ПОДЕЛИТЬСЯ
12 мая 2021 | 14:36
Израиль мен Палестина қақтығысы неден басталды?
Кейінгі бірнеше күнде Израиль мен Палестина арасындағы қақтығыс адам шығынына әкеп соқты. Екі тарап бір-біріне жүздеген зымыран жіберген. Жағдай әлі де оңалмай тұр. Tengrinews.kz тілшісі Израиль мен Палестина арасындағы қақтығыс туралы баяндайды.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Кейінгі бірнеше күнде Израиль мен Палестина арасындағы қақтығыс адам шығынына әкеп соқты. Екі тарап бір-біріне жүздеген зымыран жіберген. Жағдай әлі де оңалмай тұр. Tengrinews.kz тілшісі Израиль мен Палестина арасындағы қақтығыс туралы баяндайды.
Қақтығыс неден басталды?
Израиль мен Палестина арасындағы қақтығыс қалай басталғанына тоқталайық. Израиль мұсылмандардың Иерусалимдегі Дамаск қақпасы алдында кешкі намаз оқуына тыйым салған. Сол кезде екі ел арасында қақтығыс туа бастады. Тағы бір жайт отқа май құйғандай болды - Израильде 10 мамырда палестиналық 28 отбасыны Шейх-Джаррах ауданынан шығару бойынша сот отырысы өтуі керек еді. Бұл палестиналықтардың ашуына тиді.
70 жылдан бері Шейх-Джаррахта көбіне палестиналықтар тұрады. Бірақ кейінгі жылдары бұл аумаққа еврейлер жиі қоныс аудара бастаған.
Міне, осы жайттың бәрі екі ел арасындағы қақтығысқа алып келді. Осындай алғашқы қақтығыс 7 мамырда кешке қарай болды. Израиль шекара қызметінің сарбаздары мен палестиналықтар Храм тауындағы Әл-Акс мешітінің маңында жанжалдасып, арты төбелеске ұласты.
Алма-кезек зымыранмен атқылады
10 мамырда қақтығысқа зымыран қосылды. Түні бойы зымыран атқылаған. Израиль қорғаныс әскері баспасөз қызметінің хабарына қарағанда, Газа секторынан 500-ден аса зымыран жіберілген. Бұған жауап ретінде Израиль тарапы Газа секторындағы палестиналық ислам қозғалысын (ХАМАС) нысанаға алып, 140-тан аса нысанға шабуыл жасаған.
Палестиналық БАҚ-тың мәліметінше, Израиль шабуылынан кейін 26 адам қаза тапқан, тағы 700-ге жуығы зардап шеккен. Ал Израильде бір адам қаза болғаны хабарланды.
Газа секторы шабуылдан кейін. © Reuters
11 мамырда кешқұрым ХАМАС Израильдің орталық аудандарын, астанасы Тель-Авивті нысанаға алды. Израильдіктер Газа секторынан ұшқан зымырынды әуеде жарып тастады. Осы шабуылдан кейін Израильде үш адам қаза болған, 70-тен астамы ауруханаға түскен.
Тель-Авивке зымыран жіберген сәт. © Reuters
Бұған жауап ретінде Израиль де шабуылдады. Елдің Қорғаныс әскерінің хабарына қарағанда, бұл жолы израильдік әскерилер Газа секторының халық арасында орналасқан қару-жарақ қоймасын нысанаға алған.
Израиль әскерилері Газа тұрғындарына зымыран қаупі туралы ескертіп, Израиль армиясы атқан нысандарға жақындамауға шақырғаны атап өтілді. Сөйтіп, зымыран мен артияллериялық снарядтармен атқылаған. Шабуыл Газа мен Дейр-әл-Балах қалаларына жасалды.
Газа секторы шабуылдан кейін. © Reuters
Израильдіктердің шабуылынан кейін Палестинада адам шығыны едәуір артты. 10 мамырдан бергі шабуылды ескерсек, елде 30 палестиналық, оның ішінде он бала қаза болған.
ХАМАС та жауапсыз қалмады. Олар Израильдің Беер-Шева қаласына 100 зымыран жіберген. Кейін Израиль Қорғаныс әскері ХАМАС нысандарына қайта шабуыл жасаған.
"Кейінгі бірнеше сағатта Израиль Қорғаныс әскері Газа секторындағы көптеген террористік нысан мен террористерді жойды", - делінген Қорғаныс әскерінің хабарламасында.
Осы шабуылдан кейін Газа секторында тағы бес палестиналық қаза құшқан. Ал Израиль Қорғаныс әскері баспасөз қызметінің айтуынша, қақтығыс басталғалы Газа секторынан Израильге мыңнан аса зымыран жіберілген. Содан бері елде 5 адам қаза болған. The Jerusalem Post мәліметінше, оның ішінде зымыран бір көліктің үстіне түсіп, 50 жастағы ер адам мен 16 жастағы қыз қаза тапқан.
Дүние жүзі бұл қақтығысқа не дейді?
Бұл қақтығыс Израиль мен Палестина арасындағы даудан халықаралық деңгейге көтерілді. Қазір көптеген елді, халықаралық ұйымдарды бұл жайт алаңдатып отыр. Кеше Ресей мен Түркия сыртқы істер министрлері бұл қақтығысты талқылады. Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Израильдің әрекетін террор деп бағалаған.
Түркия халқының Палестинаны қолдау үшін өткізген шеруі
Араб мемлекеттері лигасының бас хатшысы Ахмед Абу әл-Гейт те бұл қақтығысқа Израильді кінәлап отыр.
Ал АҚШ Газа секторынан ұшқан зымырандарға қатысты сын айтып, Израиль тарапын қолдады. Ақ үйдің баспасөз хатшысы Джен Псаки бұл қақтығысқа қатысты Вашингтон ұстанымын айтып, ел президенті Джозеф Байден Израиль қорғануға заңды құқылы деп санайтынын жеткізді.
Албаниялық Telegrafi агенттігінің мәліметінше, косоволық мұсылмандар көшбасшысы Наим Тернава Израильді тату көрші ел болуға шақырған.
Ирандық IRNA агенттігінің ақпаратына сүйенсек, Иран мемлекеті бұл қақтығысты Палестина қозғалысын жақтайды.
Мексика СІМ екі тарапты да соғысты тоқтатуға шақырған, әйтпесе, екі елде де адам шығыны ұлғая беретінін айтқан. Бұған дейін Палестина Израильді бейбіт келіссөзге шақырғаны хабарланған, бірақ әзірше бейбіт келіссөз болған жоқ.
Показать комментарии
Читайте также