Подписывайтесь на канал Tengrinews.kz в WhatsApp
18 октября 2018 12:15

"Табысты әрі тәуелсіз болғым келеді" - Екі аяғынан айырылған жігіттің мотивациясы

Сандуғаш Сұлтан Корреспондент

ПОДЕЛИТЬСЯ

Серік Есматов/Іnstagram Серік Есматов/Іnstagram

Алматыда Серік есімді қазақтың қайсар жігіті тұрады. Ол 13 жасында екі аяғынан бірдей айырылып қалған. Бүгінде "Қазақстанның 100 жаңа есімінің" қатарына енген Серік Есматов Tengrinews.kz тілшісіне өз өмірі, жетістіктері мен алға қойған мақсаттары жайлы айтып берді.


Алматыда Серік есімді қазақтың қайсар жігіті тұрады. Ол 13 жасында екі аяғынан бірдей айырылып қалған. Бүгінде "Қазақстанның 100 жаңа есімінің" қатарына енген Серік Есматов Tengrinews.kz тілшісіне өз өмірі, жетістіктері мен алға қойған мақсаттары жайлы айтып берді.

Серік 1998 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. №84 мектепті бітіріп, ҰБТ тапсырып, Қазақ туризм және спорт академиясына оқуға түскен. Ал 2011 жылы 30 тамызда "тағдырдың сынағына түстім" дейді өзі.

"13 жаста едім. Алматыдағы "Алматы-1" вокзалынан 500 метр жерде тұрамын, үйім сол жерде. Қалаға және одан қайтып үйге жету үшін сол теміржол рельстерін күнделікті кесіп өту керек болды. Жүзуге баратынмын, кезекті рет жаттығудан үйіме қайтып келе жаттым, сөйтіп жүк вагондарының астына түсіп қалдым", - дейді ол.

Серіктің айтуынша, оның өмірлік мақсатының барлығы ата-анасын бақытты етуге бағытталған.

"Менің отбасым қарапайым. Ата-анам балаларын бақытты ету үшін тер төгіп, еңбек етеді, ал біз - балалары ата-анамыздың алдындағы борышымызды өтеу үшін барымызды саламыз. Мен отбасында кенжемін, биік белестерден көрінгім келеді, табысты, тәуелсіз болуға тырысамын. Себебі біріншіден, ата-анамның бақытты ғұмыр кешкенін қалаймын, екіншіден аяқтарым жоқ", - дейді Серік.

Серік қазіргі таңда спортпен айналысып, қоғамдық шараларға белсенді қатысады.

"Бүгінгі таңда ағзамды дамытып, физикалық формамды сақтау үшін спортпен айналысамын. Қоғамдық жұмыстарға белсенді араласып, еліміздің жастары мен тұрғындары үшін оратор-мотиватормын", - дейді ол.

Сонымен қатар, Серік жетістіктері туралы да айтып берді.

"Менің өмірдегі ең бірінші жетістігім бір жасқа толғанда болған, мен жүруді үйреніппін. Екінші жетістігіме 14 жасымда қол жеткіздім, мен протез аяқпен тұрып, өмірімде екінші рет жүруді үйрендім. 15 жасымда командаммен бірге Қазақстанның намысын әлемдік аренада қорғадым, отырып ойнайтын волейболда командам қола медаль алды", - деді Серік


Серік марафонға қатысуда

"Бірнеше рет 42, 195 шақырымдық дистанция бойынша марафонға қатыстым, мүмкіндігі шектеулі жандар арасында жүлделі орындарға ие болдым. Отырып ойнайтын волейболдан Қазақстан чемпионатына бірнеше рет қатыстым. Тіпті ауыр атлетикада бағымды сынап көрдім", - дейді ол.

Бұл жетістіктерінен бөлек "Нұр Отан" партиясының құрамына кірген Серік болашаққа құрған жоспары туралы да айтты.

"Ең бірінші кезекте академиядағы оқуымды тәмамдап, дипломымды алып, өзге жоғары оқу орнында білімімді жалғастырып, беделді мамандық иесі болғым келеді. Себебі өз болашағымды нақты бір мамандықпен байланыстыруды ойлаймын. Ол мамандық маған ұнайтын болады, солайша өзімнің және отбасымның ғана емес, Қазақстанның дамуына үлесімді қосқым келеді", - деді ол.


Суреттер Серік Есматовтың жеке мұрағатынан алынды.

Айтуынша, отбасын құру да жоспарында бар, бірақ "қазір емес, бәлкім бір-екі жылдан кейін болар" деп күлді Серік.

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 444.26   490.7   4.83 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети