ПОДЕЛИТЬСЯ
09 сентября 2021 | 13:34
"Үшінші әйел - сайқал". Қазақ адамды жасына қарай қалай атаған?
Қазақ адамды жасына қарай шебер сипаттай білген. Халқымыз әркімге әлеуметтік мәртебе бере отырып, өз орнын көрсеткен. Tengrinews.kz тілшісі этнограф Досымбек Қатранұлынан қазақ адамды сәбиден қарияға дейін қалай атағанын және оларға қандай міндет қойғанын сұрады.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Қазақ адамды жасына қарай шебер сипаттай білген. Халқымыз әркімге әлеуметтік мәртебе бере отырып, өз орнын көрсеткен. Tengrinews.kz тілшісі этнограф Досымбек Қатранұлынан қазақ адамды сәбиден қарияға дейін қалай атағанын және оларға қандай міндет қойғанын сұрады.
1 мен 13 жас арасы
Баланы туа қалғанда шақалақ, қызылшақа бала дейді. Ол 2-3 жасқа дейін сәби болады.
"Қазақ 1-5 жасқа дейін бала, нақтырақ айтқанда "ойын баласы" дейді. Бала 7 жасқа келгенде, кәдімгідей есейіп қалды деп саналады, ұл бала қозы жаюға, үйдің басқа да шаруасына көмектесе бастайды. Қыз бала да дәл солай, шешесіне еріп ою ойып, тігуге талпынысы ашылады. Сол кезеңді тырнақалды дейді, яғни бала өзі алғашқы бір нәрсесін жасаған кез. "Жетіге келгенше жерден таяқ жейсің" деген де сөз бар. Осының өзі ойын баласынан қалыптасу кезеңіне дейінгі баланы айтып тұр. 1 мен 7 жас аралығы кішкентай бала саналады", - дейді этнограф.
Яғни 7-ден бастап жарты мүшел есебі бойынша ұл мен қыз шаруаға араласа бастайды, ал бүтін мүшелде, яғни 13-інде есейеді.
Есею кезеңі
Досымбек Қатранұлының сөзінше, бүлдіршін деген нақты бір жас емес. Кәмелетке толғанға дейін бәрі бүлдіршін. Құлыншағым, қошақаным деп айтқанның өзі әлеуметтік мәртебесін білдіреді. Сондай-ақ, 13-ке дейінгі кезеңді қозы жасы десе, бала қой бағуға жарап қалғанда қой жасы дейді екен.
Қазақта нағыз ересек болған кезең 13 жастан басталады. Кәмелет жасынан бастап қызды бойжеткен, ұлды бозбала деген. Бұл - есею кезеңі. Досымбек Қатранұлы әр нәрсенің өз орны бар екен айтты.
"Осы жастан аса бергенде, алғаш мүшелге толғаннан кейін бозбала мен бойжеткен үйленеді. "13-те отау иесі" дейтіні де сол. Ата-ана баласының ер жеткенін күтеді. Шамамен 15-16 жасында дүниеге сәби келіп, үлкендер ата-әже атанады", - дейді этнограф.
Қыз бала жасына қарай қалай аталған?
Қыз тұрмысқа шықпай тұрып, біреудің қалыңдығы болады. Себебі оны кіші кезінде атастырып қоюы мүмкін. Кейін ұзатылып, үйленгеннен кейін келіншек болады. Ал 25-ке келгенде қыз-келіншекті "Еріншек" деп те атаған деседі, алайда бұл дәлелденбеген, дейді Досымбек Қатранұлы.
"Кейін ол ана болады. Жалпы ана деген ортақ, әдеби атау. Қазір көп айтыла бермейтін сарықарын деген де сөз бар. Бұл - көп құрсақ көтерген әйел. Сарының өзі үлкен, кең дегенді білдіреді. Бұрындары 7-8 бала көтерген ананы сарықарын деген", - дейді ол.
Бәйбіше атауы да әркімге беріле бермейді. Досымбек Қатранұлының айтуынша, дәстүрлі қоғамда бәйбіше күйеуіне басқа әйелді өзі алып берген, өзі ұйымдастырған. Ол тілін алатын, айтқанына көнетін әйел таңдаған. Үй шаруасына көмектесуге, басқаруға әкелуге мәжбүр болған.
"Бұл дәстүр соғыстан кейінгі жылдардан бері суып бастады. Бәйбіше деген сөздің өзі - бай бишеден шыққан. Ал бай деген - атақ. Байдың бишесі, байының қожайыны деген сөз. Билейтін адамы деген сөз. Одан кейін тоқал болған, аққолтық деп те атайды. Қазір саяси-әлеуметтік жағдайға байланысты басқа мағынаға ие болып кеткен сайқал деген сөз бар. Ол басқа түрік халқында сұлу, ару дегенді білдіреді. Үшінші әйелдің аты сайқал болған. Бәйбіше, тоқал, сайқал, аққолтық. Осыдан әр нәрсенің өз атауы болғанын көріп отырмыз", - дейді этнограф.
Ұл баланы жасына қарай қалай атаған?
Ал ерлерде бозбаланы мұрты тебіндеген жас жігіт деген. Ал ертеден үйленіп, балалы болған 25-ке дейінгі ерді жігіт деген. Одан кейін жігітағаш деген мәртебе берілген. Ол 25-тен кейінгі мүшел есебімен жүретін 37-ге дейінгі атау. Одан кейін қарасақал дейді. Сөйтіп қарасақал 60-тан асқанда ақсақал болады. Бір елдің атасы болады. Этнографтың сөзінше, ақүрпек деген де атау бар, ол қартайып қалған, шаруаға қолқабыс ете алмайтын, біреудің күтіміне зәру адам.
"Жігіт жылқы баға алатындай кезге жеткенде, 25-ке толып, тепсе темір үзетін мықты кезінде жылқы жасы дейді. 37-38 жастан кейін ел ағасы болады. Қозы, қой, жылқы жасы дегеннің өзі әлеуметтік мәртебе. Бұрынғы ескі наным-сенім мен жасты бөлу, оны атау бір-бірімен қабысып жатыр. Көшпенділер бұрынғының ақылына сүйенетін болған. Көп жасаған, тәжірибе жинаған ру ағасы, елбасы, ақсақалдардың айтқанынан шықпаған. Қазақ исламдық түсінік бойынша атайды. Пайғамбар жасқа келді дегені - 63-ке келгені", - деді Досымбек Қатранұлы.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!
Показать комментарии
Читайте также