ПОДЕЛИТЬСЯ
10 декабря 2019 | 15:19
"Тәждің бағасы - 361 446 АҚШ доллары". Әлемнің ең беделді сұлулық байқауларына шолу
Күні кеше бүкіл әлем "Ғалам аруы-2019" кім болғанын білді. Биылғы сұлулық конкурсының тәжін Оңтүстік Африка Республикасынан қатысқан Зозибини Тунци жеңіп алды. Бұл жолы байқауға барлығы 93 елдің аруы қатысқан. Бүкіл әлем жыл сайын бір емес, бірнеше конкурс арқылы жыл аруларын таңдайтыны белгілі. Әлемді аузына қаратқан ең басты деген байқаулардың өзара айырмашылығы қандай? Бұл байқауларда Қазақстанның арулары қандай биіктерге жеткен еді? Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісінің материалынан оқыңыз.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Күні кеше бүкіл әлем "Ғалам аруы-2019" кім болғанын білді. Биылғы сұлулық конкурсының тәжін Оңтүстік Африка Республикасынан қатысқан Зозибини Тунци жеңіп алды. Бұл жолы байқауға барлығы 93 елдің аруы қатысқан. Бүкіл әлем жыл сайын бір емес, бірнеше конкурс арқылы жыл аруларын таңдайтыны белгілі. Әлемді аузына қаратқан ең басты деген байқаулардың өзара айырмашылығы қандай? Бұл байқауларда Қазақстанның арулары қандай биіктерге жеткен еді? Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісінің материалынан оқыңыз.
Жалпы әлемде түрлі сұлулық байқауы бар. Оның ішінде үздік төртікке кіретіндері: "Әлем аруы (1951 жылдан)", "Ғалам аруы" (1952 жылдан), "Интернешнл аруы" (1960 жылдан), "Жер аруы" (2001 жылдан). Екінші деңгейлі конкурстарға: "Супранешнл аруы" (2009 жылдан), "Гранд Интернешнл аруы" (2013 жылдан), "Интерконтиненталь аруы" (1971 жылдан) және Top Model of the World (1993 жылдан) жатады.
Сонымен қатар, тұрмысқа шыққан аруларға арналған сұлулық байқаулары бар: "Әлем миссисі" (1985 жылдан), "Миссис Глоуб" (1996 жылдан), "Ғалам миссисі" (2007 жылдан) және "Миссис Топ Интернешнл" (2018 жылдан).
"Әлем аруы" - отбасылық бизнесЖалпы "Әлем аруы" 1951 жылы Ұлыбританияда, "Ғалам аруы" 1952 жылы АҚШ-та құрылған. Ұлыбританиялық конкурсты алғаш жарнама агенті Эрик Морли ұйымдастырған. Кейіннен Морли қайтыс болғаннан кейін, бизнесті Джулия Морли қолына алған. Сондықтан "Әлем аруы" - отбасылық бизнес болып саналады екен.
Алғашында бұл конкурс бикини киген арулардың фестивалі ретінде ғана жасалған және тек бір рет ұйымдастырылған. Бірақ келесі жылы "Ғалам аруы 1952" байқауының болатынын естіген Эрик Морли шараны жыл сайын өткізуге шешім қабылдаған.
"Әлем аруы-2018" Ванесса Понсе де Леон © REUTERS
1959 жылы ВВС байқаудың финалын көрсеткеннен кейін жоба танымал бола түседі. 1980 жылдан бастап байқауға интеллектуалдық тест пен әртүрлі шығармашылық кезеңдер қосқан. "Әлем аруы" сұлулық байқауы тарихында алты рет Венесуэла арулары жеңімпаз атанған.
Байқауға 17 мен 27 жас аралығындағы қыздар қатыса алады. Сонымен қатар, "Әлем аруы" байқауына ұлттық сұлулық байқауының жеңімпаздары ғана қатыса алады. Айта кетейік, биылғы байқау 14 желтоқсанда Лондонда өтеді деп жоспарланған.
