ПОДЕЛИТЬСЯ
06 мая 2020 | 12:50
"4 адам қаза тапқан". Су тасқыны басталған Өзбекстанда не болып жатыр?
Өзбекстанда 1 мамырда болған жаңбыр мен дауылдан кейін Сырдария облысындағы Сардоба су қоймасы бөгеттерінің бірі жарылған. Артынша су Түркістан облысы Мақтаарал ауданының бірнеше ауылын басып тастаған болатын. Ал Өзбекстанда сол кезде 90 мыңға жуық адам үйсіз қалған. Tengrinews.kz тілшісі су тасқынына байланысты Өзбекстандағы жағдайға шолу жасады.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Өзбекстанда 1 мамырда болған жаңбыр мен дауылдан кейін Сырдария облысындағы Сардоба су қоймасы бөгеттерінің бірі жарылған. Артынша су Түркістан облысы Мақтаарал ауданының бірнеше ауылын басып тастаған болатын. Ал Өзбекстанда сол кезде 90 мыңға жуық адам үйсіз қалған. Tengrinews.kz тілшісі су тасқынына байланысты Өзбекстандағы жағдайға шолу жасады.
90 мың адам эвакуацияланған
1 мамырда таңғы 5:55-те жаңбыр мен дауылдан кейін Сырдария облысы Сардоба су қоймасы бөгеттерінің бірі жарылған. Нәтижесінде су Сардоба ауданының Кургантеп ауылына жеткен. Сондықтан елдің Төтенше жағдай министрлігі бірден ауыл тұрғындарын эвакуациялаған. Оларды су тасқынынан алыс жатқан "Бірлік" махаллясына жеткізген.
Кейін су Сырдария облысының Акалтын және Мирзаабад ауданындағы ауылдарға жете бастаған. Нәтижесінде бірнеше елді мекенді су басып, жолдар жабылып, ауыл шаруашылықтары бүлінген. Осыған байланысты Өзбекстанның 24 елді мекенінен 90 мыңға жуық адам эвакуацияланған.
© Өзбекстан президентінің баспасөз қызметі
Кейін елдің басқа да аймақтарынан үйсіз қалған отбасыларға көмек келе бастаған. Ең алғаш болып Ташкент тұрғындары бірнеше көлікпен Сырдария облысына гуманитарлық көмек жіберген. Жүкте киім, азық-түлік, балалар киімі мен аяқ киімдер, сондай-ақ, ойыншықтар мен кітаптар болған.
"Жылағым келеді" - Мақтаарал ауданына ерікті болып барған қыз
4 мамырда эвакуацияланған кей ауылдың тұрғындары үйіне қайта бастады. Ал кей аймақта су тасқынымен күрес әлі жалғасып жатыр. Бүгінде 53 мыңнан аса адам өз үйіне оралған немесе туыстарының үйіне көшіп кеткен.
Кеше зардап шеккен үйлерді жөндеуге Қорғаныс министрлігі де ат салысып жатқаны хабарланды. Дәлірек айтқанда, 300-ден аса әскери қызметкер мен 20 техника төтенше жағдай аймағына жіберілген. Олар ауылдарды тазартып, қабырғаларды қалпына келтіріп, қоқыстарды жинап, аман қалған құрылымдарды босатумен айналысады.
© Өзбекстан Қорғаныс министрлігі
Апаттан 4 адам қаза тапқан
Елдегі төтенше жағдайға байланысты 56 адам ауруханаға түскен. 4 мамырда тұрғындарды құтқару кезінде Ұлттық гвардия қызметкерінің қаза тапқаны белгілі болды.
Ұлттық гвардия баспасөз қызметінің мәліметінше, тұрғындарды эвакуациялауға ат салысқан екі қызметкерді су ағысы алып кеткен.
"Салдарынан сержант Хусниддин Зокирович Суяров қаза тапты. Өзбекстан Ұлттық гвардиясы қолбасшылығы мен жеке құрамы атынан қызметтік борышын адал атқарған сержант Суяровтың отбасы мүшелері мен туыстарына қайғырып көңіл айтамыз", - делінген басылымда.
Қаза тапқан Хусниддин Суяров. Фото: Өзбекстан ұлттық гвардиясы
Бүгінде ағыс алып кеткен екінші қызметкер әлі іздестіріліп жатыр.
Sputnik Өзбекстан мәліметі бойынша, табиғи апат кезінде төрт адам қаза тапқан.
"Бауырларымызға зиян келгеніне өкінеміз"
Сардоба су қоймасының бөгеті жарылып, су тасқыны Қазақстанның Мақтаарал ауданына жеткен күні Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев Қазақстан Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен телефон арқылы сөйлескен. Сол кезде екі ел басшылары табиғи апатпен бірлесіп күресуге келіскен.
Ал кеше Мирзиёев елдегі бейнежиналыс кезінде Сардобадағы төтенше жағдайға тоқталған.
"Осы аудандардағы адамдардың өмірі бұрынғы қалпына ғана келмей, одан әрі жақсаруы керек. Оларға жаңа тұрғын үй, әлеуметтік нысандар салып, жаңа жұмыс орындарын құруымыз қажет", - деді президент.
Сондай-ақ, Өзбекстан басшысы осындай қиын сәтте халықтың жұдырықтай жұмылғанын айтып мақтады.
"Теледидардан халқымыздың біріккенін, олар күн сайын, әр минут сайын мейірімділік, шыдамдылық, үлкен жомарттық танытып жатқанын көре аласыздар. Бұған Сырдария, Жизак және Ташкент облыстарының тұрғындары дәлел, олар Сардоба, Ақалтын, Мирзаабад аудандарынан эвакуацияланғандардың 81 пайызын өз үйіне паналатты", - деп атап өтті Мирзиёев.
Зардап шеккен отбасылармен кездесу. © Өзбекстан президентінің баспасөз қызметі
Сонымен қатар, ол су тасқынының Қазақстанға жеткеніне өкініш білдірді.
"Біз бауырлас қазақ халқымен ұзақ уақыт бойы көршіміз, бір өзеннен су ішіп, туыстар секілді жақынбыз. Біз әрдайым иық тіресіп, жарқын күндерде де, сынақ кезінде де бір-бірімізді қолдадық. Бұл күтпеген техногендік апат осынша қиындықтар тудырып, өз халқымызға ғана емес, сонымен қатар, көршілерімізге, ауылдары мен егіні зардап шеккен бауырларымызға зиян келтіргеніне өкінеміз", - деді Мирзиёев.
Өзбекстан президенті Қазақстанға табиғи апаттың салдарын жою үшін көмектесуге дайын екенін жеткізді.
Показать комментарии
Читайте также