ПОДЕЛИТЬСЯ
04 июня 2020 | 14:00
"Адамға көз арқылы да жұғады". Коронавирустың ерекше белгілері қандай?
Коронавирустың жиі кездесетін белгілері - дене қызуы, құрғақ жөтел және жиі шаршау. Таяуда ресейлік дәрігерлер коронавирустың көп адам біле бермейтін белгілерін анықтады. Tengrinews.kz тілшісі COVID-19-дың көп кездеспейтін белгілері туралы баяндайды.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Коронавирустың жиі кездесетін белгілері - дене қызуы, құрғақ жөтел және жиі шаршау. Таяуда ресейлік дәрігерлер коронавирустың көп адам біле бермейтін белгілерін анықтады. Tengrinews.kz тілшісі COVID-19-дың көп кездеспейтін белгілері туралы баяндайды.
Коронавирус теріге әсер етеді
Таяуда Ресей денсаулық сақтау министрлігі шетелдік және өз тәжірибесіне сүйеніп, коронавирустың алғашқы белгілерін атады. Құжат ведомствоның сайтында жарияланған.
Нұсқаулықта коронавирусқа тән бірқатар ерекше белгі сипатталған. Инфекцияның алғашқы ықтимал белгісі - терінің зақымдануы.
Ресейлік дәрігерлер атаған бұл белгіні бұған дейін Италия және Испанияның медициналық қызметкерлері байқаған.
Metro мәліметі бойынша, дәрігерлер осыған ұқсас жағдайларды талдап, осындай қорытындыға келген. Басылым COVID-19 пневмониясымен ауырған 13 жастағы италиялық тұрғынның мысалын келтіреді. Ол ауруханаға 8 наурызда өкшесіндегі бөртпеге байланысты түскен, бастапқыда дәрігерлер оны өрмекші шағып алды деп қателескен.
Екі күннен кейін баладан коронавирустың жалпы белгілері байқалған: дене қызуы, бұлшықет және бас ауруы, сондай-ақ, аяқтың қышуы. Нәтижесінде 29 наурызда өткізілген коронавирус сынағы оң нәтиже берген.
Фото: Spanish General Council of Official Podiatrist
Дәрігерлердің айтуынша, мұндай белгі көбіне балалар мен жасөспірімде байқалады екен.
"Көптеген адам COVID-19 теріге әсер ете ме деп сұрайды. Жауап - иә", - дейді Калифорния университетінің дерматология кафедрасының доценті Рэнди Джейкобс.
Сондықтан дәрігерлер аяғының бөртіп кеткенін байқаса, медициалық көмекке жүгінуге кеңес береді.
COVID-19 тұмау белгілерін үйреніп алған
Бұған дейін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирус бір қарағанда тұмауға ұқсауды үйреніп алғанын жазған еді. Express порталының мәліметінше, коронавирустың мұндай белгілерінде науқасты жөтел қысып, тыныс ала алмай, дене қызуы көтеріледі.
Алайда ең басында адамның жәй ғана мұрны бітеліп, тамағы мен басы ауырады. Сондықтан, көп адам мұны жәй ғана тұмау екен деп дәрігерлерге жүгінбей қалады екен.
Дәрігерлердің айтуынша, вирус әуе-тамшы жолымен тарағандықтан, адам мұрным бітеліп жүр деген науқастан да COVID-19 жұқтыруы ықтимал.
© Reuters
Тағы бір ерекше белгі - иіс жоғалтады
Жақында Гарвард университеті медициналық мектебінің зерттеушілері коронавирустың тағы бір ерекше белгісін тапқан, ол - иіс жоғалту.
Мұрын қуысындағы кейбір жасуша инфекцияға ағзаға ену үшін қажетті ақуыздарды вирустан жасыратыны белгілі болды. Ғалымдардың пікірінше, бұл жасушалардың вирус жұқтыруы COVID-19-дың таралуына және науқастың иіс жоғалтуына байланысты белгілердің пайда болуына әкеледі.
"Бұл науқастар бұрын COVID-19-дың тез таралуына ықпал еткен жасырын тасымалдаушылардың бірі болуы мүмкін. Өкінішке қарай, бұл науқастардың белгілері тестілеудің немесе оқшауланудың қазіргі өлшемдеріне сәйкес келмейді", - делінген ұлыбританиялық ринологтар қоғамының мәлімдемесінде.
Конъюнктивит пайда болуы мүмкін
Коронавирустың тағы бір ерекше белгісі - конъюнктивит. Америкалық офтальмология академиясы мамандарының айтуынша, коронавирустан конъюнктивиттің жеңіл түрі пайда болуы мүмкін - бұл аурудың шынайы вирус сипатын анықтау процесін қиындатады екен.
Дәрігерлердің айтуынша, бұл симптом вирустың шырышты қабығымен немесе конъюнктивиттік аэрозолімен байланысқан адамдарда байқалады. Яғни вирус адам ағзасына көзі арқылы енеді.
Нәтижесінде вирус жұқтырған адамның көздеріндегі қан тамырлары ұлғайып, қышып, ірің пайда болады, көзге жиі жас жиналады.
© Reuters
Вирус жұқтырғандардың жартысы диареямен келген
Сонымен қатар, коронавирустың тағы бір ерекше белгісі - диарея. Бұл симптом аурудың ерте сатысында байқалады. Биньчжоу медициналық университеті мен бірқатар зерттеу орталығының еңбегі American Journal of Gastroenterology журналында жарияланған.
Ухан ауруханаларындағы 204 науқасты зерттеу кезінде олардың 48,5 пайызы ас қорыту проблемаларына байланысты медициналық көмекке жүгінгені анықталған. Алайда оларда аурудың басқа белгілері болмаған.
Коронавирус тыныс алу жолдары мен өкпеге әсер ететіні белгілі, сондықтан көбіне ас қорыта алмай жүрген науқастар COVID-19 жұқтырдым деп ойламаған.
"Біздің бақылауымыз бойынша, COVID-19 табылған көптеген науқаста ауру тыныс алу белгілерінен емес, диареядан, анорексиядан және жүрек айнуынан басталады", - дейді зерттеушілер.
Показать комментарии
Читайте также