ПОДЕЛИТЬСЯ
26 марта 2020 | 14:29
Қол кептіргіш коронавирустан сақтай ма? Жаңсақ пікірлер топтамасы
Коронавирустың әлемді шарпуы түрлі жаңсақ пікірлердің тууына себеп болды. Бүгінде вирус туралы тараған жалған ақпарат жетерлік. "Коронавирус масалар арқылы да тарайды", "қолды кептірсең, вирустан айығасың" деген секілді пікірлер бар. Tengrinews.kz тілшісі коронавирус туралы тараған жаңсақ пікірлерді теріп шықты.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Коронавирустың әлемді шарпуы түрлі жаңсақ пікірлердің тууына себеп болды. Бүгінде вирус туралы тараған жалған ақпарат жетерлік. "Коронавирус масалар арқылы да тарайды", "қолды кептірсең, вирустан айығасың" деген секілді пікірлер бар. Tengrinews.kz тілшісі коронавирус туралы тараған жаңсақ пікірлерді теріп шықты.
Коронавирус күн жылынуымен тарайды
Бүгінге дейін коронавирус күннің жылынуымен тарайды деген болжам болған. Бірақ италиялық дәрігерлер мұның қате пікір екенін мәлімдеді.
Вирусолог Роберто Буриони климаттың коронавирустың таралуына еш әсер етпейтінін айтады. Оның айтуынша, коронавируспен күресу үшін кейбір елдердегідей шектеу шараларын қолдану керек. Бірақ, дәрігер күн жылығанда респираторлық аурулардың аса тарала бермейтінін айтып өтті.
© Reuters
Милан университетінің ғалымдары да Ухан, Ломбардия және Венето қалаларында коронавирус жұқтырғандардың санына салыстыра отырып, ол қалаларда вирустың көптеп таралуына қандай да бір климаттық жағдайдың себепші болғанын анықтай алмады.
Вирустың ауыр формасы тек қарттарда болады
Коронавирустың ауыр формасы тек егде адамдарда ғана болады деген де - жаңсақ пікір. Мұндай мәлімдемені Ломбардия ауруханасы интенсив терапия бөлімінің басшысы Антони Песенти жасады.
Дәрігердің сөзінше, бөлімшеде ауыр жағдайдағы науқастардың жартысы 65 жасқа жетпеген.
"Бізде 20 және 30 жастағы науқастар бар, олардың саны өте көп және олар қарттар сияқты ауыр жағдайда жатыр", - деді ол.
Песентидің айтуынша, жас және егде науқастардың жалғыз айырмашылығы - "жастардың әдетте денсаулығы жақсырақ, сондықтан олардың өмір сүру ықтималдығы жоғары".
Деміңді 10-15 секунд ұстасаң, коронавирусқа тексерілуге болады
Деміңді 10-15 секунд ұстау арқылы коронавирусқа тексерілуге болады деген де пікір қалыптасқан. Егер 15 секундтан соң бойыңда қолайсыздық болмаса, адам сау деген сөз. Бірақ ресейлік маман мұның жалған екенін айтты.
Подмосковьедегі денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас маманы Ирина Шилкина бұл әдіспен коронавирустың бар-жоғын тексеру мүмкін емес екенін мәлімдеді.
"Бұл өтірік, себебі бізде өкпенің созылмалы ауруларымен, атап айтқанда созылмалы обструктив өкпе ауруы, эмфиземамен ауыратын адамдар бар. Олар бұл процедурадан мүлде өте алмайды. Әрине, олар коронавирус жұқтырмағандар. Бұл - бос сөз", - деді Шилкина.
© Reuters
Қол кептіргіш коронавирустан емдейді
Ел арасында коронавирустан айығудың тағы бір "халық емі" тараған. Бұл пікірге сүйенсек, вирусты жою үшін қолды кептіргіштің ыстық ауасы астында 30 секунд ұстап тұру керек екен. Сол кезде қолдағы бактериялар өліп, артынша коронавирус та жойылады деген пікір бар.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ресми сайтында бұл "емнің" дұрыс емес екені жазылған.
"Аурудан өзіңізді қорғау үшін қолыңызды сабынмен мүмкіндігінше жиі жуып немесе спирт қосылған майлықтармен сүртуіңіз керек. Ыстық ауа ағыны - қолыңызды құрғатудың тәсілі ғана, бірақ ол бактерияларды жоймайды", - делінген сайтта.
Коронавирус масалар арқылы да тарайды
Коронавирустың жаңа түрі масалар арқылы да тарайды деген пікір қалыптасқан. Яғни, адам маса шағуымен вирус жұқтыруы мүмкін. Бірақ БҰҰ-ның әлеумет саласындағы қоры мұның жаңсақ пікір екенін мәлімдеді.
"Жаңа коронавирус - респираторлық вирус, ол ауа тамшыларымен тарайды, яғни, ол науқас жөтелген немесе түшкірген кезде ауыздан шыққан тамшы, сікелей арқылы жұғады", - делінген мәлімдемеде.
Сондықтан қордың хабарлауынша, маса шағуымен вирус жұқпайды.
"Қазіргі уақытта 2019-nCoV вирусының маса шағуымен жұғу мүмкіндігі туралы ақпарат жоқ. Инфекциядан сақтану үшін жөтелген немесе қызуы көтерілген адамдардан алшақ болуы керек", - делінген қор хабарламасында.
Показать комментарии
Читайте также