"Ғалам аруы" байқауы Дональд Трампқа тиесілі болған"Ғалам аруы" байқауы алғашында шомылу киімдерінің жарнамасы ретінде ұйымдастырылған. Бір ай бойы байқау қатысушылары жағажай сәнін көрсеткен. 90-жылдардың ортасы мен 2015 жыл аралығында байқау АҚШ президенті Дональд Трампқа тиесілі болған. 2015 жылы Америка басшысы "Ғалам аруын" сатып жіберді. Себебі ол президентік сайлауға түсіп, Латын Америкасының мигранттары жайлы теріс пікір білдірген.
"Ғалам аруы-2019" Зозибини Тунци © instagram.com/missuniverse
Сөйтіп Мексика мен Панама байқауға аруларын жіберуден бас тартып, шара туралы хабар таратуды тоқтатқан. Артынша АҚШ президенті оны сатып жіберген. Қазір байқау продюсерлік орталыққа тиесілі.
"Ғалам аруы" байқауының жеңімпазы бір жыл бойы Нью-Йорктегі апартаментте өмір сүреді. Сонымен қатар, жеңімпазға жалақы төлеп, дәрігер, косметолог, стилист және жаттықтырушылар жалдайды. "Ғалам аруы" байқау демеушілері ұсынатын сыйлықтар: киім, косметика, аяқ-киім беріледі.
"Интернешнл аруы""Интернешнл аруы" - сұлулық байқауларының үздік төрттігіне кіретін шара. Көбіне Жапонияда өтеді. 1960 жылы байқау АҚШ-тың Калифорния штатындағы Лонг Бич қаласында өткен. 1967 жылға дейін конкурс Лонг Бичте өтіп, кейіннен байқау Жапонияда өтетін болды.
Биылғы "Интернешнл аруы" байқауының жеңімпазы - тайландтық ару Бинт Сайрисорн. Оған дейін ару "Тайланд аруы" атанған.
"Интернешнл аруы-2019" Бинт Сайрисорн © instagram.com/bintsireethorn
"Жер аруы" - Филиппинде өтетін ірі сұлулық байқауы. 2001 жылдан бері жыл сайын ұйымдастырылады. Бүгінде бұл байқау Біріккен Ұлттар Ұйымының қамқорлық танытуымен өтеді. Конкурс мақсаты - қоғамдағы гуманитарлық мәселелерді, қоршаған ортаны, жануарлар дүниесін қорғауға назар аудару.
Барлық қатысушы жаһандық және аймақтық экологиялық ахуалды жақсарту бойынша жобалар ұсынады. Сонымен қатар, байқау жеңімпазы БҰҰ-ның ғаламшардағы қоршаған ортаны қорғауға арналған бағдарламаларды әзірлеу жөніндегі өкілі болады.
Биыл "Жер аруы" Пуэрто-Рико өкілі Неллис Пиментель. Одан бөлек, "Ауа аруы-2019" - америкалық Эмани Дэвис, "Су аруы-2019" - чехиялық Клара Ваврушкова атанса, "От аруы-2019" - Белорусь елінің өкілі Алиса Маненок.
"Жер аруы-2019" Неллис Пиментель © Сурет ашық интернет көзінен
"Супранешнл аруы" - беделді телевизиялық байқау. Байқауға әлемнің түкпір-түкпірінен 18 бен 26 жас аралығындағы фотомодельдер қатысады. Конкурс Дүниежүзі сұлулық қауымдастығының ұйымдастыруымен 2009 жылдан бері Польшада өтеді.
2019 жылы тайландтық Аннтония Порсильд "Супранешнл аруы" атанған.
"Супранешнл аруы-2019" Аннтония Порсильд © instagram.com/porxild
"Гранд Интернешнл аруы" - 2013 жылдан бері Тайландта өтетін сұлулық байқауы. Биылғы байқау жеңімпазы 25 қазанда анықталды. Ол - Венесуэла өкілі Фигуера Валентина.
