09 февраля 2022 | 15:06

Нұр-York, қазақша мультфильм және АҚШ-тағы өмір. Нью-Йорктегі атыраулық аниматормен сұхбат

Камила Долаева Корреспондент

25 жастағы Темірлан Кенжеғалиев қазір Нью-Йорктегі ірі компаниялардың бірінде 3D аниматор болып жұмыс істейді. Бұған дейін "Қазақфильмде" де мультфильм жасауға атсалысқан. Бала кезінен сурет өнеріне қызыққан атыраулық жігітке Американың үздік фильм академиясынан оқуға ұсыныс түсіп, сонда білім алған. Tengrinews.kz тілшісі жас маманмен 3D аниматорлыққа қалай келгені, Қазақстан мен Нью-Йорктегі жобалары мен елдіміздегі мультфильм түсіру неге баяу дамып жатқаны туралы әңгімелесті. 

ПОДЕЛИТЬСЯ
Иконка комментария блок соц сети

25 жастағы Темірлан Кенжеғалиев қазір Нью-Йорктегі ірі компаниялардың бірінде 3D аниматор болып жұмыс істейді. Бұған дейін "Қазақфильмде" де мультфильм жасауға атсалысқан. Бала кезінен сурет өнеріне қызыққан атыраулық жігітке Американың үздік фильм академиясынан оқуға ұсыныс түсіп, сонда білім алған. Tengrinews.kz тілшісі жас маманмен 3D аниматорлыққа қалай келгені, Қазақстан мен Нью-Йорктегі жобалары мен елдіміздегі мультфильм түсіру неге баяу дамып жатқаны туралы әңгімелесті. 

Темірлан қазір еңбек етіп жүрген TransPerfect компаниясы кино, ойын сияқты көптеген салада қызмет көрсетеді. Кеңсесі Манхэттеннің эпицентріне жақын орналасқан. Алайда бұл жұмысқа қол жеткізу үшін қазақстандық жігіт ата-анасының қолдауы мен өзінің еңбегі зор үлес қосқанын айтады.     

Реклама
Реклама

"Бала кезімнен ата-анам сені қызықтыратын аспектілері бар жолды таңдауың керек, сенің қызығушылығыңа еш қатысы жоқ жолмен жүруге болмайды дейтін. Анам мен әкем мені білім мен еңбекқорлықты бағалай білуге ертеден үйретті", - дейді ол. 

Бала кезінен сурет салуға және анимацияға қызығушылық пен құмарлық танытқан Темірлан қазіргі ісін шын жүректен жақсы көретінін айтып отыр.

"Мақсатқа жету үшін уақыт, шыдамдылық пен қажырлы еңбек қажет. Мен өмір бойы, балалық шақтан бастап мектеп кезінен және кәсіби жолда шығармашылық қабілеттерімді дамыту, өнер саласында құнды тәжірибе жинау үшін көп жұмыс істеп келемін. Күнде сурет салатынмын, оған қоса жаңа техниканы үйренуге тырыстым", - дейді ол.

Қазақстандағы оқу және Жапонияға оқуға жолдама  

Темірлен Қазақстанда Алматы Менеджмент университетінде бағдарламашыға оқыған.  Мұғалімдер оның аниматор болуға деген ұмытылысын байқап, бағдарламалау мен шығармашылықты байланыстыруға мүмкіндік берген. Сол үшін бейне ойындар мен анимация жасауға аса көңіл бөлген. Осылайша 2016 жылы үшінші курста оқу жылының басында Темірланның академиялық жетістіктері үшін университет Жапонияда оқуға ерекше мүмкіндік береді. Сөйтіп 2016 жылдың тамызында Жапонияның ең жақсы университеттерінің бірі - Нагоя сауда және бизнес университетіне оқуға түседі. 

"Жапония мен үшін әрқашан анимация саласында арманым еді. Жапон анимациясы әлемдегі ең танымал және күн сайын оның танымалдығы артып жатыр. Осы кезде менде жапон мәдениеті мен каллиграфия туралы көбірек үйренуге мүмкіндік болды, бұл бейнелеу өнерінің шынайы және ерекше түрі. Онда жүргенде аниматорлар қалай жұмыс істейтінін көбірек білу үшін Токио Комиконы 2016 сияқты көрмелерге қатыстым, Ghibli және Kyoto анимациялық студияларына бардым", - дейді атыраулық жігіт.

"Қазақфильмдегі" тағылымдама және Нью-Йоркке оқуға грант алғаны туралы

Темірлан Жапониядан кейін "Қазақфильмде" тағылымдамадан өткен. Онда "Күлтегін" және "Мұзбалақ" мультфильмдерін жасауға қатысқан. "Қазақфильмнің" анимациялық бөлімінде анимациялық студиялардың қалай жұмыс істейтінін және мультфильмдердің қалай жасалатынын көрген. Нағыз толық метражды мультфильмдер мен қысқа метражды жобаларды жасауға қатысуға мүмкіндік алады. 

Дегенмен атыраулық жігіт мұнымен тоқтамай Нью-Йоркке оқуға түседі.

"Нью-Йоркке алғаш рет 2019 жылы бардым. New York Film Academy-де 4 апталық 3D анимация курсында оқуға мүмкіндік пайда болды. 4 апталық 3D анимация курсынан кейін, профессорым анимацияға деген құштарлығым мен тәжірибемді көріп, Нью-Йорк фильм академиясының прездиентімен бірге Talent Based Award үлкен стипендиясымен марапаттады. Сөйтіп бір жылдық анимация курсынан өттім", - дейді Темірлан.

