Жас көрінудің қыр-сыры. Қазақстандық қыз-келіншектер сұлулықтың құнын айтты

28 Сәуір, 14:55
0
© Tengrinews.kz коллажы
© Tengrinews.kz коллажы

Сұлулықты әркім әрқалай түсінеді. Біреулер бет терісіне арналған түрлі қымбат процедуралар жасап өзін сұлу әрі жас санаса, тағы біреулері аса шығынға батпай-ақ, үй жағдайында күтім жасауды жөн көреді. Расында да соңғы кездері қазақстандық қыз-келіншектер инъекциялы процедураларға жиі баратын болған. Оның қаншалықты зиян немесе қаншалықты пайдасы бар екенін барлығы біле бермейді. Дегенмен мұндай процедуралардың саны күн сайын артып жатыр. Cұлулық салондары мен клиникалар да клиенттерінің көңілінен шығу үшін күннен-күнге түрлі қызмет түрлерін ұсынады. Осы орайда Tengrinews.kz тілшісі қыздардың соңғы кездері қандай қызмет түрлеріне жиі жүгінетінін мамандардан сұрастырды.

Тері күтімі саласында 3 жылдан аса еңбек өтілі бар дәрігер-косметолог Нұргүл Боранбаеваның айтуынша, бет терісі күтіміне қатысты барлық процедура әр адамның өзіне ғана тән. 

"Барлығы адамның бет терісіне және жасына байланысты. Процедуралар әр адамның бет терісіне байланысты. Қазіргі уақытта қыздардың көбінің бет терісі майлы, терілерінде ұсақ тесіктер кездеседі. Сондықтан ең бастысы бетті дұрыс тазартуға және беттің күнделікті күтіміне назар аудару керек", - дейді Нұргүл Боранбаева.


© lifting62.ru

Сондай-ақ, маман соңғы кездері қыздардың қандай процедураларды жиі жасайтыны жайлы сұраққа жауап берді.

"Нақты қазіргі уақытта сұраныстағы процедураларға келетін болсақ, 30 жасқа дейінгі қыз-келіншектер көбіне бет күтіміне арналған қызмет түрлеріне жүгінеді. Яғни, бетті тазарту, пилинг. Бұл процедуралардың орта бағасы - 12-15 мың теңге. Ал 30 жастан асқан келіншектер лифтинг массаждары мен теріні ылғалдандыратын және теріні нәрлендіретін қызмет түрлеріне жүгінеді. Массаж түрлері өте көп және ең бастысы олардың барлығы кешенді түрде жүргізілуі тиіс. Бағасы - бір сеансы 10 000 теңгеден басталады", - дейді ол.

Айтуынша, мұндай проблемалардың пайда болуына қаланың экологиялық жағдайы себеп болып отыр.

Мұнымен қоса, маман соңғы кездері екінші иекті кетіру, ерінді үлкейту, диспорт, ботокс процедуралары жоғары сұраныста екенін айтады. Оның айтуынша, бұл қызмет түрлері мимикалық әжімдермен күресуге көмектесіп, бет пішінін дұрыстауға көмектеседі екен.

Сондай-ақ, косметолог қыздарға мұндай процедураларды сұлулық салондарында емес, сертификаттары бар клиникаларда жасауға кеңес берді.


© Plastichno.com

Ал дәрігер Назгүл Жүсіпованың айтуынша, қазақстандық қыздар көбіне ерінді үлкейту мен бет терісін тазарту қызметтеріне жүгінеді.

"Ерінді үлкейту менде қымбат та емес, арзан да емес орта есеппен - 65-70 мың теңге. Басқа клиникаларда бұл үшін тіпті 100 - 120 мың теңге сұрайды. Ал бет терісін тазарту - ең қажетті әрі маңызды процедура. Ол тері күтіміне қатысты барлық проблеманың алдын алады. Оны 3-4 айда бір рет жасап отыру қажет", - дейді дәрігер Назгүл.

Айтуынша, ерінді үлкейту мүлде қауіпті емес, одан қорқатын ештеңе жоқ.

"Ерінді үлкейту процедурасының жасаудың қаупі жоқ. Себебі біз қолданатын гельдер қауіпсіз, Франциядан жеткізіледі. Барлығы сапалы. Бірақ мен жүкті әйелдерді және аллергиясы бар қыздарды алмаймын. 18 жасқа дейінгі қыздарды да алмауға тырысамын. Тек 18 жастан асқан қыздарды қабылдаймын", - дейді ол.

Ал ерінді үлкейтудің бағасы қанша екені жайлы сұраққа дәрігер процедураның қандай гельмен жасалуына байланысты екенін және бағасы 48 000 теңгеден басталып, 80 000 теңгеге дейін жететінін айтады.

Сондай-ақ, қазіргі уақытта әйелдердің биоревитализация процедурасын жиі алатыны байқалады екен. Биоревитализация деп отырғанымыз бет терісін қайта жаңартып, ылғалдандырып, беттің қартаю процесін баяулату. Бұл әдетте 25 жастан кейінгі қыз-келіншектерге жасалады.


© looktips.org

Дегенмен мұндай қызметтерден гөрі үй жағдайында өзін-өзі күтенін қыздар, әрине, бар.

Мысалы, алматылық Жұлдызайдың айтуынша, ол ешқандай косметологиялық процедураларға барып жүрген жоқ. Ол бет терісі күтіміне үйде-ақ түрлі процедуралар жасауға болатынына және оған әлдеқайда аз шығын кететініне сенімді.

"Мен өз бет терімді үй жағдайында-ақ өзімді күтемін. Өзін-өзі күтуге арналған косметика жайлы айтатын болсам, жалпы өзім кореялық өнімдерді қолданғанды жақсы көремін. Бет терісіне арналған косметиканы әр алты ай сайын жаңартып тұрамын деуге болады. Әдетте кремдер 3-6 айға жетеді. Соңғы рет ылғалдандыратын кремді 32 мың теңгеге алдым, мұнымен қоса, 18 мың теңгеге бетті ылғалдандыратын тоник алдым, тағы ампуласы бар. Ол 6 500 теңге тұрады. Сондай-ақ, бетті тазартуға арналған заттар бар, олардың бағасы әр түрлі 2 000 - 5 000 теңге аралығында. Бетке арналған маскаларды да аламын, бағалары 600 - 700 теңге аралығында", - деп тізбектеді Жұлдызай үй күтімінде не қолданатыны жайлы сұраққа жауап бере отырып.

Сондай-ақ, ол аптасына 1-2 рет бетке арналған маска қолданатынын айтады."Міндетті түрде бетке арналған саздан жасалған маска қолданамын. Оның бағасы - 200-300 теңге, денеге арналған крем - 4 500, душка арналған кремдер мен скрабтар да бар, олар 600 теңгеден басталады", - дейді Жұлдызай.

Получить короткую ссылку

Тегтер:

Нравится Поделиться
Пікір қалдырыңыз
Читают
Обсуждают
Сегодня
Неделя
Месяц