Подписывайтесь на канал Tengrinews.kz в WhatsApp
03 октября 2018 16:19

"Күніне 150 шақырым жол жүреміз". Бес мұғалім тұратын отбасының өмірі

Сандуғаш Сұлтан Корреспондент

ПОДЕЛИТЬСЯ

Қамария Миықбаева. Суреттер Саламатовтар отбасының жеке мұрағатынан Қамария Миықбаева. Суреттер Саламатовтар отбасының жеке мұрағатынан

Жыл сайын қазанның бірінші аптасында ұстаздар қауымы төл мерекесін атап өтеді. Мектептерде мерекелік кеш болып, оқушылар сүйікті ұстаздарын құттықтауға асығады. Осы атаулы күнге орай Tengrinews.kz тілшісі бес ұстазы бар отбасымен кездесті.


Жыл сайын қазанның бірінші аптасында ұстаздар қауымы төл мерекесін атап өтеді. Мектептерде мерекелік кеш болып, оқушылар сүйікті ұстаздарын құттықтауға асығады. Осы атаулы күнге орай Tengrinews.kz тілшісі бес ұстазы бар отбасымен кездесті.

Күнболат Саламатовтың отбасы Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданындағы Қазақстан ауылында тұрады. Жұбайы Қамария Миықбаева мектепте мұғалім болып қызмет етеді. Отбасында төрт бала бар - 3 ұл, 1 қыз. Сол төрт баланың үшеуі анасының жолын қуып, мұғалім мамандығын алған.

Қамария Миықбаева Еңбекшіқазақ ауданындағы Қайыпов ауылының Қазақстан орта мектебінде география пәнінен сабақ береді, еңбек жолы 34 жылдан асқан, жоғары санатты ұстаз.


Қамария Миықбаева оқушыларымен.

Бейбіт Саламатов отбасындағы тұңғыш бала. Ол қазір Алматы қаласындағы №88 жалпы білім беретін мектепте дене шынықтыру пәнінен сабақ береді. Еңбек өтілі он жылға таяған ол бірінші санаттағы ұстаз.

Жұлдыз Саламатова - отбасындағы екінші перзент. Ол Алматы қаласындағы Жамбыл Жабаев атындағы №161 лицейде информатика пәнінен сабақ береді және робот техникасы электив курсын жүргізеді.


Жұлдыз Саламатова.

Үйдің кенжесі - Данияр Саламатов. Ол дене шынықтыру пәнінің мұғалімі мамандығын алып, әскерге аттанған. Азаматтық борышын таяуда ғана өтеп келген ол мамандығы бойынша жұмысқа тұруды көздеп отыр.


Бейбіт Саламатов оқушылармен. 

Өткен жылы жазда отбасының тұңғыш перзенті Бейбіт отбасын құрды. Баласының "үйленем" деген сөзін естіген ата-анасы сол сәтті әлі де ерекше еске алады. Себебі ол отбасы үшін тосынсый болған.

"Бейбітіміз үйленемін, қызды сіздермен таныстырайын дегені әлі есімізде. Қатты қуандық. Қызымыз үйге келіп, танысқаннан кейін мамандығының мұғалім екенін айтқанда бәріміз таңырқадық. Себебі үйде төрт мұғалім бар едік, отбасымызға тағы бір мұғалім келгенде қуанып кеттік, бір жағынан қатты қызық болды", - дейді Қамария Миықбаева.


Жазира Жұмаева.

Отбасындағы келін Жазира Жұмаева - биология пәнінің мұғалімі. Ол Алматыдағы №88 жалпы білім беретін мектепте жұмыс істейді.

Отағасы Күнболат Саламатовтың айтуынша, ол өте бақытты адам. Себебі бір отбасындағы бірнеше ұстаздан қаншама шәкірт білім алып, өмірде өз жолдарын тауып жатыр.

"Отбасымның күнделікті өміріне қарап, сүйсінемін. Себебі бес ұстаздан қаншама мың шәкірт білім алады, тәрбие көреді. Біздің үшінші баламыз Еламан кішкентай кезінен банк саласында жұмыс істеуді армандады. Сол арманы орындалып, қазір банк қызметкері болып жүр. Ал мен осы ұстаздарды оқушыларына жеткізіп, бау-бақшадағы кәсібіммен айналысамын", - деп күлді ол.


