30 апреля 2021 14:56

Қырғыз-тәжік шекарасында не болып жатыр?

Қырғыз-тәжік шекарасында зардап шеккендер. © Sputnik Тәжікстан

Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасындағы қақтығыстан 10-нан аса адам көз жұмды. Кеше атыс тоқтатылғаны туралы хабар шыққан, алайда екі тарап кейін қақтығысты қайта жалғастырды. Tengrinews.kz тілшісі екі ел арасындағы қақтығыс неден туғанын, оқиға қалай өрбігенін баяндайды.

ПОДЕЛИТЬСЯ

Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасындағы қақтығыстан 10-нан аса адам көз жұмды. Кеше атыс тоқтатылғаны туралы хабар шыққан, алайда екі тарап кейін қақтығысты қайта жалғастырды. Tengrinews.kz тілшісі екі ел арасындағы қақтығыс неден туғанын, оқиға қалай өрбігенін баяндайды.

Атыс неден басталды?

28 сәуірде қырғыз-тәжік шекарасында жанжал басталған. Кей мәліметке сүйенсек, қақтығысқа кешкі уақытта тәжікстандықтар Қырғызстанның Кок-Таш аулына жақын жердегі бағанаға бейнебақылау камерасын қоймақ болғаны себеп. Жергілікті тұрғындар құрылғыны алып тастауды талап етіп, сөзге келіспей қалған. Артынша олар бір-біріне тас лақтыра бастаған.

Реклама
Реклама

Ал кеше, 29 сәуірде шекарадағы жағдай өрши түсті: Қырғызстан Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің Шекара қызметінің мәліметінше, екі ел арасында атыс басталған.

Комитет өкілдерінің сөзінше, жағдайдың ушыға түсуіне Тәжікстан азаматтарының қырғызстандықтар мен олардың үйіне тас лақтыруы себеп болған. Артынша тәжіктер Қырғызстан азаматтарының көлігін аң аулауға арналған қарумен атқылай бастаған. Бірінші күнгі қақтығыс кезінде Бәткен ауданының отыз жастағы тұрғынының көзі жарақаттанған. Одан бөлек, облыстық аурухана мамандары түрлі жарақат алған 4 адам ауруханаға жеткізілгенін хабарлады.

Көп ұзамай Бішкектегі үкімет үйінің алдына жүзге жуық адам жиналып, митингіге шықты. Олардың қойған басты талабы - ел президенті Садыр Жапаров және Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің төрағасы Қамшыбек Тәшиевтің Бәткен облысына барып, жағдайды реттеуі. Ал комитет өкілдерінің сөзінше, Тәшиев шетелге ем алуға кеткен.

Жанжалды бірінші кім бастаған?

Жанжалды қай ел бастағаны белгісіз, екі жақ екі түрлі ақпар айтады. Бастапқыда қырғыз елінің өкілдері Тәжікстан тарапы жанжалды бірінші бастады деп айыптады.  Ал тәжікстандықтар қырғыз тарапы 29 сәуірде су тарату пунктіндегі әскерлер тәжік шекарашыларына оқ атып бастағанын мәлімдеді.

"Оқиға қырғыз тарапы соңғы күндері Тәжікстанмен бұрын келісілген екіжақты келісімнің шарттарын өз бетінше бұзғаннан кейін және "Бас" су тарату пунктін басып алуды жоспарлағаннан кейін басталды", - деп мәлімдеді Тәжікстан өкілдері.


Қырғызстанда "Достық" заставасында шыққан өрт. © akipress.org 

Ал Қырғызстанның ҰҚК Шекара қызметі жағдайды ушықтырған тәжік тарапы екенін айтты. Одан бөлек, қырғыз тарапы бейбіт тұрғындар жараланғандықтан оған Тәжікстан жауап беретін мәлімдеді.

Көп ұзамай қырғыз елінің президенті Садыр Жапаров жанжалға қатысты мәлімдеме жасады. Ол тұрғындардан екі ел арасында дұшпандық пен алауыздықты қоздырмауды сұрады.

"Қырғызстанның барлық тұрғынын, ең алдымен саяси күштер мен бұқаралық ақпарат құралдарын сабыр сақтауға, арандатуға жол бермеуді, өшпенділік пен алауыздықты қоздырмауды сұраймын", - деп жазды Жапаров Facebook желісіндегі парақшасында.

Қақтығыс тағы бір ауданда басталған

24.kg мәліметінше, кеше кешке жақын Қырғызстандағы Лейлек ауданында да қырғыз-тәжік қақтығысы басталған. Бәткен облысының өкілетті өкілі Омурбек Суваналиевтің айтуынша, кеше 19:00-ге таман Кулунду мен Мақсат ауылдарында да атыс басталған. Көк-Таш пен Самаркандек аулынан тәжік тікұшақтары ұшып өтіпті.