Ол оқу кезінде кейіпкерлерді және қоршаған ортаны жобалаумен айналысады, сонымен қатар, анатомияны зерттейді, бұл оған суретті жақсырақ салуға көмектескен.

"Cурет салу, қоршаған ортаның эскиздері, анимация және кадр композициясы үшін қалай пайдалану керегін түсіндім. 3D модельдер, оның ішінде заттар мен кейіпкерлерді, кейіпкерлердің қаңқасын жасауға және шаш пен киімге қажетті эффектілерге көңіл бөлдім. Анимациялық фильмді басынан аяғына дейін жасау үшін осы әртүрлі элементтерді барлық қажет қадамдармен және композитинг арқылы байланыстыруды үйрендім", - дейді ол.

Бүгінде технология жыл сайын дамып келеді, 3D аниматор мамандығына да сұраныс арта түсті. "Мұнда түрлі бағытта дами аласың, сәулет, дизайн, мультфильмдер, видео ойындар" дейді атыраулық жігіт. Оның сөзінше, Америкада суретшілер бағаланады, жалақысы да IT мамандарымен бірдей екен. 

Темірлен қазір өзінің қысқа метражды мультфильмін жасап жатыр, онда негізгі идея күнделікті өмірде өзін жоғалтқан ересектер мен арман туралы.

"Нұр-Йорк" деген тағы бір жобасы бар. Бұл оның алты айда дайындаған дипломдық жұмысы, видео бір минутқа созылады.

Жан досы колумбиялық Карлоспен бірге жасаған. Олар екі елдің астанасын біріктіріп, колумбиялықтар мен қазақтар тұратын Нұр-Йорк мегаполисін жасап шыққан.  

"Қазақ пен орыс достығы"

Темірленның жұмыстарынан қазақ пен орыс бала бейнеленген картинаны да байқауға болады. Бұл арқылы ол славяндар мен қазақтар арасындағы достықты көрсеткісі келген.

"Шетелде жүргенде бәрі бірдей орысша сөйлемейді, бейімделгенде қиындықтар бар. Абырой болғанда Америкадағы көршім Украинадан болып шықты, біз әртүрлі болсақ та, ол мен үшін ағамдай болып кетті. Америкада әр халықтың өз қауымдастықтары бар: латындар латындармен, азиялықтар азиялықтармен жүреді. Бірақ Брайтон Бичті аралап жүргенде біздің адамдар қазақтармен ғана емес, орыстармен де, армяндармен, украиналықтармен, белорустермен, өзбектермен араласатынын байқайсың", - дейді қазақстандық жігіт.

Бұл суретті Қантар Самал мен Диана Сәрсенованың #АватарСНГ флешмобын қолдау үшін салған екен.

Отандық анимация неге өз деңгейінде дамымай жатыр?

Темірлан бүгінде Қазақстанда да отандық анимация біртіндеп дамып келе жатқанын айтты. Алайда еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін соңғы 30 жылда анимация индустриясы аса дамымағанын да жасырмайды. Себебі, аниматордың сөзінше, елде тәуелсіз суретшілер үшін үкімет пен қорлар тарапынан қолдау жоқтың қасы.

"Әрбір идея, анимация мемлекеттік бақылауда, өйткені Қазақстандағы жалғыз тапсырыс беруші - мемлекет. Қазір көңілді қалдыратын нәрсе - Қазақстанда коммерциялық табыс табу қарастырылмайды, бастысы - бекітілген жобаларды мультфильмнің сапасына қарамастан қысқа мерзімде және уақытылы орындап беру", - дейді ол.

Темірлан Кенжеғалиев анимация жасау үшін көп уақыт қажет екенін оқырмандарға түсіндіргісі келеді. 

"Мысалы, New York Film Academy-ге бір минуттық жобамды өткізу үшін идеядан бастап оны жүзеге асыруға дейін 5-6 ай уақыт кетті. Америкада адам еңбегі бағаланады, ал Қазақстанда жылдамдық. Айырмашылық осында болып тұр. Сапалы анимация үшін уақыт қажет. Қазақстанда тапсырыс берушілер 5-10 минуттық 10 эпизод жасауға екі ай уақыт беруі мүмкін. Оған қоса сценарийсіз және қосымша дайындықсыз.

Менің ойымша, адамдар өздерінің арқасында анимация аяққа тұра алатынын айқын түсінгенде ғана елде анимацияны дамытуға болады. Бізде талантты суретшілер мен аниматорлар өте көп, бірақ олар туралы әлі ешкім білмейді", - дейді атыраулық жігіт.

Темірленның ендігі мақсаты Америкада көбірек тәжірибе жинап, кейін Францияның Gobelins мектебінде білім алу. Анимация техникаларын көбірек үйрену. Болашақта қазақ анимациясын дамытуға көмектесетін инвесторларды да табу мақсаттарының бірі. Ол болашақта қысқа метражды мультфильм жасау жоспарда бар екенін де бөлісті. 

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!

Вопрос от автора
Что вы об этом думаете?
news135
Отправить
Комментарии проходят модерацию редакцией
Показать комментарии

Читайте также
Реклама
Реклама
Join Telegram Последние новости
Лого TengriNews мобильная Лого TengriSport мобильная Лого TengriLife мобильная