ПОДЕЛИТЬСЯ
30 декабря 2019 | 09:48
"Банк те ақымақ емес. Ол да пайда тапқысы келеді" - Ипотека алудағы лайфхактар
Қаржы сауаты - қазіргі таңда бірден-бір керек білім. Tengrinews.kz тілшісі осы салада оқырмандарына көмектесіп жүрген блогер Дәулет Төлеутайұлынан қазақстандықтардың баспана алуда жиі жіберетін қателерін, көбі біле бермейтін жайттар мен ақша үнемдеу жолдарын сұрап білді.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Қаржы сауаты - қазіргі таңда бірден-бір керек білім. Tengrinews.kz тілшісі осы салада оқырмандарына көмектесіп жүрген блогер Дәулет Төлеутайұлынан қазақстандықтардың баспана алуда жиі жіберетін қателерін, көбі біле бермейтін жайттар мен ақша үнемдеу жолдарын сұрап білді.
"Басты қате - асығу"Дәулет Төлеутайұлының айтуынша, баспана алуда қазақстандықтардың басты қатесі - асығыстық.
"Біз барлығы тез болғанын қалаймыз. Қызбалықпен үй аламын деп бірден жарна салып, үй беремін деп жоқ болып кететін небір компанияларға жолығамыз. Кейде арты бір желі маркетингі немесе пирамида болып шығады. Алаяқтар адамның жанды жерін пайдаланады, "тезірек үйлі боласың" деп алдайды. Қаншама адам сан соғып қалды. Сондықтан үй аларда асықпай, барлығын саралап, нарықты зерттеп, жинаған ақшаңызға сай нұсқаларды қарастыру қажет", - дейді ол.
"Үй аларда он екі банкті асықпай зерттегенмін"Екінші қате - үй алар кезде қосылатын үстемақы, пайызы екен.
"Кей банктер 10 миллионға үй алсаңыз, үсіне 6-7, тіпті 10 миллион қосып жіберетін. Өзім үнемі айтатын Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде 10 миллионды үш жыл жинап, бағалау көрсеткішін 16-ға жеткізсеңіз, осы сомаға бар-жоғы 800 мың теңге қосылады. Мен өзім үй алар кезде бір емес, он екі банкті асықпай зерттеп, қарап шыққанмын. Міндетті түрде банктің қосатын үстемақысын есептеу керек", - дейді блогер.
Бағалау көрсеткіші дегеніміз - ай сайын салатын ақша тәртібі. Дәулет Төлеутайұлының айтуынша, бізде адамдар ақша салып отыруды ұмытып кетеді. Салдарынан, пайызы жоғарылайды.
"Бізде ақшаны тұрақты, ай сайын толтырып отырмайды, есіне түскенде салады. Банк те ақымақ емес. Ол да пайда тапқысы келеді. Біресе салып, біресе салмай жүрсеңіз, пайыз да жоғары болады. Барлығы бағалау көрсеткішіне тіреледі", - дейді ол.
Мысалы, бір адам 6,5 миллион теңге жинап, 13 миллионға ипотекаға үй алған. Сөйтсе, банк жиналған сомаға 6,5 миллионды қоспайды екен. Ипотеканы 13 миллион теңге деп есептеп, пайызын соған қосады екен.
Бұл жағдайда блогер ақшаны үш жылдан артық жинап, бағалау көрсеткіші 16-ға жетіп жатса, 13 миллионға банк пайыз есептемейтінін айтты.
"Үш жылда 13 миллионның жоқ дегенде 50 пайызын жинап, бағалау көрсеткішін 16-ға жеткізген жағдайда, банк 1 миллион 37 мың теңге үстемақы қосады. Түсініспеушіліктердің көбі қаржы сауатының жоғынан. Банк менеджерлері түсіндіруі де мүмкін, "иә, түсіндік" дегенімен бәрібір соңында дұрыс жасамаймыз", - дейді Дәулет Төлеутайұлы.
Баспана алуда қандай заңды қулықтарнемесе лайфхактар бар?
Блогердің айтуынша, риэлтор, нотариустан ақша үнемдеуге болады. Сонымен қатар, комиссияларды да қарау керек екен.
"Бүгінде сақтандыру, жылжымайтын мүлікті бағалау компаниялары көп. Мысалы, үйімнің құнын анықтау үшін бағалаушыларға хабарласқанымда, бірі он мың, екіншісі тоғыз мың сұрады. Сайып келгенде 6 мың теңгеге таптым. Сондықтан әрдайым іздену керек", - дейді ол.
Дәулет Төлеутайұлының айтуынша, Салық кодексінде ипотекаға берілетін үйлерге нотариуста 4 АЕК қана төлеу керек деген заң бар.
"Үйді ипотекаға алғыңыз келсе, сатып алу-сату басталғанда нотариусқа міндетті түрде АЕК төлейсіз. ТҮҚЖБ-мен екі үй алдым, бірінде сатып алу-сатуға 30 300 теңгедей, ал екіншісінде 10 100 ғана төледім. Біріншісінде ондай заңның бар екенін білмедім", - дейді блогер.
Үйді сақтандырудың да жолдарын дұрыстап қарау керек. Оның пайдасы мен зиянын жан-жақты зерттеген дұрыс, дейді Дәулет Төлеутайұлы. Баспана сатып аларда риэлторларға да жүгініп жатамыз. Бірақ мұнда да өзің ізденіп, ақша үнемдеуге болады.
"Айлық - 200 мың, қашан баспаналы боламын?"Бір отбасының айлығы 200 мың теңге делік. Блогер осы ақшаны қалай жинау керек екенін және қанша уақытта үйлі болатынын түсіндіріп берді.
"Мың қадамның жолы бір қадамнан басталады. Ақшаны жинағанда ең алдымен адамның ниеті мен үйлі боламын деген мақсаты айқын болуы керек. Мына жағдайда, Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларында үй алғысы келсе, жоқ дегенде 45 мыңанан әйелі мен күйеуі жинақтауы керек. Неге десеңіз, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен екі жақтан отбасылық пакет алса, мемлекеттен сыйақы алады. Оған қоса, банктің 2 пайыз жылдық мөлшерлемесі бар", - дейді блогер.
Мемлекет тарапынан 500 АЕК-нің 20 пайызы жыл соңында сыйақы ретінде беріледі.
"Мысалы, 2019 жылдың басынан немесе желтоқсан айының соңына дейін банкке 505 мың салып үлгерсеңіз, ақпанда 101 мың теңге сыйақы аласыз. Мұның өзі ақша жинауда көмек. Біз 10-20 жыл ипотека төлеуден қорықпаймыз, бірақ алғашқы 3-4 жыл ақша жинағымыз келмейді. Жалпы 200 мың теңге жалақымен орта есеппен 3-4 жылда үй алуға болады", - дейді Дәулет Төлеутайұлы.
Оқи отырыңыз:Ипотека бағдарламалары: Несиені есептеу калькуляторы
Мембағдарлама арқылы баспана алу үшін жалақы қанша болуы керек?
Қазіргі ипотека бағдарламалары: Алғашқы жарна мен пайызды есептеу
Показать комментарии
Читайте также