Подписывайтесь на канал Tengrinews.kz в WhatsApp
04 сентября 2018 10:07

Құз басында қолына домбыра ұстап суретке түскен қазақ кім?

ПОДЕЛИТЬСЯ

Суреттер Мұстафа Көктің жеке мұрағатынан Суреттер Мұстафа Көктің жеке мұрағатынан

Өткен аптада қазақтың ұлттық киімін киіп, қолына домбыра ұстап құз басында түскен суреті Желіде тараған ер адам көпті таңғалдырған. Суреттегі ер адам Түркияда тұратын этникалық қазақ болып шықты. Tengrinews.kz тілшісі осы суреттегі Мұстафа Көкпен сұхбаттасты.


Өткен аптада қазақтың ұлттық киімін киіп, қолына домбыра ұстап құз басында түскен суреті Желіде тараған ер адам көпті таңғалдырған. Суреттегі ер адам Түркияда тұратын этникалық қазақ болып шықты. Tengrinews.kz тілшісі осы суреттегі Мұстафа Көкпен сұхбаттасты.

Ол 1936-1937 жылдары Қытайдан көшіп, Түркияға 1954 жылы жеткен қазақтардың ұрпағымын дейді. 56 жастағы ер адам қазіргі уақытта Нигде қаласындағы Алтай ауылында тұрады. 

"Ауылымыз 1955 жылы қазақ отбасыларынан құрылған. Сол шақта 165 отбасы болып құрылған, өкінішке қарай, көш болып, көпшілігі әсіресе Еуропаға, Ыстамбұлға кеткен. Қазір ауылымызда 24 отбасы бар, жүзден аса адам ғана қалдық. 2004-2009 жылдар арасында осы ауылдың әкімі болып қызмет еттім. Біздің ауылдың адамдары көбінде Германия, Аустралия, Франция, Швеция, Канада, Америка мен Англияға кетіп, сонда тұрып жатыр", - деп әңгімеледі ол.


Ер адам 1984-1994 жылдар аралығында Голландияда тұрып келіпті. 

Айтуынша, бұл Түркиядағы жалғыз қазақ ауылы екен. Соңғы 8 жылдан бері ол жолда қалып қойғандарға көмектесетін қызметте. Мұстафа Көктің төрт баласы бар екен. Екеуі қыз, екеуі ұл. 

"Тұңғыш қызым мұғалім, екінші балам Ыстамбұлда полицей, тағы бір қызым да сол қалада мұғалімдік жолда, ал кенже балам Халид осы сіздер таңғалып жатқан суретті түсірген. Ол қазір Қытайда үш жылдан бері оқып жатыр", - дейді ер адам.

Суреттегі жер Түркияның Адана қаласы, Гүлек қорғаны екен. Биылғы ораза айт кезінде Мұстафа Көк әйелі мен ұлын ертіп, осы қорғанға арнайы барған. 


Көпке танылған суретті түсірген Мұстафа Көктің ұлы Халид

Мұстафаның айтуынша, сурет жарияланған бетте тез тарап, қалың қазақ қуанып, алғыс айтып жатыр. Алайда мұны фотошоп дегендер де табылған. 

"Осы тұста айтқым келетіні, бұл ешқандай да фотошоп емес. Мына суретте мен тұрған жардың асты бос секілді, негізі бұл таудың етегіне жалғасқан, тек мен түскені жері сәл шығыңқы. Суретке түскенде астындағы екінші жар көрінбей қалған. Қайтсе де адам сескенбей бара алатын жер емес, аяқ тайып кетсе шатақ, құдай сақтасын. Аяқ киімімді шешіп барып қана жар шетіне жақындадым", - дейді ол.

Мұстафа Көктің айтуынша, ол кәсіби домбырашы емес. Нақты бір адамнан дәріс алған емеспін.

"Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ домбыра" дейді ғой. Кейде өлең жазамын, оны әнге түсіремін. Мұның барлығы домбыраны таныту үшін. Әйтпесе кәсіби музыкант емеспін", - дейді ол.


"Қазақстанға үш рет бардым", - дейді Мұстафа Көк.

"Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол" дейді қазақ. Түркияда жүрсек те жүрегіміз қазақ деп соғады. Қазақстан еске түссе, көзімізге жас келеді. Әкелеріміздің тұрған жері, ата-бабаларымыздың жүрген жері әрқашан көңілде. Қазақстаным аман болсын, Түркияда жүрсек те, тұрмыс жағдайымыз жақсы болса да, тірі жетімнің күйі ғой. Қазағым қайда жүрсе де аман болсын", - дейді Мұстафа Көк. 

 

Айтпақшы, Нигде қаласында Абылай ханның ескерткіші бар екен. Мұстафа Көк ескерткіш маңындағы Түркия мен Қазақстанның туларын тазалап, ауыстырып тұрады.

Кезінде Мұстафа Көк жайлы түркиялық TRT телеарнасы сюжет те түсірген. Алтай ауылының әкімі болып тұрған кезде ауылдың Түркияға алғыс айту тойына орай түсірілген сюжетте кейіпкеріміз ән салып, кішкентай қыздар "Қаражорға" билейді.

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 447.35   490.7   4.75 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети