28 ноября 2019 09:54

Прага көлік кептелісін қалай жойды? Қазақстандық студенттің көзімен

Камила Долаева Корреспондент
Дәулет Түймебай

Қазақстанда биыл тоғыз айда 11 484 жол-көлік оқиғасы тіркелген екен. Ал апат саны 2018 жылмен салыстырғанда 3,4 пайызға артқан және қайтыс болғандар саны да салыстырмалы көбейген. Әлбетте, қалалардың жыл санап іріленуі, көлік санының өсуі, жүргізушілердің ұқыпсыздығы сынды факторлар мен ретсіз көлік жүйесі бұл сандардың өсуіне ықпал етеді. Оған қоса, ұзын-сонар кептеліс пен тұрақ мәселесі түйткілге айналды.

ПОДЕЛИТЬСЯ

Қазақстанда биыл тоғыз айда 11 484 жол-көлік оқиғасы тіркелген екен. Ал апат саны 2018 жылмен салыстырғанда 3,4 пайызға артқан және қайтыс болғандар саны да салыстырмалы көбейген. Әлбетте, қалалардың жыл санап іріленуі, көлік санының өсуі, жүргізушілердің ұқыпсыздығы сынды факторлар мен ретсіз көлік жүйесі бұл сандардың өсуіне ықпал етеді. Оған қоса, ұзын-сонар кептеліс пен тұрақ мәселесі түйткілге айналды.

Бұл проблема Қазақстанда ғана емес, басқа да елдерде бар. Десе де, кей мемлекеттер мұндай қиындықтың шешімін тапқан сияқты. Мысалы, Чехияның бас қаласында білім алып жатқан қазақстандық студент Дәулет Түймебай Праганың көлік жүйесіне көңілі толатынын айтады. Ол Tengrinews.kz тілшісіне Чехия билігі көлік кептелісі мен апат санын қалай азайтқанын, ондағы қоғамдық көліктер мен тұрақтау орындары жайлы әңгімеледі.

Реклама
Реклама

Елордалық Дәулет Түймебай 2013 жылыдан бері Прагада оқиды. Қазіргі таңда магистратурада, Халықаралық қатынастар мен Еуропалық интеграция факультетінде білім алып жүр. Ол - Чехиядағы қазақстандық жастардың "Тарлан" атты ұйымының төрағасы. Алты жылдан аса бұл қалада жүрген ол Прага жолдарын жаттап та алған. Жұмыс барысымен әуежайға да жиі барып, қазақстандық қонақтарды күтіп алады екен. Айтуынша, жөндеу жұмыстарына байланысты әуежайға қарай жолда бір апта кептеліс болған. Ал былайша, қалада жағдай қалыпты екен. 

Трамвай ешқашан кешікпейді

Кептелісті болдырмауда қағамдық көліктердің рөлі зор. Дәулет Түймебайдың айтуынша, қалада трамвай, автобус жүреді және метро бар.

"Чехияда қоғамдық көлік жүйесі XIX ғасырдың соңына қарай қалыптасып, қазіргі таңға дейін өзгермей, қызмет етіп келеді. Прага трамвайларымен мақтанады. Қазақстанда жолаушының құқығы үстем болса, Чехияда трамвайдікі. Оны көліктер де, адамдар да өткізеді. Трамвайлар ешқашан кешікпейді. Ары кетсе бір минут, оның өзі демалыс күндері түнде ғана", - дейді ол. 

Прагада трамвай 32 бағыт бойынша жүреді екен. Олардың 22-сі күндізгі, 9-ы түнгі және біреуі - тарихи. 

"Олар 5.30-дан түнгі 00.00-ге дейін жүреді. Арасы 2-3 минут. Ал түнде 15-40 минутта бір 12-ден таңғы 5-ке дейін жұмыс істейді. Екі трамвайдың арасындағы уақыт бағытына байланысты. Негізі өте ыңғайлы, себебі түнде такси шақыртпай-ақ, кез келген жаққа қоғамдық көлікпен жете аласың", - дейді Дәулет Түймебай.

Автобус - метро мен трамвайды байланыстырушы  

Прага метросында 61 бекет бар. Ол қаланың көп бөлігін қамтиды. Үш бағыт бойынша жүреді. Қазақстандық студенттің айтуынша, университетіне метромен 15 минутта жетеді. Автобус паркі де күндізгі және түнгі болып бөлінеді екен.

"Олардың да қызметі жақсы құрылған. Автобус - метро мен трамвайды байланыстырушы рөлін атқарады. Мысалы, қала сыртында тұратындар автобуспен метроның соңғы бекетіне жете алады. Ал қалада автобуспен бір бекеттен трамвайға барасың. Олардың да жүру кестесі трамвай сияқты. Автобус тұрағында 1100 көлік бар. Орташа алғанда олар 7 жыл бұрын қолданысқа берілген. Сонымен қатар, автобус жүргізушісі соңғы аялдамаға келгенде көлік ішін сыпырып, тазалап қояды", - дейді ол. 

