңғалдырғаны бүгін бір шаруаң болса немесе емтихан болса да, әлде туған туысыңның тойы сияқты өзің үшін маңызды шара болса, ешкім саған түсініп, кешіріммен қарамайды, мұнда жұмыс әрдайым бірінші орында тұрады. Жұмысты соңына дейін аяқтап барып қана өз шаруаңа бара аласың. Сондай прагматизм бар. Мысалы, құрбым сіңлісінің тойына бірнеше сағат кешігіп келді. Емтиханға қатысып. Ол емтиханды келесі ағыммен тапсырса да болар еді. Бізде бауырыңның тойына бірінші болып шауып келесің ғой. Бірақ сіңлісі титтей де ренжімеді", - дейді Сымбат.

Ал ұнаған қасиеттері деп ол бұл ел тұрғындарының әр нәрсені өз уақытымен орындау қасиетін атады. Айтуынша, немістер өте нақты, мықты, еңбекқор, таза халық.

"Өте ұнайтын әрі аса бағалайтын сипаты осы болғандықтан, өз қалауымдағы ортама келдім десем болады. Мұнда тойға келіп, екі сағат күтіп отыру жоқ. Тіпті дәрігер болсын, басқа маман болсын, әдетте сізді мұнда күттіріп, кезекте отырғызып қоймайды. Әркім өз уақытын және өзгенің уақытын бағалай біледі. Мен жоғары бағалайтын қасиеттер бұл елдің көп адамының бойынан табылады. Келуімде ешқандай да кедергі немесе проблема болмады", - дейді ол.

Немістер жайлы стереотиптердің негізі бар

Оның айтуынша, немістер біздің халық үйреніп қалғандай өздерін ешқайда кешігіп бармайтын, сағаттай дәл жүретін адамдармыз деп ойламайды екен. "Немістей таза", "немістей шебер" деген сияқты мұнда әңгіме естіген емеспіз дейді ол.

"Өз басым бұл әңгімелерді жай ғана стереотип дей алмаймын, олар шынымен әр істе таза, әр істе де шебер. Алайда мұндай әңгімелер Германияда айтылмайды. Қазақстанда бала кезімізде немістердің "пунктуальный" екені жайлы әңгіме еститінбіз. Бір адам автобус жүргізушісі болып жүріп, уақытынан ерте жұмысқа шығып, жоспарды ерте орындағаны үшін жұмыстан шығарылыпты, себебі әр нәрсе өз уақытымен орындалуы тиіс деген. Бұл оқиғаның рас-өтірігін білмеймін. Бірақ сол мысалды жас кезімізде түсінбегенбіз. Алайда бұл сөздің жаны бар болып шыққанын осында келіп түсініп отырмыз. Бұл елде әр автобустың аялдамаға келетін өз уақыты болады, оған ерте немесе кеш келуге рұқсат жоқ. Мұндағы автобустар ары кетсе 5 минутқа кешігіп келеді, оның өзіне жанымыз шығып кете жаздайды. Ал сол автобус жүрігузісі ерте келіп, ерте кетіп қалса, жолаушылар ағымын дұрыс бақыламағаны үшін әрине жұмыстан шығарып жібереді. Сонда біздің бала кезде бұл халық туралы естігеніміз өзіміздің қате түсініктен екен, мән-жайына үңілсең, олардың дұрыс жасап жатқанына көз жеткізесің", - дейді Сымбат Айжарықова.

Бұдан кейін кейіпкерімізден қазақстандықтар мен германиялықтардың айырмашылығы жайлы сұрадық.

"Жер мен көктей десе болады. Мәдениетте де, әлеуметте де. Діні мен ділі өзге болғандықтан, құндылықтары да басқа. Мұнда біздегідей көбі апта сайын той жасап жатпайды. Болса да тыраштанып, кредит алып той жасау деген жоқ, немістер өте прагматикалық, ертеңін ойлайды. Өте ұстамды халық. Десек те, бұған қарамастан өте қарапайым", - деп жауап берді екі халықты салыстырып.

Қазақстаннан келген немістер әлі ет асып жейді

Ол Германиядағы қазақтардың тыныс-тіршілігін де әңгімелеп берді.

"Германияда елден, Түркиядан көшіп келген қазақтар бар. Мұнда жыл сайын қазақтар бас қосып, Наурыз мейрамын тойлаймыз, тек қазақтар емес, Қазақстаннан көшіп келген немістер де тойлайды. Олар бешбармақ, мәнті сияқты тамақтарды жасайды. Сұраныс болғандықтан, бұл жақта қазақстандық өнімді де табуға болады", - дейді ол.


Сурет кейіпкердің жеке мұрағатынан

Сымбат Гамбургте бір-бірін танымайтын айналдырған 50 шақты қазақты қалай жинап, табыстырғанын да әңгімеледі.

"Әуелде бұл елге келгенде жалғыз болғандықтан Гамбург қаласында қазақтарды жинап, Наурыз мейрамын тойлаған едік. Мен барғанда бір қалада тұратын 50 қазақ бір-бірін танымайды екен, олардың басын қосқаннан кейін қазірге дейін бір-бірімен араласып тұрады", - дейді Сымбат Айжарықова.

Вопрос от редакции
Что вы об этом думаете?
news135
Отправить
Комментарии проходят модерацию редакцией
Показать комментарии

Читайте также
Реклама
Реклама
Join Telegram Последние новости
Лого TengriNews мобильная Лого TengriSport мобильная Лого TengriLife мобильная