Тәжікстандағы қала мэрі зардап шекті

Sputnik Тәжікстан мәліметінше, Тәжікстанда Қырғызстанмен шекаралас орналасқан Исфара қаласының мэрі Баховаддин Баходурзода қақтығыс кезінде жарақат алған.  

Баходурзоданың арқасына оқ тиген. 

"Оның жағдайы тұрақты, уайымдауға себеп жоқ", - деді дереккөз.


Исфара мэрі Баховаддин Баходурзода. © Мэрия баспасөз қызметі

Мэрдің бауыры, Худжа ауруханасының бас дәрігері Фирдаус Турахоновтың айтуынша, оқ Исфара басшысының иығына тиіпті.

Атысты тоқтатуға келісім ұзаққа созылмады

Кеше Қырғызстан мен Тәжікстанның сыртқы істер министрлері Руслан Қазақбаев пен Сироджиддин Мухриддин бейсенбіде кешкі 20:00-ден бастап атысты тоқтатып, әскерді қақтығыс орнынан алып кетуге келіскен.

Министрлер бұл жағдайды саяси және дипломатиялық келіссөздер арқылы бейбіт жолмен шешу қажет екенін атап өткен.

Сонымен қатар, екі жақта алдағы бірнеше сағатта тараптардың жергілікті басқару органдары өкілдерімен бірге құқық қорғау және қауіпсіздік органдары басшыларының жеке кездесуін өткізуге келісті, онда жағдайды реттеудің қосымша мәліметтері талқыланады деп айтылған.

Бірақ бұл келісім ұзаққа созылмады. Sputnik Қырғызстан мәліметінше, екі ел шекарасындағы атыс қайта жалғасқан. Бәткен облыстық полиция департаменті басылымға Лейлек ауданында қырғыз бен тәжік әскері арасындағы атыс жалғасып жатқанын айтқан.

"Арқа, Достық және Жаштық ауылдарында атыс болып жатыр. Мақсат аулында қырғызстандықтардың үйлері өртенді. Жергілікті тұрғындар Маргун, Дархун және Даргас ауылдарына көшірілді", - деді Бәткен облыстық Ішкі істер басқармасындағылар.

Қытай не дейді?

РИА Новости мәліметінше, Қытай СІМ ресми өкілі Ван Вэньбинь қырғыз-тәжік шекарасындағы қақтығысқа қатысты пікір білдірген. Оның айтуынша, Қытай Қырғызстан мен Тәжікстан қақтығысты дұрыс шешеді деп үміттенеді. 

"Қытай тарапы тиісті хабарламаларға назар аударды, біздің білуімізше, тараптар  атысты тоқтату туралы келісімге келді", - деді дипломат.

Ол Қырғызстан да, Тәжікстан да Қытайдың достық қарым-қатынастағы көршісі және жан-жақты стратегиялық серіктестері екенін атап өтті.

"Біз тараптар қайшылықтар мен келіспеушіліктерді өзара құрмет пен достық консультациялар негізінде, сондай-ақ аймақтағы бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау бойынша бірлескен күш-жігердің негізінде дұрыс шеше алатынына үмітіміз бен сенімімізді білдіреміз", - деді дипломат.

Қаза тапқандар саны артты

29 сәуірде сағат 18:47 шамасында (Нұр-Сұлтан уақыты бойынша) шекарадағы қақтығыс кезінде қырғызстандық азамат қаза тапқаны және 17 адам зардап шеккені туралы хабарланды. Артынша, тағы бір адам қайтыс болғаны мәлім етілді.

Кейін осы атыс салдыранан 12 жастағы қыз қаза тапқаны белгілі болды. Қырғызстан Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, қаза болғандардың бірі бірі - 2008 жылы туған қыз. "Ол ауруханаға бара жатқан жолда қайтыс болды", - деді ведомстводағылар.


© akipress.org

Бүгін таңғы 7:50-дегі ақпарға сүйенсек, осы қақтығыстан қаза болған қырғызстандықтар саны 13-ке жеткен.

Қырғызстан Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, зардап шеккендер саны 134-ке жеткен.

"Зардап шеккен 25 адам арнайы ұшақпен Бәткеннен Бішкекке жеткізіліп, Бішкек травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу орталығы, Ұлттық госпиталь және Ұлттық хирургиялық орталық бөлімшесіне жатқызылды. Зардап шеккендердің екеуінің жағдайы ауыр деп бағаланады, қалғандары орташа және қанағаттанарлық ауырлық дәрежесінде", - деді министрлік өкілдері.

БАҚ-тағы соңғы мәліметтерге сүйенсек, Тәжікстанның үш азаматы қайтыс болып, 31 адам зардап шеккен.

Показать комментарии
Читайте также
Реклама
Реклама
Join Telegram