Монополистер қоғам алдындағы міндеттерін 9/10 ұпайға орындайды  

Чехиядағы қоғамдық көлік коммуналдық қолдау қызметтерін де қоса атқарады. Мысалы, қаланы тазалау, абаттандыруға өзге фирмаларға техникамен көмектеседі. Сондықтан олар монополистер саналады. Қазақстандық студенттің айтуынша, сұраныс бар және олар қоғам алдындағы міндеттерін 9/10 ұпайға орындайды. 

Айта кеткен жөн, автобус тұрақтары жыл сайын жасыл технологиямен жаңарып тұрады екен. Дәулет Түймебайдың айтуынша, Чехияда электр көлігі, оларға арналған тегін тұрақтар мен қуаттау құралы көбейіп жатыр. Үлкен америкалық, еуропалық корпарациялардың қызметтік көліктері көбіне электркарға көшкен. Олар Volkswagen, Microsoft және басқалары.

Бір айлық жол жүру билеті Қазақстаннан арзан  

Дәулет Түймебайдың айтуынша, халық көбіне қоғамдық көлікпен жүреді, сондықтан кептеліс аз. 

"Қоғамдық көлікпен бір айлық жол жүру құны студенттер үшін 130 крон (2170 тг), ал ересекетерге 530 крон (8845 тг). Бағасы тиімді болған соң, адамдардың көбі автобус, метро, трамваймен жүреді. Сондықтан көлік кептелісі де аз", - дейді қазақстандық студент.

Сонымен қатар, таксиді жолға шығып, ұстай алмайсың және бағасы да қымбат екен. Оның айтуынша, Прагада қазақстандық студенттердің шағын таксопарктері бар. Олар 3-7 көліктерін жалға беретін көрінеді.

"Uber-дің өзі заңды таксимен қамтамасыз етеді. Барлық таксисттің лицензиясы бар, олар арнайы тесттер тапсырған, чех құжаттарын алған. Рұқсат қағазы белгілі бір уақытқа беріледі. Бұл негізі дұрыс деп ойлаймын. Себебі тұрғындардың қауіпсіздігі алдыңғы орында", - дейді ол.

Қала бойынша орташа жылдамдық сағатына 50 шақырым  

Дәйулет Түймебай Прагада жол апаты өте сирек кездесетінін айтады. 

"Прагалықтардың көбі салауатты өмір салтын ұстанады. Сондықтан барлық дерлік жерде веложолдар бар. Ал ол жермен жүрген адамға айыппұл салынады. Жолда апаттар өте сирек кездеседі. Себебі қала бойынша орташа жылдамдық сағатына 50 шақырым. Трамвай, аялдама жандарында сағатына 30 шақырым. Ал камералардың саны тым көп деп те айта алмаймын. Бұл жердің адамдары жолда жүру ережесін барынша ұстануға, мектеп, балабақша жанынан өтіп бара жатқанда көлік жылдамдығын асырмауға тырысады", - дейді ол. 

Көлік тұрағы үшке бөлінеді  

Камералар көлік жылдамдығын емес, тұрақтарды көбірек қадағалайды екен. 

"Прага тұрғыны ретінде мен ай сайын 300 кронға тұрақтау орнын сатып ала аламын. Көлік қоюға болатын жерлер үшке бөлінеді. Олар: ақ, сары және көк. Сары жолақ бойына тұрақтауға болмайды. Төтенше жағдайда ғана ары кетсе 2 минутқа, мұнда жергілікті тұрғындар да сары жолақта тұрған көлікті көрсе, суретке түсіріп алады. Осылайша бірер минутта жаныңа полицейлер келуі мүмкін. Көк жолақ - жергілікті халыққа, яғни, аудан бойынша тұрғылықты жері бар адамдарға арналған", - дейді қазақстандық жігіт.

Үшіншісі - ақ жолақтар. Ол жерде белгілі бір уақытқа ақы төлеп, тұруға болады. Бір сағаты 25 крон тұрады. Олардан түскен қаражаттың барлығы мемлекет қазынасына барады екен. Сондай-ақ, 12 камерасы бар көлік басқа құрылғылар мен жан-жақтағы көліктердің барлығын түсіріп жүреді. Сол кезде тұрақта дұрыс тұрмаған немесе төленбеген көлікке айыппұл келеді. 

"Достарыммен жиі саяхаттап тұруға тырысамыз. Көбіне табиғат көркінен ләззат алып, дәмді тағамдармен жүрек жалғау үшін тас жолдармен емес, елді мекендермен жүруге тырысамыз. Трассада сағатына 130 шақырымнан жоғары жылдамдықпен жүруге болса, ауылға кіргенде 50 шақырым жылдамдықпен қозғалуың керек. Аралық камералар ауылдан шыққанда көліктің жүрген орташа жылдамдығын есептейді", - дейді ол. 

Айта кетейік, Прагада ресми бір жарым миллион халық тұрады. Бірақ туристер мен студенттер ағыны өте жылдам өзгеріп отырады. Мысалы, қоғамдық көлікпен миллиондай адам жүреді. Ал Рождество кезінде бір жарым миллионға жетеді екен.

Показать комментарии
Читайте также
Реклама
Реклама
Join Telegram