Подписывайтесь на канал Tengrinews.kz в WhatsApp
31 декабря 2019 15:17

"Қазақтар сияқты үй аралап, құттықтамайды". Бельгиялықтар Жаңа жылды қалай тойлайды?

ПОДЕЛИТЬСЯ

© travel.biruni.kz © travel.biruni.kz

Ақмарал Амерқұлованың Бельгияда тұрып жатқанына 20 жылдан асқан. Тараздың тумасы қазір сонда мәдени орталықты басқарып, Бельгиядағы қазақтардың басын қосып жүр. Ақмарал Tengrinews.kz тілшісіне берген сұхбатында бельгиялықтардың Жаңа жылды қалай қарсы алатынын айтып, Бельгиядағы өмірін баяндады.  


Ақмарал Амерқұлованың Бельгияда тұрып жатқанына 20 жылдан асқан. Тараздың тумасы қазір сонда мәдени орталықты басқарып, Бельгиядағы қазақтардың басын қосып жүр. Ақмарал Tengrinews.kz тілшісіне берген сұхбатында бельгиялықтардың Жаңа жылды қалай қарсы алатынын айтып, Бельгиядағы өмірін баяндады.  

"Ертеңгісін шыршаны далаға шығарып тастайды"

Амерқұлованың сөзінше, бельгиялықтар Жаңа жылдан көрі Рождествоға көбірек көңіл бөледі екен. 

"Бельгиялықтар Жаңа Жылды онша атап өтпейді, олар Рождествоны қатты тойлайды, өйткені онда Құдайға сенушілер көп. 25 желтоқсанға қараған түні олар отбасымен Рождествоны күтеді. Қазақстандағыдай үй аралап, құттықтау деген жоқ. Өздерінің орталарында тыныш қана атап өтеді", - дейді Ақмарал. 


Фото supergod.ru сайтынан

Оның айтуынша, бельгиялықтардың табиғатқа құрметпен қарайды, сол үшін шыршаны түбінен кесіп алмайды. 

"Мейрамды атап өткен соң, ертеңгісін шыршаны далаға шығарып тастайды. Ол шырша да тамырымен алынған, отырғызылған құмырасымен сатылады. Келесі күні арнайы адамдар келіп, шыршаны жинайды да, оны қайта апарып жерге отырғызады. Шырша келесі жылға дейін өлмей, орманда өсіп тұра береді", - дейді ол. 

Еуропаға неге қоныс аударған?

Ақмарал Амерқұлова Таразда дүниеге келіп, 10 жасынан бері Алматыда әжесінің қолында өскен. Оңтүстік астанада Абай атандағы Педагогикалық университеттің психология факультетін тәмамдаған. 

"Университет қабырғасында шет тілден олимпиадаларға қатысып жүріп жолдасымен таныстым. Жолдасым шетелдік болғандықтан, ол Еуропаға жұмыстарымен жиі іссапарға кетіп жүрді. Кейіннен бала-шағамен Еуропаға қоныс аударуға тура келді. Міне, Бельгияда тұрып жатқаныма 20 жылдан асты", - дейді Ақмарал. 

Арада біршама уақыт өткен соң Ақмарал Амерқұлова Бельгияға үйренген.

"Әрине, мұнда бірден бейімделіп кету оңай болған жоқ, сонда да мен өзіме осы халықтың арасынан орнымды таптым десем болады. Қазір екі қызым бар. 26 жаста қызым Салтанат - болашақ дипломат, Нұр-Сұлтанда Бельгия елшілігінде және Бельгиядағы Қазақстан елшілігінде жұмыс істеп, тәжірибесін арттырды. 15 жаста Айша деген қызым бар, ол - мектеп оқушысы. Шет елдегі қазақтардың басын жинап, Қазақстанды ұмытпау үшін шаралар жасап тұрамын. Әрине, алдымен өз балаларымнан бастап үйретуім керек. Сондықтан үйде тәрбиені де, тілді де қазақша беруге тырысамыз", - дейді бельгиялық қазақ. 

"Бельгиялықтар біздің менталитетке таңғалып қарайды"

Амерқұлова Қазақстанға жиі барып тұратынын айтады.

"Қазақстанда мені екі-үш жылда Дүниежүзі қазақтарының басын біріктіріп тұратын саммиттерге шақырып тұрады. Шет елде тұрсам да Қазақстанды ойлап жүремін, елде болып жатқан соңғы жаңалықтарды қарап, оқып тұрамыз. Осындағы қазақтармен араласып тұрамыз, дәстүріміз бойынша қонаққа барып, қал-жағдайымызды сұрасып тұрамыз. Өз арамызда ұлттық мейрамдарымызды атап өтеміз және кейде елшілікпен қосылып тойлаймыз", - дейді ол.

Ақмарал Бельгиядағы қазақтардың басын қосу үшін арнайы қауымдастық та ашқан. 

"Бельгияда мәдени орталықты басқарамын. Одан бөлек қазақтар болып өзіміз құрған "Шаңырақ" атты қауымдастықты Бельгия өкіметіне ресми түрде тіркеп, төрайымы болып қызмет атқарамын. Ал басты мамандығым - қолөнер кәсіпкері, асыл тастармен жұмыс істеймін", - дейді ол.

Оның айтуынша, Бельгия Қазақстанға мүлде ұқсамайды.

"Олар біздің менталитетке таңғалып қарайды. Бельгиялықтарда біздегідей туған-туысқанның араласуы, қонақжайлық, ата-ананың парызы деген ұғым жоқ. Бельгиялықтар - жабық халық, әрі кеткенде өз немерелерімен анда-санда кездесіп тұрады. Біздердегідей жүздеген туысы жоқ. Сонымен қатар, 18 жасқа толған балаларына өз бетімен өмір сүруге рұқсат беріп, бәрін өз қолына тапсырады. Бізде әдетте бала ер жетіп, үйленгенде де ата-анасымен тұра береді. Осы секілді біздің ұлтымыздың түсінігіне сай келмейтін жағдайлар бар", - дейді Ақмарал.

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 444.26   490.7   4.83 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети