ПОДЕЛИТЬСЯ
30 марта 2021 | 15:11
Қазақстан алдыратын қытайлық Sinovac вакцинасы туралы не белгілі?
Қазақстанға қытайлық Sinovac вакцинасының үш миллион дозасы жеткізіледі. Бұл туралы таяуда денсаулық сақтау министрі Алексей Цой айтты. Бұл вакцина туралы не белгілі? Tengrinews.kz тілшісі Sinovac әзірлеген CoronaVac вакцинасы туралы баяндайды.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Қазақстанға қытайлық Sinovac вакцинасының үш миллион дозасы жеткізіледі. Бұл туралы таяуда денсаулық сақтау министрі Алексей Цой айтты. Бұл вакцина туралы не белгілі? Tengrinews.kz тілшісі Sinovac әзірлеген CoronaVac вакцинасы туралы баяндайды.
Вакцинаны қандай компания әзірлеген?
Алдымен бұл вакцинаны әзірлеген Sinovac компаниясы туралы айтқан жөн болар. Sinovac Biotech - Қытайдың вакцина шығаратын ең ірі компаниясы. Ол 2001 жылы құрылған. Жылына 300-ден 500 миллион дозаға дейін өндіре алады.
Sinovac әлемнің 34 еліне вакцинаның 6 түрін шығарады. Атап айтқанда, ол А және В гепатитіне, тұмау мен паротит вирусына қарсы вакциналар.
CoronaVac-ты қытайлықтар Бразилиядағы Бутантан биомедициналық зерттеу институты және индонезиялық Biofarma компаниясымен бірге жасаған.
Бұл қандай вакцина?
BBC мәліметінше, CoronaVac вакцинасының негізгі компоненті - өміршең емес вирус бөлшектері. Яғни, препарат инактивтелген, түсінікті тілмен айқанда, өлтірілген SARS-CoV-2 негізінде жасалған. Вирустарды инактивациялау бұл вакцина әзірлеудің ең ескі және сенімді тәсілдерінің бірі саналады. Олар ауру қоздырмайды, бірақ иммунитет арттырады, антидене пайда болады. Бұл технология көптеген басқа вакцинаны өндіру үшін қолданылады.
Қытайлық вакцинаны тоңазытқышта -8 градус температурада сақтауға болады. Бұл да маңызды ақпарат саналады. Себебі кей елде вакцинаны жеткізу мен сақтауға арналған арнайы жабдықтар болмай жатады. Sinovac Biotech вакцинаны тұрақты күйде үш жылға дейін сақтауға болады деп отыр.
CoronaVac бұлшықет ішіне салынады. Толық иммунитет қалыптасуы үшін адам екі апта үзіліспен екі дозадан алуы керек.
Вакцина сынақтары қалай өткен?
Былтыр жазда бірнеше елде CoronaVac вакцинасы сынағының үшінші кезеңі өткен. Бразилияда бұл вакцина 13 мың еріктіге салынған.
Reuters мәліметінше, Бұл клинкалық сынақ қорытындысы бойынша препарат тиімділігі басында 78 пайыз деп хабарланған, ал биыл қаңтарда бразилиялықтар сынақты қайта қарап, тиімділі 50,4 пайыз екенін мәлім етті. Бірақ зерттеушілер сол кезде вакцина коронавирустың ауыр симптомдарының алдын алуда 100 пайыз тиімді екенін атап өткен.
Былтыр қарашада осы сынаққа қатысқан бір ерікті көз жұмғаны хабарланып, желіде қызу талқыланған. Бірақ Сан-Паулуда осы жобаға жауап беретін Бутантан институтының директоры Димас Ковас өлімнің вакцинаға байланысы жоқ екенін айтты.
Ал Түркияда өткен сынақтың нәтижесі жақсырақ. Бұл елде вакцина тиімділігі 83,5 пайыз көрсеткен. Түркиядағы сынақта да вакцина коронавирустың ауыр симптомдарының алдын алу бойынша 100 пайыз тиімді болған.
Украинада сынақ нәтижесі бойынша CoronaVac тиімділігі - 50 пайыз, Индонезияда - 65 пайыз.
Вакцина салдырғаннан кейін қандай жамана әсері болуы мүмкін?
Индонезиядағы сынақта қауіпті жанама әсерлері тіркелмеген. Ең жиі кездесетін жанама әсердің бірі - безгек, ол бірнеше күннен кейін өзі кетіп қалады екен.
Ең жиі болған жанама әсерлер:
- ине егілген жер ауырсынуы
- бас ауруы
- шаршау
- жөтел.
"Вакцина миллионға жуық адамға салынды, ал жанама әсерлер болған жоқ. Адамдарда тек жеңіл симптом болды", - дейді Sinovac өкілі Лю Цзинчжэн.
Вакцинаны қай елдер сатып алды?
Қытай былтыр жазда CoronaVac вакцинасын осал топтағы адамдарға қолдануға рұқсат берген. Әзербайжан, Бразилия, Чили, Сингапур, Малайзия мен Филиппин де бұл вакцинаны қолдану үшін келісімшарт жасасқан. Жалпы, алғанда тізімде 20-дан аса мемлекет бар. Әзірше бұл елдерде вакцинаны шұғыл жағдайларда қолдануға рұқсат берілген.
Қаңтарда Индонезияда коронавирусқа қарсы жаппай вакцинация басталды, бұл ел оған CoronaVac-ты қолданды.
Ал Түркияға препараттың 3 миллион дозасы жеткізілген. Қаңтарда Түркия президенті Режеп Ердоған Twitter желісіндегі парақшасында осы CoronaVac вакцинасының екі дозасын салдыртқан. Оның сөзінше, Қытайдан Түркияға вакцинаның тағы 25-30 миллион дозасы жеткізіледі.
25 наурызда Украинаға препараттың 200 мың дозасы жеткізілді. Бұл ел жалпы 1,9 миллион доза жеткізуге келісімшарт жасасқан. Украина вакцинаның бір дозасын 504 гривнаға (7 600 теңге) сатып алыпты. Бұл туралы ел президентінің сайтында жазылды.
РИА Новости ақпаратына сүйенсек, таяуда Қытай Sinovac компаниясының вакцинасын шұғыл жағдайларда ғана емес, халықтың барлық тобын жаппай вакцинацияға қолдануға рұқсат берген. Sinovac болса, таяуда бұл вакцинаның жылына 300 миллион дозасын әзірлей алатынын мәлім етті.
Показать комментарии
Читайте также