Отағасы мен отанасы. Қамария Миықбаева, Күнболат Саламатов.

Отбасы Алматы қаласынан 75 шақырым қашықта тұрады. Таңертеңгі сабаққа үлгеру үшін таңғы сағат 05.00-де үйден шығатын ұстаздар "жұмысқа деген сүйіспеншілік жолдың алыстығын сездірмейді" деп отыр.

"Күніне 150 шақырым жол жүреміз. Жұмысымыз қалада және әр мектепте. Біз үшін ол қиын емес. Себебі өз басым бала кезден ұстаз болуды армандадым. Анамызға қарап өстік, оқушылардың біздің анамызға деген құрметін, махаббатын көріп, біз де мұғалім боламыз деп шештік. Арманымыз орындалды, қазір отбасымызда бес мұғалім бар", - деді Жұлдыз Саламатова.

Жұлдыздың айтуынша, ұстаздық жолдағы жетістіктер мен балаларға деген махаббат және олардың құрметі бұл мамандықтың ұрпақтан ұрпаққа берілуіне себеп бола алады.

"Оқушыларым жыл сайын информатика пәнінен аудандық олимпиадада 1-орын алады, қалалықта 3-орын, робот техникасынан республикалық инженерлік форумда жобамыз 3-орын, ғылыми жобамен де 3-орын алдық. Қазір заманауи талаптарға сәйкес, ұстаздар ағылшын тілін меңгеріп, техниканың құлағында ойнауы тиіс. Ол үшін бар жағдай жасалған. Арнайы курстан өтіп, қазір информатика пәнін ағылшын тілінде өткіземін. Болашақта менің де балаларым біз сияқты анасын мақтан тұтып, ұстаздық жолын басады деп ойлаймын", - деді ол.


Жұлдыз Саламатова шәкірттерімен. 

Отбасының дастархан басындағы әңгімесі өте қызық. Бір күнде әр ұстаздың басында әр түрлі қызық оқиға болады екен.

"Мұғалімнің өмірі өте қызық. Алдыңа сағат сайын 30 оқушы келсе, 30 түрлі мінез, 30 түрлі өмір келеді. Білім беріп қана қоймай, сол балалардың болашағы үшін алаңдап, бірге қуанып, бірге қайғырасың. Күніне қаншама оқиға болады. Кешке дастархан басына жиналғанда сол қызықтарымызды айтып, тәжірибемізбен бөлісеміз, әңгімеміз ортақ", - дейді Қамария Миықбаева.

Оның айтуынша, бұрынғы ұстаздар мен қазіргі ұстаздардың, бұрынғы оқушылар мен қазіргі оқушылардың айырмашылығы жер мен көктей.

"Мен бұрынғының ұстазы болсам, балаларым қазіргі заманның ұстазы. Бір-бірімізді толықтырып отырамыз. Олар менен, мен олардан кеңес сұраймын. Мен оларға білім берудің бұрынғы тәсілдерін көрсетсем, олар маған заманауи технологияның тілін үйретеді, қалған екі ұлым да мұғалім қызға үйленсе қарсы болмайтын едім", - деп күлді Қамария Миықбаева.

Отбасы жинала қалса қалжыңдап, "мектеп ашайық" дейтін көрінеді.

"Біздің үйде географияның, дене шынықтырудың, биологияның, информатиканың мұғалімі бар, есеп-қисапты білетін есепші де табылады. Мен директор болайын, өзіміздің жеке мектебімізді ашайық деп қалжыңдаймыз", - дейді Күнболат Саламатов.

Жақында бұл отбасына тұңғыш немере келеді, айтуларынша ол баланың да болашақта ұстаздық жолға түсуіне тілектестік білдірмейтін адам жоқ, себебі "ұстаздар отбасынан шыққан бала "жаман" болмайды деп күледі өздері.

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 444.22   490.7   4.76 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети