1. Главная
  2. Посмотри
Реклама
Реклама

Елордалық математик TikTok-та жұлдыз болды

Смотрите онлайн ⚡ Елордалық математик TikTok-та жұлдыз болды ✅ Телевизионные сюжеты про самые важные события и актуальные новости на Tengri TV.

Елордалық математик TikTok-та жұлдыз болды

Желіде Абай Құнанбаевтан бастап футболшы, кино кейіпкерлерінің суретін LEGO-мен салған жігіттің видеосы тарап кетті. Бұл жігіт - елордалық математик Руслан Нұртазин. Ол Нұр-Сұлтандағы қосымша білім беру мектебінің директоры. Tengrinews.kz тілшісі елордалық математикпен осындай қызық хоббиі туралы сөйлесті. 

Желіде Русланның қазақ ақыны Абай Құнанбаев, футболшылар Криштиану Роналду мен Лионель Мессидің салған суреттері тарады. Бұл суреттердің ерекшелігі - бәрі LEGO-мен салынған. 

Оның бұл өнері Қазнеттегілерді тамсандырды. "Талантты адам", "Өте керемет", "Тамаша", "Мегаталант", "Ғажап", - деп пікір жазған желі қолданушылары. 

Бүгінде оның TikTok-тағы парақшасына 50 мыңға жуық адам жазылып, видеолары миллионнан аса қаралым жинаған. 

@omg.rb

Ответ пользователю @fan_sporta ##ronaldo ##cristianoronaldo ##euro2020 ##euro2021 ##football

♬ оригинальный звук - Ruslan Nurtazin

Русланның айтуынша, ол жұлдыздардың суретін салу идеясын бұрын Рубик кубигімен Абайдың суретін салған жігіттен алған. 

"Басында мен де Рубик кубигімен сурет салғым келді. Бірақ олай істесем, сол жігітті тек қайталайтынымды түсіндім. Іздене келе LEGO-мен суреттер салуға болатынын көрдім. Солай бастағанымда, Instagram-да, TikTok-та "сіз талантсыз" деп жазғандар болды. Бірақ мен талант емеспін. Мұнда тек миыңды дұрыс қолдансаң, адамды ма, табиғатты ма, нені салсаң да өзің білесің", - дейді ол. 

Сондай-ақ, математик LEGO-мен қалай сурет салуға болатынын айтты.

"Суретті таңдап алып, өңдеп, оны ақ-қара түске ауыстырып, суреттің сапасын құртсаңыз, пиксельдері көрінеді. Соған қарап отырып, салуға болады. Мұны жинау кез келген адамның қолынан келеді. Жолдарын білсе, мұғалім болсын, аспаз болсын, кез келген адам жинай береді. Мен бұған математика секілді қараймын. Есеп сияқты, басымда бір сандар тұрады", - дейді ол күліп. 

Руслан Нұртазин мұндай суреттердің басты қиындықтарын атады. Оның сөзінше, адамның бет-әлпеті кейде ұқсамай қалады екен. 

"Басында салған кезде қиын болды. Салып болған соң қарасаң, мұрны қисық болып кетеді, көзін үлкен қылып жібересің. Сурет салуға басында үш күн кететін. Күнде жұмыстан келемін де, таң атқанша жинаймын. Бітірген кезде қарайсың, бір жері дұрыс емес - басы қисық болып қалған, мұрны ұзарып, Буратиноға ұқсап қалған. Кейін басқа адамдарды жинаған кезде өткен қателіктерді жібермеуге тырысасың. Қазір бір отырғанда бес сағатта жинап тастауға болады", - дейді Руслан. 

Сонымен қатар, оған тапсырыстар жиі түсіп жатыр екен. Бүгінде жүз шақты тапсырыс түскен. Бірақ ол тапсырыс қабылдап, сурет салуға ұялатынын айтады. 

"Instagram-да біреулер "Қызыма ұсыныс жасайын деп жатыр едім, суретін салып берші" дейді, біреу 100 доллар, біреу 200 доллар беремін дейді. Бір компания хабарласып, директорының суретін салуды сұрады. Бәріне "мұны жинау оңай, осылай жасайсың" деп жолдарын айтамын. "Жоқ, сен салып бер, сен талантсың" дейді. Тапсырыстар алып, біреудің суреттерін жинау дұрыс емес сияқты. Себебі бұл оңай нәрсе", - дейді ол. 

Бізбен сұхбат барысында Руслан танымал әнші Димаш Құдайбергеннің суретін салды. Мұны жасауға сегіз сағаттай уақыты кетіпті. 

Бүгінде Желіде осындай хоббиімен танылған Руслан Нұртазиннің арманы басқаша. "Шығармашыл адам ретінде емес, математик ретінде танылсам, - дейді. 

"Бала кезінде көбі президент боламын дейді, ал мен білім министрі болғым келеді. Бұл суреттер менің хоббиім сияқты. Бірақ кез келген жерде математиканы қолданып жүремін, қашан да көмектеседі. Мұны балаларға математиканы түсіндірудің бір әдісі деп те айтуға болады. Сабақ кезінде балалармен ойын ойнап, осындай суреттер көрсетіп, әзіл-видеолар түсіреміз. Мұның бәрі баланың сабаққа қатысуына септігін тигізеді", - деді ол.