"Гранд Интернешнл аруы-2019" Фигуера Валентина © instagram.com/missgrandinternational
"Интерконтиненталь аруы" - 1971 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан сұлулық байқауы. Байқаудың өзгелерден ерекшелігі - жеңімпазға берілетін тәждің бағасы - 361 446 АҚШ доллары. Бұл - сұлулық байқауларында берілетін ең қымбат тәж. Сонымен қатар, тәж 720 бриллианттан жасалған.
"Интерконтиненталь аруы-2019" Карен Галман © instagram.com/karen_gallman
Top Model of the World - 1993 жылдан бері жыл сайын өтетін сұлулық байқауы. Конкурс құқығы World Beauty Organization ұйымына тиесілі. Байқауға 17 мен 25 жас аралығындағы арулар қатыса алады. Байқау барысында екі дефиле - бірі кешкі көйлекпен, бірі шомылу киімімен.
Top Model of the World-2018 Джанет Лейва © instagram.com/janetleyvany
Сонымен қатар, әлемде тұрмысқа шыққан, балалары бар аруларға арналған сұлулық байқаулары да бар. Солардың ішіндегі ең ірі байқауларға тоқталсақ. Тұрмыс құрған аруларға арналған байқаулардың көшін бастап тұрған - "Әлем миссисі" байқауы. "Әлем миссисі" - алғаш рет 1984 жылы Аустралияда өткен. 2019 жылы бұл атаққа вьетнамдық Дженнифер Ли ие болған.
"Миссис Глоуб" - тұрмыстағы аруларға арналған халықаралық байқау. 1996 жылдың жазынан бері жыл сайын өтеді. Конкурсқа қатысу құны - 2500 АҚШ доллары. Байқаудың 2019 жылғы жеңімпазы - ресейлік Алиса Тулынина.
"Миссис Глоуб-2019" Алиса Тулынина © vk.com/alisatulynina
Қазақстанның әлемдік сұлулық байқауларына қатысып жүргеніне 20 жылға жуық уақыт болған. 2000 жылы Маргарита Кравцова есімді ару "Қазақстан аруы-2000" атанған. Сол жылы Маргарита "Әлем аруы-2000" байқауының үздік үштігіне кірген. Ал 2001 жылы ол "Жер аруы-2001" байқауында үшінші орын иеленіп, "Су аруы-2001" атанған.
Маргарита Кравцова © comode.kz
Мамандардың сөзінше, қазақстандық аруларға қолдау көрсетілмейді екен.
"Қолдау аз, қазақстандықтар қолдау көрсетпейді. Бразилия, Венесуэла, Филиппин, Оңтүстік Африка республикасындағыдай дауыс берілмейді. Олар байқауға қатысқанына біраз жыл болса да үнемі мықты дайындықпен келеді. Көйлек, спортзал, арнайы үйірмелер үшін қыруар қаражат жұмсайды.
Бір жыл бойы тек дайындалумен болады. Ал біздің қыздар қарапайым ағылшын тілін үйренуге ерінеді. Бірақ қазақстандық аруларға қаржы мемлекет тарапынан емес, арнайы демеушілер тарапынан бөлінеді", - дейді сарапшы маман.
Одан бөлек "Қазақстан аруы-2013" Айдай Исаева 2014 жылы "Ғалам аруы-2014" байқауына қатысқан.
Сонымен қатар, "Қазақстан аруы-2014" Регина Вандышева "Әлем аруы-2015" байқауына қатысып, 13-орын иеленген.
"Қазақстан аруы-2014" Регина Вандышева © instagram.com/reginavandysheva
Сонымен қатар, "Қазақстан аруы-2016" Гүлбану Әзімхан "Әлем аруы-2017" байқауына қатысып, Топ-40-қа кірген.
2018 жылы "Алматы аруы-2017" Сабина Әзімбаева "Ғалам аруы-2018" байқауына қатысты.
Арудың өнері мен костюмі көпшіліктің көңілінен шығып, желіде ерекше ықыласқа бөленген еді.
Вопрос от автора
Что вы об этом думаете?
Комментарии проходят модерацию редакцией
Показать комментарии
Читайте также